Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаладан қуамыз десе, қуа берсін: Астаналық қаңғыбас елордада маңызды шаралар болғанда қалай қуғынға ұшырайтынын айтты

Астанада маңызды шара болады, я болмаса сыйлы қонақтар келеді десе, мұндағы қаңғыбастардың мазасы қашады. Былтыр Экспо халықаралық көрмесі кезінде оларды қаладан қоқыс құсап шығарып тастаған еді. Биыл Елорданың 20 жылдығы қарсаңында үй-күйсіз жүргендерді тағы бір белгісіз бағытқа саяхат күтіп тұр ма?

Қаладан қуамыз десе, қуа берсін: Астаналық қаңғыбас елордада маңызды шаралар болғанда қалай қуғынға ұшырайтынын айтты

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Астанада үй-күйсіз жүрген адамдарды табу қиын емес. Оң жаңалаудағы тұрғын үйлердің маңында Ербол мен Татьяна ашық аспан астында өмір сүріп жатыр. Ұрлық жасамайды, балаларға тиіспейді. Қоқыстан тапқан дүниелер бар болса, соны өткізіп, шәйін, нан-пұлын алып жатқан жайы бар.

Ербол мен Татьянаның бұл күнге дейінгі бастан кешкендері драма мен триллерге толы фильм бе дерсің. Қаңғыбас тірлік, мереке сайын қамау. Соңғы рет оларды Балаларды қорғау күні қарсаңында базар маңындағы оңалту орталығына апарып тығыпты. Айтуларынша, онда адам төзгісіз жағдайда болыпты. Тіпті, үш күн бойы тамақ бермей ұстады дейді.

«Үш күн бойы бізді сонда ұстады. Екеуіміздің де ауруымыз басымыздан асады. Ол да, мен де жетімдер үйінің түлегіміз. Баспана тұрмақ, құжаттарымызды қайта қалпына келтіре алмай жүрміз. Адам құсап жұмысқа кірейін десең де жолатпайды» – дейді Татьяна Ким.

Бұл жұптың кезбе атанғанына 10 жылға жуықтаған. Кей адамдар тепкінің астына алса, жаны ашитын мейірімді жандар бей-жай қарамай, қол ұшын созады екен.

«Айналадағы тұрғындар нан, тамақ әкеп береді қолдан келгенше. Олар менің мүгедек екенімді біледі. Осы жердің күзетшілері маған ешкім тиіспесін деп қарап жүреді. Жақында жасым елуге келеді. Ештеңеден қорықпайтын болдық. Қаладан қуамыз десе, қуа берсін» – дейді Ербол Айымбетов.

Бұл екеуін үй-күйсіз демесең, айналасын шашып, елдің мазасын алмайды. Сондықтан, көрші-қолаң оларды қоғамнан аластата бермей, бұл проблемаға басқа қырынан қарау керек шығар деген пікірде.

Ал әлеуметтанушы мамандар болса, бұл мәселені біржақты шешу үшін жауапты органдар қағаз күйінде есеп беруді қойып, нақты іске кіріскенде ғана нәтиже болады дейді. Әйтпесе бәрі бекер екенін ашық айтып отыр.

«Әрбір мемлекеттік орган, мекеме басқа мекемелермен байланыста болуы керек. Бұл жерде ондай байланысты көріп тұрған жоқпыз. Сондықтан өздерінің бір шешімдерін қабылдап, қатігездік сияқты әдіс тәсілдерді қолданып жатыр. Ол әрине дұрыс емес» – дейді әлеуметтанушы Айдар Хамит.

Астананың 20 жылдығы қарсаңында қоғамдық тәртіптің қалай сақталатыны жайында ақпарат берген Ішкі істер министрлігі өкілдері болса, өткен жылы қаңғыбастарды қаладан қуды деген алыпқашпа әңгіме деп сендіріп бақты. Биыл да оларға қол тигізетін ойлары жоқ екен.

«Астанада арнайы оңалту орталығы бар. Егер адамның нақты тұрғылықты жері мен құжаты болмаса, оны аталған орталыққа жеткізеді. Себебі, оның кім екенін анықтау қажет. Әлі есімде, ЭКСПО кезінде қаңғыбастарды басқа жаққа көшіруге қатысты алыпқашпа әңгіме көп болған. Астана күнін тойлау кезінде ондай шаралар болмайды. Ұшақпен де, пойызбен де ешкімді көшірмейміз» – дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха.

Құжатын түгендеп, заңды үйімізге қол жеткізсек деген үміт Ербол мен Татьянада да бар. Бірақ, олардың мақсатының орындалуы екіталай екені түсінікті. Бұл жайтпен екеуі де көндіккен сыңайлы.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау