Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күнделікті ауқаттанып жүрген бұл 10 тағам балаңыздың өміріне қауіпті

Сарапшы не себепті кішкентай балаларға қуырылған картоп, майонез, саңырауқұлақ пен қақталған шұжық беруге болмайтынын айтты.

zachat01

Көптеген ата-ана бала бір жасқа тола салысымен көппен бірге бір үстелге отырғызуға болады деп санайды. Яғни отбасының ересек мүшелері ауқаттанатын тағамды сәбиге де бере бастайды. Алайда балалар дәрігері мұның үлкен қателік екенін ескертеді.

«Егер бала отбасы мүшелерімен бір үстелде тамақтантын болса, онда барлығының да пайдалы тағамдармен ауқаттанып, дұрыс тамақтану қағидаларын ұстану керектігін ата-аналар ұмытып жатады. Егер ортақ үстелде қуырылған картоп, майонез сынды тағамдар болса, мұндай үстелге бір жасар, тіпті бес жасар баланы да жуытпағаныңыз жөн», – дейді ФМБҒМ «Тағамтану мен биотехнология федералды зерттеу орталығы» емдік тағамтану клиникасының аға ғылыми қызметкері, медицина ғылымдарының кандидаты Елена Павловская.

Сонымен, балаларға қандай тағамдар беруге болмайды?

Қуырылған тағамдар. Оны баланың ас мәзіріне аптасына бір рет қана қосуға болады. Ең дұрысы, асты буда, пеште пісіріңіз, не бұқтырғаныңыз. Немесе алдымен аздап қуырып алып, артынша тағам толық дайындалғанша пеште пісіруге болады.

Консервілер – балалар тағамына жарамсыз. Ол ет, балық консервілеріне де қатысты. Десе де қызыл балықты ас үлесіне қосуыңызға болады. Ал арқан балық, құныс балық консервілерінен 3 жастан асқан балаларға сорпа әзірлей аласыз.

Жартылай дайындалған өнімдер: мұздатылған котлет, тұшпара, балық таяқшалары, тауық наггетстері және т.б. Олар ұзақ сақталып, дәмін сақтауы үшін көп мөлшерде май мен тұз қосылады.

Дайын соустар: кетчуп, майонез және осы негіздегі басқа да соустар. Аталғандардың құрамында басы артық қоспалар көп: хош иістендіргіш, қосындылар. Бәрінен бұрын олар ағзаның тітіркенуін тудыруы мүмкін. Оған қоса жоғары майлылығы себепті ішек-қарын жолдарына байланысты қиындықтарға алып келуі ықтимал. Жеңіл майонез де мәселенің шешімі емес. Себебі балалар үшін зиян басқа да қоспалар қосу арқылы майлылығын төмендетеді.

Қақталған шұжық, қақталған ет. Баланы бұл тағамдарға мүлдем үйретпегеніңіз жөн. Себебі олар өте майлы әрі құрамында тұз бен пайдасыз қоспалар көп.

Саңырауқұлақ. Қуырылған, пісірілген, өзіңіз терген не сатып алынған, саңырауқұлақтың қандай да түрін болмасын 7 жасқа дейінгі балаларға беруге болмайды. Тек қозықұйрық қосылған сорпа, саңырауқұлақ езбе-сорпасын ғана мектеп жасына дейінгі балаларға бере аласыз.

Егер бала 3 жасқа толмаса, аталғандарға тағы бір «тыйымдар» тізімі қосылады:

Уылдырық және тұздалған жеңсік балық. Уылдырықтың құрамында организмге пайдалы заттектер көп деп сенетін бірақатар ата-ана балаларына уылдырық қосылған бутерброд әзірлейді. Алайда уылдырық құрамындағы шамадан тыс мөлшердегі май мен тұз себепті кішкентай бала үшін пайдасынан зияны көп. Сонымен қатар уылдырықтың көп жағдайда ағзаның тітіркенуіне сеп болып жататыны тағы бар.

Газдалған тәтті сусындар. Олар сәбидің әлі толық қалыптаспаған ішек-қарын жолдарын, әсіресе асқазанын тітіркендіреді. Оған қоса бұрыс тамақтану әдебінің қалыптасуына себін тигізеді, яғни балалар сусынды су есебінде ішеді. Бірақ оларды шөл басу үшін емес, жеңсік ас ретінде аздаған мөлшерде ғана ішуге болады. Егер бала шөлдесе, кәдімгі су бергеніңіз абзал.

Тоқаштар, бәліштер, кілегейлі кремді тәтті нандар. Ең дұрысы таңдауыңызды жеміс салмасы бар тәтті нан, тәтті тоңба, суфлеге тоқтатқайсыз.

Супермаркеттер кассасында ұсынылатын мармелад, түрлі-түсті кәмпиттер. Бұл тәттілер құрамында бояғыштар мен хош иістендіргіштер көп мөлшерде қолданылған. Ал сәбиіңізге 2-3 жасынан бастап аздап шоколад беруіңізге әбден болады.

Талқылау