Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жол полициясы өмірін қатерге тіге отырып, іздеудегі күдіктіні ұстаған

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Астананың халықаралық дәрежедегі негізгі көлік хабтарының біріне айналуға толық мүмкіндігі бар. Бүгіннің өзінде қалаға алты бағыттан тәулігіне 74 мыңға жуық көлік кіреді екен.

43995d9be506226493d5919bb9363b2c

Алайда, ең маңызды мәселе – қаладағы қауіпсіздікті сақтау. Елорданың 6 бақылау бекетінде полиция қызметкерлері күндіз-түні қала тыныштығын күзетуде. Осы орайда BNews.kz тілшісі Астана қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасы ЖПП полкінің аға сержанты Бағлан Қарымбаевпен тілдесті.

71f5b08922f3826c742da224ccf9c1de

Бүгінде Астана – Қарағанды тасжолында орналасқан «Думан» стационарлық бақылау бекетінде тәулік бойы тәртіп сақшылары өз міндетін атқаруда.

«Бір тәулікте аталмыш бақылау бекетінде жылдам әрекет ететін арнайы жасақ өкілдері, жол-патрульдік қызметінен 3, көші-қон қызметі мен кинологиядан 1 маман, жалпы 7 адам жұмыс істейді. Кейін бізді басқа мамандар ауыстырады. Ақтөбе оқиғасынан кейін күшейтілген режимде жұмыс істеп жатырмыз. Қалаға кіріп-шығатын көліктер өте көп. Қылмыстық іс-әрекеттерге жол бермеу керек», – дейді аға-сержант.

Полиция қызметкерінің айтуынша, Астанада орналасқан 6 стационарлық бақылау бекеті биыл қалаға заңсыз қару-жарақ, есірткі заттарын кіргізбек болған 600 деректі анықтаған. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері елімізде сібір жарасы ауруына карантин жариялануына байланысты қалаға ет өнімдерін тасымалдайтын көліктерді қырағы тексеруге көшкен.

«Елордада 6 бақылау бекеті бар. Осы бекеттерде жыл басынан бері заңсыз тауар әкелуге қатысты 600 дерек тіркелді. Оның ішінде заңсыз қару-жарақпен, есірткі заттарымен ұсталған азаматтар бар. Сондай-ақ, қазіргі таңда елімізде сібір жарасы ауруына карантин жарияланып отыр. Сондықтан қалаға ет өнімдерін кіргізуге тыйым салынды. Осы орайда жеңіл, ауыр көліктерді қатаң түрде тексерістен өткізіп жатырмыз. Егер машиналардан ет өнімдері анықталса, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандарын шақырамыз. Олар сараптамалық жұмысты жүргізеді. Мұның барлығы қауіпсіздік үшін жасалуда», – деді ол.

Бағлан Қарымбаев өміріне төнген қауіпке қарамастан іздеуде жүрген қылмыскерді ұстаған. Оқиға 2015 жылдың  6 қарашасында Астана қаласындағы Гете көшесінде болды. Араққа сылқия тойып алған«Lada Kalina» маркалы автомобильді тізгіндеген жүргізуші жол ережесін өрескел бұзған. Бағлан көлікті тоқтатып, құжаттарды тексермек болған сәтте көлік иесі ізін суытпақ болады. Алайда, полиция аға сержанты орнынан қозғалған көліктің рөліне жармасып, бұзақыны тоқтатуға әркет жасаған.

Жүргізуші жылдамдықты шектен тыс асырып, полицейді сүйретіп келесі көше қиылысына дейін жеткен. Дене жарақаттарын алғанына қарамастан, Бағлан заң бұзушыны құрықтайды.

«Мен қылмыскерді тоқтатпасам, басқа азаматтар жапа шегуші еді. Оның үстіне бұл қызметтік міндетіме кіретіндіктен, қалай болса да тоқтатуым қажет болды. Басқа азаматтар зардап шекпеуі қажет. Сондай-ақ, вокзал аумағында жаяу жүргіншілер көп болатын. Осы азаматтарға автокөлік иесінің зияны тиіп кетуші еді. Сондықтан батыл әрекет етуге тура келді. Кейін мен оның бұрын сотталғанын және Қызылорда облысында қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүргенін білдім. 3 апта ауруханада жаттым. Аяғымның сіңірлері созылған екен. Жазылған соң жұмысқа қайтадан кірістім», – деді ол.
Бағланның батыл әрекеті ескерусіз қалған жоқ. Ол ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамед Қасымовтан алғыс хат пен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін алды. Кейін тәртіп сақшысын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Бүгінде полиция қызметкері өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүр. Ол әлі де талай белестерді бағындыруды көздейді. Алдағы мақсаты – өзінің кәсіби біліктілігін одан әрі шыңдай түсу. Әрі Бағлан қиын да күрделі мамандықты таңдағанына еш өкінбейді екен.

«Себебі, бұл мамандықты саналы түрде таңдадым. Бала күнгі арманым еді. Егер мамандыққа қорқыныш пен үрей арқылы келсең, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмайсың. Болашақ мамандықты жүрекпен таңдау қажет деп ойлаймын. Бала күнімде Бауыржан Момышұлына қарап, еліктеп өстім. Осы салаға келуіме Бауыржан атамыздың ықпалы болды деп айта аламын. Ол – Халық қаһарманы атағына лайықты азамат. Алда талай жоспар бар. Бірақ, маңыздысы –  халқымызға адал қызмет ету», – деді Қарымбаев.

Талқылау