Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иван Дычконың Риода алғашқы кездесуін қай боксшымен өткізетіні белгілі болды

Иван Дычконың Риода алғашқы кездесуін қай боксшымен өткізетіні белгілі болды. Бұл туралы Риода жүрген Қазақпарат тілшісі хабарлады.

дычко

Бүгін Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында бокстан аса ауыр салмақта ел намысын қорғайтын спортшымыз Иван Дычконың алғашқы қарсыласы анықталды.

Ол 1/8 финалда әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовпен кездесетін болды.

Дычко алғашқы айналымнан босатылған болатын. Бүгін  +91 келі салмақ дәрежесі бойынша өткен іріктеу кезеңінде әзірбайжандық Магомедрасул Меджидов мароккалық Мұхаммед Арджауиді айқын басымдықпен жеңді. Осы жұптың жеңімпазы енді қазақ боксшысына қарсы жұдырықтасады.

Қос қарсылас арасындағы жекпе-жек 14 тамыз күні Астана уақытымен 4:45-те басталады.

Естеріңізге сала кетейік, Дычконың бұл қарсыласы өзіне өте жақсы таныс. 2013 жылы бокстан Алматыда өткен әлем чемпионатында Магомедрасул Меджидов Иван Дычконы нокаутпен жеңіп, әлем чемпионы атағына қол жеткізген болатын. Енді жерлесімізге сол кеткен есені қайтаруға үлкен мүмкіндік туып отыр.

Лондонда қоржынымызға қола жүлде сыйлаған алыбымыз биыл одан да жақсы нәтиже көрсетеді деген үміттеміз.

Иван Дычко

Туған күні: 11.08.1990

Салмағы: +91 келі

Туған жері: Қостанай облысы.

Бапкері: Шайрер Владимир, Сапабек Мұқышев.

Жетістіктері:

2008 жылы – Жастар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері;

2010 жылы – Азия ойындарының қола жүлдегері;

2011 жылы – Әлем чемпионатының қола жүлдегері;

2013 жылы – Алматыда өткен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері;

2013 жылы – Азия чемпионы;

2012 жылы – XXX жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері;

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Қазақстан боксында аса ауыр салмақта боксшылар өте тапшы. Сол олқылықтың орнын сездірмей жүрген қостанайлық тарланымыз талай сындарлы сайыстарда ел намысын абыройлы қорғап келеді.

Енді Рио төрінде аса ауыр салмақ дәрежесіндегі жалғыз үмітіміз Дычко қалайда бір медальға таласа алады деген сенімдеміз. Біздің боксшылардың қай-қайсысын алып қарасақта жеңіске лайықты. Сондықтан, қазақ елі Риоға аттанып бара жатқан барлық отандастарынан тек жеңіс күтеді. Сәттілік тілейміз….

 

Талқылау