Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Италияда тұратын қазақ қызы итальяндықтардың қазақтар жайында не ойлайтынын айтып берді

Диана Эспозито (Оразбаева – ред.) Италияда бірнеше кәсіпті жүргізумен қатар, қазақстандықтарға Италияның керемет жерлерін көріп қайтуға мүмкіндік беретін турларды ұйымдастыратын ұлт жанашыры. Тіпті жергілікті шенеуніктер жерлесіміздің жұмысына тән болып, аймақтың туристік әлеуетіне қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жергілікті мэрияға (әкімдік – ред.) туристік саланы басқаруға шақырған.

Ол Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне  Италияда кәсіпті басқарудың қиындықтарын, итальяндықтардың қазақтар жайында не ойлайтынын, неліктен Қазақстанға қайтадан көшіп келгісі келетінін айтып берді.

Диана, Италияда бизнес ашуға не түрткі болды? Сол елде кәсіп жүргізудің өзгешеліктеріне тоқталып өтсеңіз.

Италияда бизнесті жүргізу Еуропадағымен бірдей. Егер сіз сол елдің азаматы болмасаңыз, кәсіпті бастау қиынырақ. Барлық мемлекетте, Қазақстанда да осындай жағдай кездеседі деп ойлаймын. Егер елімізге кәсіп ашу мақсатымен шетелдік келсе, оған он мың проблема тауып беріп, бизнес ашуға деген құлшынысын жоқ қылып жіберуі мүмкін.

Мен Италияда хостелімді ашқым келгенде осы проблема туындады. Қаржылай көмек қажет болғанда, итальяндықтармен тең дәрежеде сол елде тұрғылықты тұрып жатсам да, маған көмек көрсетуден бас тартты. Бірақ мен сонда да заң арқылы арқылы қаржылай түрде көмек алуға құқылы екенімді дәлелдедім. Сосын олар маған бизнесті жүргізудің тиімді жолдарын айтып берді. Осылайша мен Италияда қаржыландыруға ие болып, өзімнің алғашқы бизнесімді бастадым.

Хостел ашылғанда адамдарды жұмысқа алуға менің мүмкіндігім болған жоқ. Күйеуім хостелде отырып клиенттерді күтетін. Таңғы асты дайындайтын. Мен болсам, тазалау жұмыстарының барлығын өз мойныма алдым. Дәретханаларды да, жуынатын бөлмелерді де өзім тазаладым. Жұбайым екеуміз осылай бинесімізді дамыттық.

Хостелге келген клиенттерімізге қызмет көрсету сапасы ұнаған соң, бизнестің табысты екеніне көзіміз жеткеннен кейін, екінші хостелді ашуды жөн көрдік. Оны күйеуім қаржыландырды. Біз кәсібімізден түскен табыс шығындарды өтеп жатқанын, қаржыландыруды оңай қайтара алатынымызды түсіндік. Сол кезде турларды жүргізу туралы ойлана бастадым. Адамдар хостелде тұрып әлемдегі ең танымал Амальфи жағалауындағы турларға қатыса алса екен деген ой болды.

Қазақстанның көптеген азаматтары менің “Инстаграмдағы” парақшам мен турларым арқылы Позитаноны, Амальфи жағалауымен танысты деп сенімділікпен айта аламын. Бастапқыда Қазақстанға қатысты ойымды жүзеге асыра алатыныма сенбедім. Қолымнан келмейтін шығар деп ойладым. Қазақстанға арнайы келіп, бірнеше турагенттіктер үшін презентациялар жасап, бар білетініммен бөлістім.

Оларды Амальфи жағалауының, аралдардың сұлулығы қатты тамсандырды. Сосын турагенттіктер менен бар ақпаратты алған соң, байланысқа шығуды тоқтатты. Кейбіреулер нөмірімді хабарласа алмайтындай бұғаттап тастады. Осы жағдайға қатысты күйзелгенім рас, бірақ мен өз-өзімді қолыма ала білдім, өз-өзіммен жұмыс істедім. Алғашқы туристерім келе бастады, “Инстаграмдағы” парақшам да дамыды. Бүгінгі күні мен Оңтүстік Италияның бүкіл туроператорларымен байланыс орнатқам.

Instagram желісіндегі парақшаңызда Casa Esposito атты кулинарлық мектебіңіздің өнімдері Қазақстанда сатылатынын жазған едіңіз. Олар дүкен сөрелерінде сатылады ма?

Өнімдерге тапсырысты онлайн-дүкен арқылы өзім қабылдаймын. Басты қойма Астана қаласында орналасады.

Casa Esposito (Каза Эспозито) — менің тағы да бір маңызды жобаларымның бірі. Кулинарлық мектепке күйеуімнің, қайын жұртымның тегі берілген. Casa Esposito қазақ тіліне аударғанда “Эспозитоның үйі” деген мағынаны білдіреді. Адамдар осы атты естігенде, естеріне бірден үйді түсіргенін қаладым. Сонымен қатар, кулинарлық мектебім арқылы Италияда қызанақты соустар ғана емес, сапаға жауап беретін өнімдердің де бар екенін көрсеткім келеді.

Біздің кулинарлық мектебімізде зәйтүн майынан бөлек, жалбыздың, пісте, грек жаңғағының негізінде жасалған соустар бар. Жалпы, Қазақстанға жаңа дәмдік сапаларды енгізуді қалаймын. Адамдар химиялық қоспасыз, табиғи жоғарғы деңгейдегі өнімдерді үйде өз игіліктері үшін пайдаланатын болады. Олардың көмегімен Италияға келгенде мейрамханада тапсырыс берген қымбат тағамдарды өздері үйде әзірлей алады.

Менімен бірге жұмыс істейтін екі аспазым бар. Біреуі азық-түлік өнеркәсібінің маманы. Онымен бірге Қазақстанға келіп, Астана, Алматыдағы супермаркеттерге кіріп шығып, сапасы жақсы зәйтүн майының бар жоғын анықтаған едік. Испандық, грек зәйтүн майы бар, ал итальяндық жоқ. Италияда жасалған деген маркамен екінші рет өңдеуден өткен талаптарға сәйкес келмейтін зәйтүн майларые еліміздегі дүкен сөрелерінен көрдім.

Елімізде туризмнің дамуы өте маңызды деп айтылса да, Қазақстанға келген туристерді ұрып-соғып кететін азаматтар жайлы естіп жүрміз. Сіздің пікіріңізше, Қазақстанда осы салаға өзгерістер енгізу үшін ең алдымен не істеу керек? Қазақстан туралы итальяндықтардың көзқарасы қандай?

Мен Қазақстандағы туризмді қатты дамытқым келеді. Осы салада отаным үшін не істей аламын деуменен түнде дұрыстап ұйықтай алмаймын. Итальяндықтарға Қазақстан туралы әңгімелерімді қызықты етіп айтуға тырысамын. Ал олар мені ауыздары ашылып, құмарта тыңдайды. Қазақстанға қызығып кетеді.

Телефонымда Қазақстанның табиғаты бейнеленген миллиондаған суреттер бар. “Қараңдаршы, қандай әдемі” деп солардың барлығын итальяндықтарға көрсетемін. Жалпы, біздің елімізде туризмге қатысты көп дүниелер бар. Мен итальяндық туристерді “Экспоға” алып келгенде олар тек Көкшетау мен Астананы ғана көріп үлгерді. Қазақстанға ғашық болғандары сонша, қайтып келген соң керемет саяхаттары туралы достарына айтып жатты.

Презентация жасап, Қазақстанға саяхатты жарнамаладым. 4 күнге созылатын турдың құнын Қазақстандағы бағамен есептедім. Ол 350 евроны құрады. Итальяндықтар үшін турдың бағасы арзан болған соң, шамамен қырыққа жуық адамды жиналды. Бірақ олар Қазақстанға алып баратын билеттердің қымбат екенін, яғни ең арзанының өзі 600-700 евро тұратынын білгенде, турдан бас тартты.

Қорытындылай келгенде 350 евро болған турдың бағасы билеттерді қосқанда Олар Қазақстанға ұшып қайту турдың бағасынан жоғары болады деп ойламады. Бір азамат маған “Мен Америкаға ұшып, қайтып келуге 500 евро жұмсадым. Қазақстанға ондай ақшаны жаратқым келмейді” деп те айтқан. Ақырында отаныма өзіммен бірге 40 емес, 12 адамды алып келдік.

Туризм саласында осы проблеманы бірінші кезекте шешу керекпіз. Елімізде билет бағалары қолжетімді болса екен. Мысалы, Ресейден әлемдегі кез келген мемлекетке бара аласың, оның үстіне әуе билеттері Қазақстандағы бағамен салыстырғанда екі есе арзан. Тіпті елімізде ішкі рейстердің өзі қымбат. Бұл менің ақылыма қонбайды.

Тур өткізу кезінде түсініспеушіліктер, қиындықтар туындайды ма?

Проблемалар көп. Мысалы мен туристерге турдың ақшасын бөліп төлеуге мүмкіндік беремін. Олар ақшаны Италияға келгенде немесе тур аяқталғанда, өздеріне ыңғайлы уақытта бере алады. Кейде туристер келеді де үш күн өткен соң, “өзіміз жүргіміз келеді” деп ақшаны бергісі келмейді. Сосын біз Италияның оңтүстігінде халықаралық таңғы астардың жоқ екенін алдын-ала ескертеміз. Біздің қазақтар тойып тамақ ішкенді жақсы көреді ғой. Ал мұнда қонақ үйлерде азанда круассан мен кофе, тәттілер беріледі. Жұмыртқа, шұжық, сұлы жармасы деген тағамдар жоқ.

Туристер біздің осы хабарламамызды құлақтарына ілмейді. Сосын проблема басталады. Алайда, кез-келген қиындық шешіледі. Кейде туристердің рейсі кешігіп, олар бір-екі күнге кеш келеді. Форс-мажорлық жағдайлар болып қалады. Ауа-райы бұзылып, күн құбылғанда экскурсияны басқаша өткізуге тура келеді. Мен қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын.

Ал туристерім барлығын түсінеді. Біреуі дау шығарып, проблема жасайтындай жағдайлар болған емес. Менің туристерімнің 99 пайызы керемет адамдар. Әрқайсысын жақсы көремін. Әрқайсысымен доспын. Биылдыққа мен жалғыз өзім 500 туристі қабылдадым. Қазақстанға баратын болсам, онда мені мыңға жуық жаңа достарымның бар екенін білемін. Барлығы мені қонаққа шақырады. Олармен қалай кездесіп үлгеремін деп жаным тыным таппай қалады. Жұмысымды осы үшін де жақсы көремін.

Италияда жергілікті шенеуніктер сіздің жұмысыңызға тән болып, аймақтың туристік әлеуетіне қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіріп, жергілікті мэрияға туристік саланы басқаруға шақырған еді…

Содан бері екі жарым жыл өтіп кетіпті. Маған жақында тағы да осы қызметті ұсынды. Әзірге Италияда саясаткер болуға келісім бере алмаймын, әлі оған дайын емеспін. Оның үстіне, мұнда тұратыныма бес жыл болған жоқ. Саясатқа және қоғамдық өмірге жақынмын деп айта алмаймын. Оңтүстік Италияда барлығы қалай жұмыс істейтінін түсіну үшін әлі де бірнеше жыл тұру керек шығар.

Әрине, туризмнің арқасында мәдениет саласындағы белгілі бір құрылымдарды біліп қалдым. Дәрігерлерге барып жүріп мұндағы денсаулық сақтау деңгейінің төмен екенін байқадым. Шындығын айту керек, Қазақстанда көп нәрсе Оңтүстік Италиямен салыстырғанда 100 пайызға жақсы жұмыс істейді.

Сол елде түрлі нюанстарға тап болғанда Қазақстанда тұратындар қандай күшті, қандай бақытты деп ойлаймын. Еліміздің болашағы бар. Көбісі отанымызды босқа сөгеді, бекер жамандайды. Шетелде тұрып көрмегендіктен, басқа елде күн көріп қиналған адамдардай қиналмағаннан кейін, артық сөйлейді.

Зейнетақының аздығын сөз етеді. Италияда зейнеткерлер айына 500 евро алады. Мұнда жылу беру жүйесі де тура сондай сомманы құрайды. Мен Оңтүстік Италияға алғаш келгенде жұмыссыздық 80 пайыз еді. Қазір жетпіске түсті. Жастардың шарасыздығын көріп жаным ашиды.

Жұмыс істемегендіктен, пәтер алуға, баланы асырауға мүмкіндіктері болмағандықтан, олар үйленуден бас тартады. Мұндағы азаматтар жеке кәсібі бар болса, соны жүргізеді, жоқ болса, үйлерінде отырады. Немесе тегін тағылымдамадан өтеді. Менінше, қазақстандықтар тым шеттен шығып кетеді. Алайда, мен барлығын білмеймін ғой. Мүмкін Қазақстанның кейбір өңірлерінде, аймақтарында жағдай Италияның оңтүстігіндей мүшкіл шығар. Егер мүмкіндігім болғанда Қазақстанға көшіп кететін едім.

Алайда, менің күйеуіме біздің еліміздің ауа райы, тағамдары онша ұнамайды. Әйтсе де мен баламның дамуына, жетілуіне Қазақстаннан артық көмектесетін елді көріп тұрған жоқпын. Сондықтан балам үшін де, өзім үшін де әр жыл сайын қыс мезгілін туған елімде өткіземін деген шешімге келдім. Туған жерді ешнәрсе алмастыра алмайды ғой. Мен елімді жан-жүрегіммен жақсы көремін. Балам да оны солай сүйсе екен деймін.

Итальяндықтар қазақ қыздарына қызығады деген рас па?

Еуропалықтардың азиаттықтарға қызығушылығы үлкен дер едім. Азиаттық қыздарды кішкентай күндерінен бастап жақсы әйел болуға тәрбиелейді ғой. Орталық немесе Шығыс Азияда тұратын ұлттардың кез-келгенін алып қараңыз. Қыздары керемет отанасы атанатын жандар. Америкалықтар, француздықтар, итальяндықтар оларға үйленуді армандайды. Негізі, Еуропада феминизм, әйелдер теңдігі қатты дамыған. Бұл жерде әйелдер көкіректерін ұрып, өздерін ер адамдармен бір дәрежеде тұратынын сөз етеді. Егер еркек азық-түлік дүкенінен ауыр пакеттермен шықса, әйел де сондай салмақтағы пакеттерді көтеріп шығады.

Оған жеңіл нәрсені көтер десең, ренжіп қалады. Мені әлсіз адам деп төмендетіп жатыр екен деп түсінеді. Ал ер адамдар өздерін біреудің қорғанышы, тірегі сезінгісі келеді. Азиялық мемлекеттердің әрбір қызы күйеуіне осыны сезімді сыйлауды біледі. Мен бұған сенімдімін. Еуропалықтардың азиаттықтарға қызығуының құпиясы осы.

 

Автор: Айару Шаймерден

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Талқылау