Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Испанияда тұратын қазақ қызы неліктен Қазақстанға қайтып келгісі келмейтінін айтты

Әлия Нұржанқызы — Испанияда тұрып, өзгелерге сол елде тұруға ықтиярхат алып беруге, жылжымайтын мүлікті таңдап беруге көмектесетін қазақ қызы. Лондон, Дубай, Канадада тұрып, шетелде білім алған ол Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне көшпенді өмір салтынан не түйгенін, испандықтардың қазақтармен ұқсастығын, неліктен үйлену тойын Пәкістанда өткізгенін және Қазақстанға неге қайтып келгісі келмейтінін айтып берді.

Әлия, алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Бала күніңізде қандай өмірді армандадыңыз?

Балалық шағым 80 жылдардағы кеңестік балалардыкімен бірдей өтті. Балабақша, октябрята. Кеңес үкіметі жойылған соң, жағдай комсомолға дейін жеткен жоқ. Мен өте ұялшақ, тұйық бала болдым. Телефонға жауап беруге, кім кезекте соңғы деп сұрауға ұялатынмын. Нәтижесінде, кезекте екі рет тұратынмын.

Кітап оқығанды қатты жақсы көретінмін. Үйдегі үлкен кітапханадағы кітаптардың барлығын оқып шықтым. Тек Лениннің еңбектерімен танысып үлгермедім. Менің шамалы ғана достарымды бала күндері ата-аналары кітап оқуға мәжбүрлесе, менің анам мен әкем кітап оқып көзін құртып алады ма деп қорқатын. Бәрінен де ертегілерді жақсы көрген соң, бала күнімде сиқыршы болуды армандадым. Қарапайым мамандықтарды қарастырмайтынмын.

Ал ұялшақтығыммен ыңғайлы зонадан шығу жолы арқылы өмір бойы күресіп шықтым. Алғашында коммуникативтік дағдыларымды дамыту үшін әуекомпанияның қызмет көрсету орталығына жұмысқа орналастым. Ол жерде маған клиенттермен орыс және ағылшын тілдерінде сөйлесуге тура келді. Сосын ұзақ уақыт бойы банкте инвесторлармен байланыс бөлімін басқардым. Онда жоғарғы деңгейде шетелдік инвесторлармен кездесулер ұйымдастырдым. Оларға банк және оның қаржылық қорытындылары жайлы айтып беретінмін.

Біз әлеуметтік желідегі парақшаңыздан сіздің Дубайда, Лондонда, Канадада оқығаныңызды білеміз. Осындай көшпенді өмір салты сізге не берді?

Мен Дубай мен Лондонда London Business School оқу орнына МВА алған кезде Дубай мен Лондонда бір-бір жылдан оқып шықтым. Оқу маған ең маңыздысы араласатын адамдардың ортасын, ой-өрісімді кеңейтіп берді. Мен әртүрлі елдерде адамдардың қалай тұратынын, қалай жұмыс істейтінін, олар кәстрөлден авиацияға дейін айналысуға болатын барлық нәрселермен айналысатынын көрдім. Біздің сыныпта өте көп жеке кәсіпкерлер болатын. Және мен, яғни банк қызметкері, өзімді жаңа салада сынап көргім келді. Сонда мен өз ісіммен айналысу туралы ойлана бастадым. Бірақ нақты нені қолға аларымды білмедім.

Оқып жүріп, көшіп бару үшін Лондонды да, Дубайды да қарастырдым. Бірақ Дубайдың климаты маған онша ұнамады. Жылдың басым бөлігін салқындатқыштың астында өткізу қажеттілігі мені шабыттандырмайтын.

Ал Лондонда тұру менің көзқарасым бойынша өте қымбат. Баланс бұзылған. Бәсекелестіктің деңгейі өте жоғары. Мен мансабымның алғашқы кезеңіндегідей аптасына 80-100 сағат жұмыс істеуге дайын емес едім. Оның үстіне жергілікті жастар мәдениетінің ерекшелігін ескере қызымның ол жерде өскенін қаламадым. Ең бастысы, үйреніп қалған өмірімнен бас тарту маған өте қорқынышты болып көрінді.

Қазір Испанияда тұрып жатырсыз. Ондағы өмірдің артықшылығы мен кемшілігі қандай? Испандықтар мен қазақтардың арасында ұқсастық бар ма? Және сол елдің азаматтарынан нені үйрендіңіз?

Мен ірі салымдарсыз Испанияға бір жылға кетіп қалу мүмкіндігі жайлы естігенде, бағымды сынап көргім келді. Егер бірнәрсе ұнамаса, әрдайым қайтып келуге болады ғой. Шетелде тұра аламын ба, тұра алмаймын ба, маған сол қызықты еді. Сөйтіп “істемегеніңе өкінгенше, істеп өкінген жақсырақ” деген ұранымды қолдануды жөн көрдім.

Испанияға келгенде бірінші кезекте испан тілінің сабақтарына жазылдым. Инстаграмда күнделік жүргізе бастадым. Ол 3 айдың ішінде төрт-есе өсті. Басында адамдардың менің өмірім жайлы жазбаларды қызығып оқитыны мені таңғалдырды. Бірақ, жасырудың қажеті жоқ, жақсы таңғалдырды. Сосын соншама кітапты оқыған соң, өзім кей кезде кітап жазуды бастағым келетін.

Жұлдыздар тоғысып, қалағанымның барлығы Испанияда орындалды. Оның үстіне өзім екі жыл көлемінде жүгіруді жоспарлағанмын. Жүгіре бастадым.

Оқырмандардың пікірлерін негізге ала отырып өзімнің жұмысыма екі бағытты таңдадым. Бірі жылжымайтын мүлік, екіншісі тұруға ықтиярхат алып беру.

Испания мен үшін кезекті таңдау болған жоқ. Түбінде өте керемет шешім болып шықты. Біз қызым екеуміз бұл жерде өзімізді жайлы сезінеміз. Францияда менің ағылшыныма жергілікті тұрғындар дұшпандылықпен қарайтыны есімде. Айтқанымды соңына дейін тыңдамай, бұрылып кететін.

Испандықтар өмірді өте жеңіл қабылдайды. Бұның оң және кері тұстары да бар. Міндеттіліктің және пунктуалдықтың жоқтығы. Бұл жақсы көңіл-күй мен достықтың кері тұсы. Олардың қазақтармен ортақ бірнәрсесі болғандықтан, біз бұл жерде өзімізді үйдегідей жақсы сезінеміз.

Сондай-ақ испандықтар үйлі-баранды адамдар. Демалыс күндері өздерінің шулы отбасыларымен кафелерде жиналады. Басқа жағынан алғанда, испандықтар бізге қарағанда сыртқы жылтырға да жеңіл қарайды. Кішкентай көлік, кішкентай пәтер, киім өз-өзіңді дәлелдеу тәсілі емес, функция сияқты.

Осы маған ұнайды. Және мен олардан осыны үйренемін. Орта деңгейдегі испандық сияқты өмір сүру үшін аспаннан жұлдыз алудың қажеті жоқ. Өмір сүргенге жетсе болғаны. Егер сіз мұнда көшеден керемет көлікті көрсеңіз, онда ол қытайлық немесе ТМД-дан шыққан біреу екенін біліңіз.

Испандықтардың өзіне ол жақта жұмысқа орналасу қиын деп айтып жатады…

Еуростаттың мәліметі бойынша, жұмыссыздық деңгейі 15,2 пайыз. Еуропадағы ең жоғарғы деңгейлердің бірі. Бұл – шындық. Менің ойымша, бұған испандықтардың көнбіс болғаны себеп. Мүмкін олар жәрдемақыға өмір сүрген соң, барына қанағат ететін шығар. Өз басыма жұмысқа орналастыру, оқыту жайында бірнеше ұсыныстар білдіріп, бірнеше парақшалар берген. Испанияның медицинасы өте жақсы. Және өмір сүру ұзақтылығы жоғары. Барселонада қайыршылар мен үй-күйі жоқ кезбелер көп емес, сосын олар ашушаң емес.

Сол елде тұрып жатқан қазақстандықтармен араласасыз ба?

Әрине, өзіміз бұл елде көп емеспіз. Өзіңнің адамдарыңмен, яғни орысша сөйлейтін жандармен араласқан жақсы. Үйреніп қалған өміріңнен және өз тіліңде сөйлесу мүмкіндігінен айырылып қалу — көшіп кеткендер үшін ең күшті сынақ.

Қызыңыздың әкесімен қалай және қай жерде таныстыңыздар? Бұрынғы күйеуіңіз өзге ұлттың азаматы болған екен. Егер екінші рет тұрмысқа шығып жатсаңыз, таңдауыңыз қазақ жігітіне түседі ме?

Бұрынғы күйеуіммен университетте таныстым. Оның әкесі Алматыдағы пәкістандық елшілікте жұмыс істейтін. Біз бір-бірімізбен жалпы алғанда 16 жыл араластық. 16 жылдың тоғызында некеде тұрдық. Ортақ нәрселеріміз болмаған соң, параллелді әлемдерде өмір сүргеннен кейін, жолдарымыз екіге айырылды.

Түсінгеніңіздей, ер адамды таңдағанда мен үшін оның ұлты өлшем емес. Онымен бірге болған маған қызықты ма. Бастысы сол. Ажырасқаннан кейін негізі қазақтармен кездесіп жүрдім.

Пәкістанда өткен тойыңыз жайлы айтып берсеңіз. Инстаграмдағы жазбаңыздан тойыма жарты мемлекет жиналғандай көрінді деп жазған едіңіз. Біз қазақтар сияқты 500 адамға ешбір ұлт той жасамайды деп ойлаймыз ғой.

Пәкістандықтар той тойлағанды бізден де қатты жақсы көреді.

Бізге делегацияны жинап, сол елге бару керек еді. Пәкістанға менімен бірге анам, тәтем мен көкем, құрбым аттанды. Бізді ол жақта үлкен серпініспен қарсы алды. Қарсы алуға күллі ауыл шықты. Көліктің алдында бірнеше трансвеститтер билеп келе жатты. Олар Пәкістанда бақыт нұрына бөленген адамдар саналады. Және сол елдегі тойлардың барлығында билеп, ақша жинайды. Туысқандар жігіт пен қалыңдыққа дәлме-дәл айтқанда ақша шашып тастайды.

Келесі күні қыз көру салты болды. Мені үйдің ауласына отырғызып қойды. Және ауылдың барлық әйелдері мені көруге келді. Құрбыммен, қайын апаларыммен сөйлесіп отырдым. Басқа ешкім әңгіме айтқан жоқ. Тек қана қарап, жақсырақ көріп алу үшін кейде оңға, солға бұрылуымды сұрады.

Сосын үйлену тойы болды. Маған тойға жарты мемлекет қатысқандай көрінді. Үлкен алаңға дастархан жайылды. Сансыз тамақ. Оркестр ойнап, би биленді. Ақшадан конфетти шашылды. Менің басыма Индиядан шыққан ауыр жамылғышы бар үш килограмдық күміспен кестеленген әдемі күрең барқытты костюмді кигізіп қойды. Басымды қысып тұрса да, әдемі көрінді.

Артынша барлығымыз ауырып қалдық. Атамыз бізді дуадан емдеп жазды. Пәкістандықтар қара күшке, сөз тию сынды дүниелерге қатты сенеді. Бірақ, менің ойымша ағзамыз жылудың жоқтығына, ыстық елдерде еденді мұздай мрамормен жабдықтайтынына бейімделіп үйренбеген соң, ауырып қалдық. Біз ол мемлекетте бірнеше апта өткіздік.

Таңғы асқа бізге қара ұннан жасалған қоспасы бар және қоспасы жоқ ең тәтті шелпектерді жасап беретін. Ал түскі және асқа сол шелпектердің ішіне аз көлемде дәмдеуіштер салуға тырысатынбыз. Бірақ тағам біз үшін бәрібір ащы болатын. Түбінде біз шыдамай, ет пен қартоп қайнатып беруді сұрадық. Тұздық жасап, барлығын үлкен ыдысқа салдық. Өмірімде ешқашан ондай дәмді бесбармақ жемеппін. Бұрын маған соның барлығы жабайы көрінетін. Қазір есіме алсам ыстық естеліктер екенін түсінемін.

Трансвеститтерді көргенде туысқандарыңыз қатты таңқалған шығар

Тойда билеп, ақша жинаған трансвеститтерді туысқандармен талқылаған жоқпыз. Бірақ, оларды көргенде туысқандардың қандай шокта болғанын елестете аламын. Себебі, өзім де қатты таңғалдым.

Кейбіреулер шетелде өз-өздеріне жауапкершілікті ала алмайды. Сізге кішкентай қызыңызбен өзге мемлекетте тұрдыңыз. Айя дүниеге келгенде кім көмектесіп, жаныңыздан табылды?

Айя Канадада туылды. Ол жерде бұрынғы жұбайымның жанұясы өмір сүреді. Олар маған дәрігерді және перзентхананы табуға көмектесті. Айя туылғаннан кейін бірнеше ай бойы солардың қолында тұрдық. Менде Канадаға көшіп бару туралы ой болған. Дегенмен ол жерге жастардың барғаны жөн.

Неліктен Қазақстанға қайтып келмеу туралы шешім қабылдадыңыз?

Осы жылды Испанияда өткіземіз. Себебі, соған көп күш пен ақша жұмсалды. Қазақстанға қайтып келгіміз келмейді. Себебі, Испанияда Айя екеуміз аллергиямыздан құтылдық. Өкпеммен проблемаларым болатын, солардан құтылдым. Менің аллергиям бірнеше жыл бұрын басталған. Соңғы екі жылдың ішінде қыс сайын пневоманиям болған. Осы жылы екеуі де болмады. Алғаш рет көшіп кету туралы ой бір жыл бұрын, балам бір ай көлемінде демала алмай қалғанда, ал мен терезеден қала төбесінде тұрған тұмшаны бақылағанымда пайда болды. Суреттерден байқағанымдай бұл мәселе әлі шешілмеген.

 

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау