Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ішімдіктен бас тартуға 5 себеп. Қазақстанда арақ-шарапсыз тойлар қалай өтіп жатыр?

Қазақстанда соңғы уақытта ішімдік қойылатындарына қарағанда, халал тойлардың саны артып келеді. Үлкендерден бұрын бұл “бастаманы” жастардың өздері бірінші болып көтереді. Мұны бүгінде талай тойдың тізгінін ұстап жүрген асабалардың өздері де растап отыр. Бірі “халал той адамды жабықтырса да, мәнді өтеді” десе, екіншілері тойдың бұл түрін екі қолдарын көтере отырып қолдап жатыр. Қазақстандық асабалар Stan.kz тілшісіне халал тойға қатысты пікірлерін айтып берді.

сабыр

Фото: instagram.com/sabir.tamada89/

Қарағандылық асаба Сабыр мырза да халал тойлардың көбейіп келе жатқанын айтады. Алайда ол пайыздық есеппен 70% тойдың ішімдікпен өтетінін тілге тиек етіп отыр. “Той иелері Құдайдан, құдаларды артық көреді” деп налиды асаба.

“2016 жылы тойлардың 30%-ы халал өтті. Былтыр шамамен бұл көрсеткіш тек 20%-ды құрайтын. Жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Құдай қаласа, келер жылы 50/50 болады деген үміттемін. Өйткені халал той берекелі де, мерекелі өтеді. Ер азаматтар мен әйел адамдардың арасында ұрыс-керіс аз болады.  Тек халал тойға барамын деп те өтірік айтпаймын. Барған жерімде көбінесе әйел адамдардың ішімдікке әуес екендерін байқаймын. Соңғы кезде еркектердің ішімдікке деген құмарлығы азая түскен сыңайлы. Алла қаласа, екі-үш жылдан кейін жоғарыдағы көрсеткіш 70-80%-ға дейін жетеді деген үміттемін.

Нағыз қазақтың тойы қазы-қартамен, қымызбен ғана өткен. Осылай өткен тойдағы тілек-дұғалар қабыл болады. Арақ ұстап алып, екі жас бақытты болсын деу – ұят нәрсе. Шарапсыз өтетін тойды қазақтар “халал той” деп атайтын болыпты. Кешіріңіздер, нағыз қазақтың тойы шарапсыз өткен. Бірақ ол ешуақытта “халал той” деп аталмаған. Қазір қуанатыным, жастардың өздері әке-шешесіне “ішімдік қоймайықшы, тойымыз берекелі өтсінші” деп ұсыныс жасап жатады. Өкінішке орай, жас жұбайлардың әке-шешесі Құдайды емес, құданы артық көреді. “Қонақтардан ұят, бізді сараң, кедей деп ойлайды” деп жатады. Жуырда өзім туған күнімді атап өтіп, 120 адамға халал той жасап бердім”, – дейді Сабыр мырза.

17 жылдан бері той бизнесте жүрген Қадырбек Қалдыбай мырза осы күнге дейін әртүрлі тойды жүргізіп келген. Олардың ішінен халал тойдың барынша мәнді де мағыналы өтетінін айтып жатыр. Десе де, болып жатқан халал тойдың қазақтарға тиесілі екенін де естен шығармауға кеңес береді. Яғни той барысында халық әндерінен, күйлерінен бас тартып, өзге діни уағыздарды қосып қойғанды жөн көрмейді екен. Мұндай жағдай тәжірибесінде бір рет болған-ды.

калд

Фото: instagram.com/kadyrbek.kos/

“Өзім барып, байқап жүргенімдей, соңғы уақытта халал тойдың саны артып келеді. Ішімдікпен және ішімдіксіз өтетін тойлардың санын өзара теңестіруге де болады. Негізінде арақсыз өткен халал тойды құптаймын. Адам баласының сана-сезімі болса, көкірегі ояу, көзі ашық болса, халал той жасайды. Арақ жүрген жерде міндетті түрде айғай-шу мен ұрыс-керіс қатар жүреді. Кейде “халал той қызық емес, адамды жалықтырып жібереді” деп те айтып жатады. Меніңше, тойдың қызықты өтуі ішімдікке байланысты емес. Мұның барлығы тамаданың еншісіндегі дүниелер.

Ешбір музыка қойылмасын, тек уағыздар ғана қосылып тұрсын деген талап қойылған той болды. Алайда мұндай той алысқа бармай, бір сағаттың ішінде басқаша шешілді. Абайдың әндері, Құрманғазының күйлері, қазақтың салиқалы да салмақты халық әндері қосылды. Жеке өзім халал тойды қолдаймын. Халық сөзіңді тыңдап, ойыңды жеткізуге мүмкіндік береді. Ал ішімдік қойылған тойларға барып қалсақ, арасында арақтан қашайық деп айтып қаламыз. Салт-жоралғылардың дұрыс орындалуын жіті қадағалаймыз. Келін қайын атасына бір қасық торт бергенше, бір шәугім шай бергені жөн. Кейде той иелері біздің ырқымызға көнбей жатады. Мұндайда сол кісілердің қалауын орындамасқа амалымыз жоқ”, – дейді асаба Қадырбек Қалдыбай.

15048130_170264760105808_5551821807964651520_n

Фото: іnstagram.com/tamada_shalkar/

Атыраулық тамада Шалқар Оңайбеков тойдың қандай дәрежеде өтетіндігін тікелей адамның сана-сезімімен байланыстырды. Яғни, оның айтуынша, көбінесе қалалық жерлерде адамдар халал той өткізуге құмартады екен. Ал ауылдық аймақтарды мұндай тойдың бар екенін білетіндер жоқтың қасы. 27 жастағы Шалқар мырза 7 жылға жуық уақыт түрлі той тізгінен ұстап келеді.

“Атырау халқы ақырындап халал тойға көшіп жатыр. Ауылдық жерлерде, кішігірім ауданда мұндай түсінік жоқ. Бұл аймақтарда халал той айына бір рет қана болуы мүмкін. Халал той мен ішімдік қойылған тойдың айырмашылығы жер мен көктей.  Халал той әдемі, сәнімен, мәнімен өтеді. Қонақтар жас жұбайлардың қуанышын бөлісуге келгендерін ескеріп, тойдың соңына дейін отырады. Ешкім ортасында тұрып кетіп қалмайды. У-шу да жоқ, бөтен әңгіме мен бөтен би де жоқ. Ал арақ бар жерде кез келген нәрсе болуы мүмкін. Бала-шағамды осы бизнеспен асырап отырғандықтан, той талғаймын деп өтірік айтпаймын. Әдетті бес тойдың біреуі арақ-шарапсыз өтіп жатады. Екі тойдың екі түрлі өтетіні анық. Халал тойға барып қалсаң, “діни намыстарына” тиіп кетуі мүмкін деген сөздерден қашамын. Ал қарапайым тойларға барып жатсам, бір ауыз сөзіммен болсын халал тойды насихаттаймын”, – дейді асаба Шалқар Оңайбеков.

25 жастағы тамада Бақыт Білдебаевтың бұл мәселеге қатысты ойы өзгеше. Ол екі тойдың да өзіндік ұтымды тұстары бар екенін айтып жатыр. Небәрі 4 жылдық тәжірибесі болса да, осы күнге дейін көп тойдың тізгінін ұстаған екен. Ол ішімдік қойылған тойда жастардың барынша көңіл көтеріп, ашылатынын айтып жатыр. Өзінің де үйлену тойын ішімдікпен өткізген екен.

“Ашып айтсақ, халал той адамның ішін пыстырады. Арақпен өткен тойда адам ашылады. Халал тойда үлкен кісілер белсенді болғанымен, жастарға аздап қызықсыздау болады. Ішімдік болса, жастар ойынға араласып, тойда жадырап жүретін еді. Мен тойға бармас бұрын “Халал ма әлде ішімдік қойыла ма?” деп сұраймын. Әр тойға сәйкес арнайы сценарийім бар. Бірақ ішімдікпен өткен тойдың да кемшілігі бар. Әдетте “Он екіден кейін жастар мас” деп айтып жатады. Түнге дейін барлығы жақсы болады да, той соңында жастар шу шығарып, тойдың берекесін қашырады. Осы сәтте аудиторияңды бақылау, баулу қиынға соғып кетеді. Мүмкіндік болса, халал той жасаған дұрыс. Себебі, халал тойдың қызықты өтуі әдетте тамадаға да байланысты. Мысалы, мен жастармен қалай, үлкен кісілермен қалай сөйлесу керектігін жақсылап ескеремін. Өзім жуырда үйлендім, дастарханда шарап болды. Себебі, бізде Оңтүстікте ішімдіксіз тойлар сирек кездеседі. Бірақ бүгін 30 адамға банкет жасағалы жатырмын. Ол халал өтеді”, – дейді Бақыт Білдебаев.

13707089_234282123637598_1314068163_n

Фото: instagram.com/tamada.pvl777/

Мұхамеджан Базарбаевтың 21 жаста болса да, той бизнес саласында бес жылдық тәжірибесі бар. Ол да өз кезегінде тек халал тойды қолдайтынын айтып отыр.

“Шынымды айтсам, арақ қоятын тойларды көп көремін. Аллаға шүкір, соңғы кезде халал тойлар көбейіп келеді. Меніңше, халал тойлармен жұмыс істеген тиімді. Халық сені де, айналасындағыларды да тыңдайды. Келген қонақтар арасында тек сыйластық болады. Әдетте той талғауға мүмкіндігім жоқ. Оның себебі түсінікті де шығар. Өз тойымды халал етіп жасадым. Көбінесе Астана, Қарағанды қалаларына барамын”, – дейді солтүстіктің асабасы Мұхамеджан Базарбаев мырза.

Жоғарыдағы тамадалардың қай-қайсысы болса да, тойдың халал өтуін қолдап отыр. Ал сіз, құрметті оқырман, тойыңыздың қалай өткенін қалайсыз? Бәлкім оны жасап та үлгерген шығарсыз? Stan.kz порталындағы достарыңызбен пікіріңізді бөлісе отырыңыз.


Жіберіп алмаңыз:

Жас жұбайлар думандатып той жасаудың орнына 30 балаға қыстық киім алып берді

Қыздарға қырыңдап, құдаларды есекке теңеген Төлендиев той иелерінен сөз естіді

Тойына тікұшақпен келмек болған қалыңдық көз жұмды

Шымкент тойларының бірінде асыр салған қыздың биі тәнті етті (видео)

Талқылау