Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана әкімі кептеліс үшін автомобиль жолдары басқарма басшысын қызметінен қуды

Астана әкімі Әсет Исекешев Қабанбай батыр даңғылын қайта жөндеу мәселелеріне қатысты көшпелі кеңес өткізді. Қазір жол жөндеу жұмыстары елорда тұрғындары мен қонақтарына қолайсыздық тудырып отыр.

photo_194120

Фото: m.pavon.kz 

Жөндеу жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылмағаны үшін бірқатар лауазымды тұлға жазаға тартылды, деп хабарлайды BNews.kz.

Автомобиль жолдары, көлік басқармалары, ІІД және қалалық кәсіпорындар арасындағы жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмағаны үшін елорда әкімдігінің бірқатар шенеунігі тәртіптік жазаға тартылды.

Осы салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметовке ескерту жасалды.

Әкім Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сымбат Мырзағұловты қызметінен босатуды, «Астана Теплотранзит» АҚ мен «Астана су арнасы» МКК басшыларына қатаң сөгіс, «Aстана LRT» ЖШС басшылығына сөгіс жариялауды тапсырды, деп жазады astana.gov.kz.

Исекешев ІІД мен Жергілікті полиция қызметіне тиісті учаскелерге қажетті жол белгілердің қойылмауына байланысты жауапты тұлғаларды анықтап, жазаға тартуды тапсырды.

Қала әкімінің орынбасары Қ. Айтмұхаметовке жұмысты жеделдетіп, Қабанбай батыр даңғылын мұның алдында жоспарланғандай 5 қазанда емес, 20 қыркүйекке дейін ашу тапсырылды.

«Сізге барлық құзырет пен мүмкіндік берілді. Жөндеу жұмыстарын оқу жылы басталғанға дейін аяқтауға мүмкіндік болған еді. Енді сіздердің келіспей әрекет етулеріңіздің салдарынан елорда тұрғындары, ата-аналар мен балалар мектеп пен балабақшаға, ауруханаға жете алмай отыр», – деді Әсет Исекешев.

Кеңес барысында жол салу жұмыстарын орындаудың жаңа тәсілдері, қоғамдық көлік мәселелері талқыланды. Елорда тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау – басты назарда. Бұл ретте осы саладағы жүйелі жұмыстар Астананы дамытудың жаңартылған бағдарламасында көрініс табады.

 

Талқылау