Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Индира Расылхан: Тойдан түскен ақшаны көзбен есептеп қоятынмын

Бүгінде той-томалаққа шығып өнер көрсететін жас бүлдіршіндер өте көп. Бір кездері олардың қатарын әнші Индира Расылхан да толықтырған екен. Ол балалық шақта табыс тапқанның еш зияны жоқ екенін айтып отыр.

image_l

Бұл туралы «Пендеміз ғой» бағдарламасында айтылды.

Тәтті бүлдіршіндер тек қазақстандықтарды емес, шетелдіктерді де өз өнерлерімен тәнті еткен. Есімдері – Әмина мен Әдия. Олар «Аминка-витаминка», «Адека-персик» есімдерімен танымал. Бүгінде ата-аналарының жолын қуған Бекарыс пен Бекайдар той-томалақтың жарқын жұлдыздары. Екі жастарынан бастап ән айта бастаған олар сұранысқа ие бүлдіршіндер. Қайрат Нұртасқа еліктеп шаш қиып, көзілдірік тағып билеу сәнге айналғалы қашан. Әншінің жүріс-тұрысынан бөлек, сөзіне дейін жаттап алып той-томалақта ақша тауып жүргендер жетерлік. Дәл осылай бала күнінен той аралап табыс тапқандардың қатарында әнші Индира Расылхан да бар екен.

«Осы студияда балаларды көріп отырып өзімнің балалық шағым есіме түсіп отыр. Расымен де, барлығымыз осы деңгейден өттік. Бала күнімізден бастап әке-шешеміз әртүрлі жерге, музыка мектебіне сүйреді. Әке-шешемізбен бірге той-томалақтан қалмайтынбыз. Одан қалды мектеп бар. Бірақ, шыны керек, біздің кезімізде заман басқаша болды. Той тек демалыс күндері болатын. Сол себепті біздің сабағымызға көп кедергі келтірмейтін. Әкем асаба болғандықтан, үнемі қасында жүретінмін. Тіпті, барған тойларымды есептейтінмін. Әкем ақшаны маған беріп қоятын. Сол кезде отырып алып оны есептейтінмін. Әлі күнге дейін ақша есептегенді жақсы көремін. Бұдан жаман болдық деп ойламаймын. Мектептің мақтанышы болу арқылы бала бойында ынта мен жігер қасиетін дарытады», – дейді Индира ханым.

Әнші осылайша өзін бала күнінен қамтамасыз етіп үйренген. Мұнымен қатар, тек өз ауылында емес, көрші аймақтарда өнер көрсеткенін айтты. Бала күнінде тойдан түскен қаражатта көзбен-ақ санап қояды екен.

«Мен Жамбыл облысының Жуалы ауданында өмірге келдім. Кейін Қаратау қаласында өстім. Сол кезде Жуалыға, Ақкөлге, Таласқа тойға шақырады. Үнемі тойдан кейін қанша табыс тапқаныма қызығатынмын. Себебі, әкем асаба, өзі келіннің бетін ашады, одан кейін мен той бастаймын. Ол кезде ақшаны көзбен есептеп қоятынмын. Бірақ нақты қанша сома түсетінін айта алмаймын. Қазіргі ақшамен шамамен 3-4 мың теңге. Мектеп формамыздың, аяқ киіміміздің ақшасы дайын тұратын. Яғни өзімді бала күнімнен қамтамасыз етіп үйреніп қалғанмын. Ойын баласы болдым деп айта алмаймын. Маған ойнау арман болатын. Бір сағат ойнап келу үшін әке-шешемнен әрең сұранатынмын. Бір шетінен менің балалық шағым болмады деп те айтпаймын. Дәл осылай тәрбиеленгенім үшін өкінбеймін», – дейді әнші.

Студия қонағы Тамара Рахымжанқызы да балалардың тойға барғанына қарсылық білдірмейтінін айтып өтті. Десе де, олардың ақшаға қызығып кетпеуін қадағалауды ұсынды.

«Неге бұларды қолдамасқа? Олардың сабаққа да, тойға да үлгеретініне мен сенімдімін. Себебі өнерге қызыққан бала өмірге де қызығады. Олардың келешектері зор. Әрине, өнер мен табыс табудың арасында ат пен түйедей айырмашылық бар. Бірақ балаларды көбінесе табысқа қарай емес, өнерге қарай итермелеу керек. Жаңа Нұрасыл баламыз «Мен ақшаға қызықпаймын. Бірақ ағайын-туысқанның ортасында ән айтқанды жақсы көремін, тегін айтып беремін» деп отыр. Соның өзі баланың сана-сезімінің жоғары екенін білдіреді», – дейді Тамара ханым.


Жіберіп алмаңыз:

Досы Димаштың жүлдеден өнерді биік қоятынын айтты

Ақын Орал Байсеңгір Димаштың орындауындағы «Ұмытылмас күн» әнінің тарихын айтып берді

Жұлдызай Дүйсенбиева: Жүкті кезімде әкемнің көзіне көрінбедім

Қайрат Нұртастың анасы: Жаңа фильмде танымал адамдар болмайды

Талқылау