Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ІІД өкілі: Жұртқа ұрылардың үстіне арызданып жазасын тартқызудың орнына, жібере салған оңай

Елімізде қалта ұрлығы тиылмай тұр. Тек биылғы 10 айдың өзінде 200 мыңнан астам дерек тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Алайда, қылмыс саны артқанымен ұрылардың дені сол күйі қолға түспей, тайраңдап жүр.

Анықталғандай, араларында жымысқы әрекетін бірнеше рет жасаған сұғанақтар да бар екен.

Бұл заңның әлсіздігі ме, әлде құзырлы органдардың қызметін дұрыс атқармауы ма? Үнемі шет елдің тәжірибесіне сүйеніп жүрген ішкі істер министрлігі бұл жолы қандай әрекеттер жасап отыр? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қоғамдық көлік, сауда орталықтары, мектеп пен жоғарғы оқу орындарының маңайы – бір сөзбен айтсақ адам қарасы қалың жерлер. Қалта ұрыларының жұмысы қызып тұрған негізгі мекендер бұл. Халықтың ұялы телефоны, әмианы қолының жымысқысы барлардың негізгі табыс көзіне айналғандай. Сондай адамдардан опық жеп қалған жандардың бірі – Наргиз. Оның айтуынша, тек соңғы бір айдың ішінде оның 2 ұялы телефонын ұрлап кетіпті.
«Әдетте мен үйге қайтып келе жатқанымда автобустың іші лық толы болады. Адамдар бір-біріне жабысып тұратыны сонша шығатын есікке қарай жылжыйтындар итеріспесе, өте алмайды. Менің телефондарымды да осылайша ұрлап кеткен. Екеуі де арзан тұрмады. Полицияға шығымдандым, бірақ олардан еш көмек болмады» – дейді қала тұрғыны Наргиз Жарқынқызы.

«Сақтықта қорлық жоқ деп» бүгінде қоғамдық орындардың көбінде бейнебақылау камералары орнатылған. Олар кез-келген келеңсіз жағдайдың бетін ашу үшін таптырмас көмек ретінде саналады. Бірақ, әзірге тигізіп жатқан үлесі шамалы, -деп ашынады тұрғындар.

«Видео камераларды қосуға сұрадық. Камерадан қарасақ, адамның бейнесі айқын көрінбейді, бірақ дегенмен адамның қалтадан шығарып жатқаны көрінеді. Соны видеокамераларды телефонға жазып алып, полиция қызметкерлеріне апардық. Олар қарағанымен бір айдай іздестірді бірақ таба алған жоқ» – дейді қала тұрғыны Даяна Мамашева.

Сандарға сенсек, елімізде қалта ұрлығының 70 пайызы сол күйі ашылмай, іс қысқартылып кетеді екен. Тек биылдың өзінде 205 мыңға жуық қылмыс тіркеліпті. Бұл ретте шетелдің тәжірибесіне жиі сүйенетін ішкі істер министрлігі Жапония, Біріккен Араб әмірліктері, Солтүстік Кореяны неге қаперге алмайтыны түсініксіз. Бұлар әлемдегі ең қауіпсіз елдер тізімінде көш бастайды. Өйткені олардың ұрыларға қатысты жазасы тым ауыр. Саусағын кеседі, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырады немесе 10 жылға дейін қоғамдық жұмысқа салып қояды. Ал енді бізде қалай? Керісінше, “ауыр қылмыс жасамады” деп жазасын барынша жеңілдетуге тырысамыз.

«Жедел іздестіру шараларын жүргізіп тұрамыз. Қазіргі таңда автобуста орнатылған бейнебақылау камералары бар. Сондай-ақ, автобусқа егер мінсеңіздер, бізде информатор халыққа құлаққағыс беріп отырады. Құлақтандырып отырады. «Абай болыңыздар». Осындай шараларды жүргізіп тұрамыз» – дейді қалалық ІІД баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова.

Бұл ретте заңгер Жасұлан Нұрмаханбетов, қателік халықтың өзінен екенін алға тартады. Яғни, «жұртқа ұрылардың үстіне арызданып, жазасын тартқызудың орнына, жібере салған оңай. Бірақ бұл- мүлдем дұрыс емес»,-дейді ол.

«Азаматтардың ішкі істер органдарына барып, арыз жазып, оны қайта-қайта барып білудің өзі үлкен уақыт алады. Шығын. Сондықтан да оның артынан жүріп, былай қудалағаннан гөрі, оны бос жібере салған жеңілірек деп санайды. Артынан қудаламауға тырысады. Бізде процедураның өзі арыз жазып, оның жазалануын талап ету өте ұзақ әділеттілікті қалпына келтіру бізде заңда өте ауыр процедурамен тең» – дейді заңгер Жасұлан Нұрмаханбетов.

Осылайша, қоғамда «ұрлық жасамаса қайтсін, жоқшылық соған жеткізеді» деген ой да қалыптасқан. Бірақ одан тезірек арылуымыз керек. Өйткені өзгенің ала жібін аттап, жиған-тергеніне қол сұғу кедейшіліктен құтылудың жолы емес,- дейді мамандар.

 

 

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау