Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Хан-Шатырда" оқушы қыз суға батып көз жұмды: Балалардың бір-бірін тұншықтырып ойнағаны рас па?

Балаларға арналған жазғы демалыс лагерінің жұмысы тоқтатылмайды. "Хан Шатыр" бассейнінде қайтыс болған 8 жастағы қыздың өліміне қатысты бас педагог Күләш Шәмшидинова осындай мәлімдеме жасады. Кеше шомылып жүрген бір топ бала бір-бірін суға тұншықтырып ойнаған деген ақпар тараған еді. Алайда, ол мәліметті еліміздің бас полицейі растаған жоқ. Жеткіншек өлімі тіркелген бассейннің тереңдігі 50-60 см болған. Ол жерде оқушылардың жанында ата-аналары мен лагерь жетекшілері де болыпты.

Күні кеше "Хан Шатырда" 9 жасар қыз бассейнге батып мерт болғаннан кейін, балалардың бір-бірін тұншықтырып ойнағаны туралы ақпар тарады. Алайда ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұл мәліметті растамады. 

Ал сол лагерьде балалары жазғы демалысын өткізіп жүрген ата-аналар бассейнде балалар көп болғандықтан, оларға қарау мүмкін болмаған шығар деген пікірін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап. 

«Әрине, бұл өте үлкен қайғылы жағдай. Ешкімнің басына бермесін. Қарау керек еді. Енді көп бала болған соң, қарай алмаған шығар. Ештеңе айта алмаймын», - дейді ата-аналардың бірі. 

Еліміздің бас ұстазы болса аталған оқиғаға қарамастан, барлық жазғы демалыс лагерьлері жұмысын бір сәтке де тоқтатпайтынын мәлімдеді. Тіпті, екі жыл бұрын өзі басқарып отырған ведомство мен ішкі істер министрлігі бірігіп балаларды суда жүзуге үйрету бағдарламасын әзірлепті. Министр Күләш Шәмшидинова оқыс оқиғаға сынып жетекшісі мен лагерь мамандары жауапты екенін айтты. 

«Қазір тергеу жүріп жатыр, оның қорытындысы шықпай біз ештеңе айта алмаймыз. Бірақ кеше аталған факт тіркелісімен, біздің қызметкерлер сол жерге барды. Бұл жағдай менің бақылауымда. Қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, оқиғаға кінәлілердің жауапкершілігін қатаңдату керек. Ал жазғы лагерьлер өз жұмысын жалғастыра береді», - дейді министр.      

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, қайғылы жағдай болған уақытта сауда орталығының бассейнінде 200-ден астам бала мен 24 тәрбиеші болған. Тіпті, құтқарушылар да сол маңда жүрген. Бірақ неліктен дер кезінде көмек көрсетіп үлгермегенін ешкім дөп басып айта алмай отыр.   

«Жазғы лагерьге ата-анасының өтініші бойынша жазылған. Өздері сол өтініште балаларының «Хан Шатырдағы» жүзу бассейніне барғанын қалайтынын көрсеткен. Өйткені барған оқушылардың арасында мектептегі мұғалімдермен қатар, бірнеше ата-ана да болған», - дейді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев.

Ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев болса, аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 141-бабымен іс қозғалғанын айтады. Сондай-ақ, бассейндегі барлық бейнежазбалар алынып тексеріліп жатыр екен. Сараптама қорытындысы бойынша, кінәлілер лайықты жазаларын алады дейді, бас полицей.                  

«Негізі ол жерде мектеп құрған жазғы балалар лагері болған. Кеше бассейнде 30 бала шомылып жүрген. Қыздың тұншығып мерт болу фактісіне қатысты қазір жан-жақты тексеру жүргізіп жатырмыз. Қайғылы жағдай кезінде құтқарушы қайда болғанын, неге дер кезінде шара қолданбағанын анықтаймыз. Балалар лагерін құрған барлық ұйымдастырушылар жауапқа тартылады. Бақылау камерасындағы жазбаларды алдық», - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Айта кетсек, еліміздегі жазғы лагерь маусымы елордада 27 мамыр күні басталған болатын. Қазір демалыс мерзімінің 7-ші күні. Жауаптылар болса, қаршадай қыздың өлімінен кейін, барлық бассейндегі қауіпсіздік шараларын күшейтеміз деп уәде беріп отыр. 

Естеріңізге сала кетсек, 3 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласындағы ойын-сауық орталығында қыз бала бассейнге батып кетті. Ол №10 мектепте 1-сыныпты тәмамдаған. Көпбалалы отбасының тұңғышы болған

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр