Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Головкиннің келесі қарсыласы Сауль Альварес болуы мүмкін

Әйгілі спорт майталмандары айдаһар мен көжектің тартысына теңеген бүгінгі жекпе-жектен кейін әйгілі GGG жерлесіміздің араны ашыла түскендей.

Boj-Gennadij-Golovkin-Saul-Alvares

Сурет: vesti.kz 

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Гена Головкин енді рингке аты әлемге танылған баһадүр боксшымен ғана шығамын деп мәлімдеме жасады. Оның келесі қарсыласы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, гауһар белдіктің иегері Сауль Альварес болуы мүмкін.

2 раунд ішінде жасалған 133 жойқын соққы. Соның 54-і дөп тиіп, 3-еуі Доминик Уэйдті тізе бүктірді. Ал 18 қарсыласының бірінен де жеңіліп көрмеген америкалық боксшы Головкинге 75 соққы сілтеп, соның 22-сін ғана дарыта алыпты. Бүгін дүр сілкінген Лос-Анджелестің «Форум» аренасы есін қайта жинағаннан кейін шетелдің жетекші спорт арналары мен агенттіктері айтулы айқастың тұжырымдамасын жасай бастады.

Британияның ВВС арнасы Генаны 22-айқын нокаутымен құттықтап жатса, АҚШ-тың CNN телеарнасы «Головкин бокста шоу көрсетудің үздік шебері екендігін тағы да дәлелдеді» деп жазды. Олар GGG-дің қарсыласын қан қақсатқан үздік 10 нокаутын жинақтап, ұсынған.

Ал қазақтың толағайына тап келген Доминик Уэйдтің орасан күш иесін мойындамасқа амалы қалмады.

«Головкиннің күші менің күткенімнен әлдеқайда мықты болып шықты. Оның соққысы тигенде аяқта тұру өте қиын. Оның бойында чемпионға лайықты қасиеттің бәрі бар», – деді Уэйд.

Ал қарағандылық батырдың жекпе-жегін жарты жыл күткен қазақстандықтар жанкүйер болу үшін әдеттегідей таң атысымен экранға телмірді. Астаналықтар «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залына жиналып, жеңісті күтті.

Алғашқы минуттардағы нокдаун мен 2 раундтың соңындағы нокаут Уэйдті ғана емес, экран сыртындағы миллиондаған адамды да есеңгіреткен сияқты. Әр кездесуінің алдында жанкүйерлеріне шоу көрсетуге тырысамын дейтін жерлесіміз бұл жолғы жекпе-жегін бір демде аяқтады.

“Геннадий, біз сені мақтан тұтамыз. Елімізді күллі әлемге танытып жүрген бауырымыз өзіңсің. Біз сенімен әрдайым біргеміз. Бүгін елорданың жастары жиналып, бір өзіңе жанкүйер болды. Гена, алға”, – дейді жанкүйер Ақұлан Тастемір.

“Мен бүгін өте қуаныштымын. Арнайы Қарқаралыдан келдім. Гена, жарайсың, бүгін қазақ еліне, қазақ жастарына қандай болу керек екенін дәлелдедің”, – дейді жанкүйер Амангелді Хамитов.

Осымен толағай батыр IBF тұжырымы бойынша алғаш рет әлем чемпионы титулын алды. Ал WBA тұжырымында ол 16, IBO бойынша 13 және WBC жөнінен осымен 4 мәрте әлем чемпионы атағын қорғап шықты. Енді ол өзіне лайық атышулы боксшылармен қолғап түйістіруді мақсат тұтып отыр.

“Мен чемпиондығымды сақтадым. Енді маған бұдан үлкен жекпе-жек керек. Бүгінгі кездесу де оңайға түскен жоқ. Мен өзімнің жанкүйерлеріме сый жасадым деп ойлаймын”, – дейді IBF, WBA, IBO, WBC тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин.

Жерлесіміздің ендігі көздегені – WBC белдігі. Ол қазір мексикалық Сауль Альварестің еншісінде. Бокссүйер қауым мамырдың 7-і күні британдық Амир Хасанмен жұдырықтасқаннан кейін Сауль Альварес Головкиннің алдына келеді деген үмітте.

 

Талқылау