Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Голландияда суда қалқып жүретін саябақ пайда болмақ

Голландиялық сәулетшілер әлемде теңдесі жоқ саябақты абаттандыру идеясын нақты жүзеге асыра бастады. Роттердам айлағындағы суретші Хорхе Беккердің шығармашылығынан шабыт алған олар суда қалқып жүретін саябақ салмақ.

Безымянный

Бұл туралы 24.kz сайты хабарлайды.

Шеберлер ағаштарды отырғызу үшін судың таяздығын көрсететін ескі қалқыма белгілерді қолдануда. Ескі қондырғыларға топырақ салынып, алғашқы 20 көшет егілді. Келешегінен көп үміт күттіретін игілікті шара елдегі Ұлттық ағаш күніне орайластырылған. Осы істі қолға алған компания өкілдері су бетінде жүзіп жүретін орманды 10 жылда өсіріп шығамыз деп сендіреді. Олар бұл жобаға 2012 жылдан бастап нақтылы зерттеу жүргізген.

“Айлақтың мына жағы бұрын әдемі болмайтын, енді нағыз саябаққа айналмақ. Бұл жер тұрғындар үшін ең көркем орындардың біріне айналарына сенемін. Мұнда келіп, қыдырып, велосипедпен серуендеуге, табиғатты тамашалауға немесе оның аясында ет қуырып жеуге болады”, дейді Mothership арт-студиясының негізін қалаушы Йерун Эверерт.

Қалқыма белгілерге бекітілген жасыл ағаштар Рейн өзенінде жүзіп, қаланы таза ауамен қамтамасыз етпек. Зерттеу нәтижесінде бұл жобаға голландиялық шегіршін ағашы қолайлы деп танылған. Өзеннің тұзды суын тұщыту үшін көшет тамырына арнайы жүйе орнатылды. Жаңа жобаға түрлі құрылыс нысандарын салу кезінде кесіліп, керексіз болып қалған ағаштар пайдаланылады. Жергілікті халық «бұл да бір оң шешімін тапқан мәселе болды» деп қуанып отыр.

Талқылау