Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Гелиос”-ке тиесілі көлік жуу бекетінде көлік ұрланғанымен компания жауап беруден жалтарған

“Гелиос” компаниясы жанармай бекетіндегі көлік ұрлығына қатысты әлі де нақты жауап бермеді. Алматы облысында көлігін “Гелиос” жанармай құю бекетіне тиесілі көлік жуу орталығына қалдырған тұрғын,  бірнеше сағаттан кейін машинасының жол апатына ұшырағанына “Гелиос” қызметкерлерін кінәлаған еді.

көлік жууу

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Бүгінде көлікті  ұрлаған жігіттердің біреуін полицейлер ұстаған. Ол өз кінәсін толық мойындағанымен “Гелиос” компаниясы көлікті айдап кеткен жігіттерді танымаймыз деп жауаптан жалтарып жатыр.

Алматы облысының полицейлері ұрланған көлікпен жол апатын жасап қашып кеткен екінші азаматты әлі іздестіріп жатыр. Ал, жаңа жылдық мерекені қуанышпен өткізе алмаған алматылық Жангелдінің жол талғамайтын 2013 жылғы көлігі бір айдан бері айып тұрағында. Айтуынша, темір тұлпарды қайта қалпына келтіруден қайран жоқ.

«Сол кезде “Гелиос” компаниясының менеджері болды, аты Еркін бе еді, сол айтты бұл жігіттер бізде штатта бес жылдай болды. Мұндайды күтпеген едік бұлардан деді. Ал енді қазір Гелиостан естіп жатырмыз бұл жігіттер бізде жұмыс істемейді, біз төлей алмаймыз депті»,-дейді ұрланған көлік иесі  Жангелді  Бауыржан.

Жәбірленуші 30 желтоқсанда көлігін жудыруға тапсырғанда қабылдаған жігіттер фирмалық арнайы киімде болғанын нақтылады. Алайда “Гелиос” басшылығы көлік жуғыш азаматтарды танымайтындарын айтып, жауаптан жалтаруда.

Бізге белгілісі, 2015 жылдың 30 желтоқсанында №64 “Гелиос” бекетінен Нұрсұлтан есімді азамат белгісіз біреудің Mitsubishi L200 көлігін айдап кеткен. Ол азамат “Гелиос” компаниясында ешқашан жұмыс істемеген.

Көлік ұрлағандар бір емес екі көлікті соғып, жол бойындағы дүкенді жаныштай тоқтаған. Зардап шеккен өзге көлік иелері де шығынды кімнен өндіреміз деп уайымдайды.

«Сол жақ дөңгелектен соғып, соққанда да қатты соқты. Сол кезде мен ұшып кеткенмін ғой, 15 а үйдің қақпасынан кіріп кеткенмін. Машинаның алды жағы бәрі жарамай қалды»,- дейді оқиға куәгері  Марат Кашимов

Күдіктінің біреуін оқиға орнында ұстаған полицейлер жол апатына қатысты тиісті шараларды жүргізуде. Алайда “Гелиос” бекетінде болған қылмыстың толық сипаты ашылмай отыр дейді жәбірленуші. Облыстық ішкі істер басқармасы жол апатына қатысты іс біздің қатаң бақылауымызда дейді.

«Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Екінші күдікті іздеуде. Бұл қылмыстық іске қатысы бар әрбір тұлға жіті тексеріледі. Ал олардың және “Гелиос” әкімшілігінің заң алдында қаншалықты жауап беретінін сот орындары анықтайды»,-дейді  Алматы облыстық ІІД баспасөз хатшысы  Шолпан Жайсанов.

Ұрланған көлік иесі заң орындарына өз шағымын қалдырған. Ал, ел ішінде осы оқиғадан соң, “Гелиосқа” сенуге бола ма деген сауал туындайды. Қазір “Гелиостың” кешенінен көлік ұрланса, оған ешкім жауап бермесе, ертең өзге жағдайда компания жауапкер бола ала ма? Қалай болса да, брендке сеніп, мүлкіңізді өз қолыңызбен ешкімге тапсырып, опық жеп қалмаңыз.

 

Талқылау