Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Гамбиялық легионер «Ертіс-Павлодар» футбол клубын сотқа берді

Павлодар қалалық сотында Гамбия Республикасының азаматы Жаржу Мұстафа Кеббаның (Jarju Mustapha Kebba) «Ертіс-Павлодар» футбол клубы» ЖШС-нің үстінен еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты жарамсыз деп тану, жалақыны, еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақыны төлеу, еңбек шартын бұзумен байланысты өтемақы төлеу, жалақыны уақытылы төлемегені үшін өсімпұл, әуе билеттері құнын төлеу туралы арыз талабы қарастырылды.

мустафа

Іс материалдарында кәсіби футболшыны «Ертіс-Павлодар» футбол клубы» ЖШС-не тарту үшін сотқа арыз беруші мен жауап берушінің арасында келіссөздер жүргізіліп, соның қорытындылары бойынша арыз беруші клубта жұмыс істеуге келісімін бергені, ал жауап беруші арыз берушіні Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысу үшін кәсіби футболшы ретінде қарастырғаны жазылған, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Арыз берушімен 2015 жылдың 24 маусымынан бастап 2015 жылдың 15 қарашасына дейін кәсіби футболшының міндеттерін орындау келісім шарты жасалды.

Арыз берушінің жазбаша өтініші бойынша 2015 жылдың 7 қыркүйегіндегі бұйрықпен  келісім-шарт ҚР Еңбек кодексіндегі 57-баптың 3-бөліміне сәйкес бұзылды.

«Еңбек шартын бұзу негіздемелерімен және еңбек заңнамасының бұзушылықтарымен келіспеген арыз беруші сотқа бұзылған құқығын қалпына келтіру туралы арыз берді», – делінген хабарламада.

Павлодар қалалық сотының шешімімен арыз берушінің арыз талаптары ішінара қанағаттандырылды және Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасына сәйкес жауап берушіден соңына дейін төленбеген жалақы, еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы, жалақының кешіктіріліп төленгені үшін өсімпұл және жол жүру шығындары төлетілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Талқылау