Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғаламшарымыздағы ең тамаша ғибадатханалар (фото)

Құдай үйі саналатын ғибадатханалардың ғаламат сәулеті еріксіз тамсандырып, айрықша ықыласыңды оятады. Сәулетті қасбеті, қиялыңа да сыймайтын көлемдері діни ғимараттарды жер жүзіндегі ең тамаша, таңғажайып құрылыстардың қатарына қоспауыңа мүмкіндігіңді қалдырмайды.

000001Сурет: poznaimir.net

Ғибадатхананы өз көзімен көруге келген саяхатшының қандай дінді ұстанатыны (бәлкім, ешқайсысын ұстанбайтын да шығар) маңызды емес,  оның ғимарат құрылысына атсалысқан адамдардың асқан шеберлігі мен дарынына бас иетіні анық.

Ең әсерлі деген ғибадатхана сәулет үлгілерін іздеу барысында Quora сұрақ-жауап сайтының қолданушылары арасында сұрау жүргізілді.  Сайттағы қыдырымпаздар қай ғибадатхананы діни рәсімдерді атқаруға арналған әлемдегі ең тамаша орын деп есептейді екен?

Қолданушылар мешіт, шіркеу, синагога, базилика және басқа да ғибадатханалар сынды әр құрлықтағы түрлі дін өкілдерінің қасиет тұтар орындарын тізіп сала берді.

Оларды тұрғызу және көркемдеудегі ниет пен мақсат бір ғана діннің аясында болғанымен, ғибадатханалардың көркемдігі қай құдайға табынып, қай мәдениетті сіңіргеніне қарамастан кімді де болсын тамсантпай қоймайды.

Брихадешвара ғимараты, Үндістан

брахидешвараСурет: sun-i.ru

Үнді жерінде «Үлкен ғибадатхана» деп танылған аса ірі индуизм ғибадатханасы Тамил Наду штатындағы Танджор елді мекенінде 1010 жылы Үндістан тарихындағы ұлы билеушілердің бірі Раджа Раджа Чола әміршінің тұсында салынған.

«Ең алғаш бұл ғибадатханада 9-сынып оқып жүргенімде мектеп ұйымдастырған экскурсия кезінде болған едім, – деп жазады Делилік Шармила Ашраф. – Мені мұндағы сәулет өнері мен сәулетші ес-түссіз ғашық етті. Бұл ғибадатхананың сәулеті ғана емес, оның таңғажайып тарихы да тамаша».

Ғибадатхана құрылысын ұшар басындағы “тәжі” аяқтап тұр. «Тәж» қашалып жасалған үлкен кумбам тасының құрылыс алаңына қалай әкелінгендігі – ғибадатхананың күні бүгінге дейін ашылмаған құпиясы.

Монолиттің салмағының өзі 70 мың килограмм болса, жақын маңдағы гранит кені ғибадатхана кешенінен 60 шақырым қашықтықта жатыр.

Ғибадатхананың бас қақпасының жанында Шива құдайына арналған Нанди қасиетті өгізінің алып мүсіні орналасқан. Тау жыныстарының тұтас кесегінен жасалған мүсіннің салмағы 20 тоннаны құрайды.

320 мың шаршы метр аумақты алып жатқан ғибадатхана кешені назар салуыңа тұрарлық.

«Ғибадатхананың үлкендігі мен кеңдігі сонша, көне мүсіндер мен алып қабырғаларды тамашалап жүріп бірнеше рет демалып алуыңа тура келеді, – дейді Ашраф. – Бұл – Чола әулетінің билігі тұсындағы сәулет өнерінің керемет жетістіктерінің бірі. Шынымен де magnum opus (ғажап жаратылыс)».

Жартас күмбезі, Иерусалим

dome-of-the-Rock-6Сурет: israelgid.ru

Бангладештегі Дак қаласының тұрғыны Дженифер Аламның сөзіне қарағанда, әлемдегі діни рәсімдер жасалатын орындардың ішіндегі ең атақтыларының бірегейі Жартас Күмбезі – «ең тамаша көрініс».

VII ғасыр құрылысына жататын Ғибадатхана тауынан орын тепкен қасиетті орын – бірден назарың ауатын ғаламат күмбезінің арқасында қаладағы ең танымал көрікті жерлердің бірі. Күмбездің алтын жалатылуына 1990 жылдары 80 килограмм жұмсалған екен.

Сегізқырлы ғимарат құрылысы мен оның түрлі-түсті мозайкаларын әрлеген ою үлгілерінде византиялық шіркеулерден кіріктірілген элементтер бар деп топшыланады.

Арабша Масжид Куббат ас-Сахра деп аталатын Жартас Күмбезі түрлі дін өкілдерінің құрметіне ие.

Аңыз бойынша, иудаизмде қасиет тұтылатын орындарының бірі, жарты ғимараттағы негіз тас немесе іргетас тұрған жерде Інжіл түсіп, ғалам жаратылған.

Сонымен қатар, Інжіл бойынша, аталарымыз – Адам, Ибраһим, Нұх дәл осы тас үстінде құрбандық шалған деп те жобалайды. Көптеген иудаизм дінін ұстанушылар әлі күнге дейін тас тұрған бағытқа қарап ғибадат жасайды.

Ал мұсылмандар болса күмбез Мұхаммед пайғамбардың миғраж түнінде (түсіне Жебірейіл періштенің енуінен соң) Меккеден Иерусалимге жеткізіліп, көкке көтерілген орнын тасалып тұрғанына сенімді.

Шведагон пагодасы, Мьянма

img_51a5e55ab2059Сурет: greenword.ru

Тарихшылар бұл будда ғибадатханасының VI мен X ғасырлар аралығында тұрғызылғанын дәлелдеуге тырысса да, аңызға сәйкес ғимараттың жасы 2,5 мың жылдан асады.

Аңыз бойынша, будда ғибадатханасын буддизмнің негізін қалаушы Будда Гаутаманы кезіктірген екі ағайынды (Тапусса мен Бхалик көпестер) тұрғызған екен.

Айтуларынша, ғибадатханада төрт Будданың қасиетті жәдігерлері сақтаулы: шашы, тостағаны, жамылғысы мен асатаяғы.

Қасиетті ғимараттың пайда болуы жайындағы пікірлердің қайсысы дұрыс не бұрыс екеніне қарамастан, мұнда келушілердің бәрінің қасиетті орынды қастерлеудегі әрекеттерінің түбі бір.

«Будда ғибадатханасы Янгонның дәл жүрегінде, халық көп жүретін қала орталығында орналасқанымен, ғимарат ішіне кіргенде сіз ешқандай да дыбысты естімейсіз, – деп жазады Бостондық Чжунь Дан. – Менің жан-жүрегімді тыныштық сезімі жаулап алды. Мұнда будда ғибадатханасының көркіне таңданып немесе ештеңе ойламай тыныштық күйге түсіп, қатарынан бірнеше сағат отыра беретін едім».

Таза алтыннан жасалған жалпақтастар ғимараттың негізін көмкеріп тұрғандықтан, құрылысқа «Алтын будда ғибадатханасы» деген атау берілген. Жердің әр бұрышынан келген адамдар ғибадатханының алтын жалатылуы үшін әрдайым алтындарының бір бөлігін құрбан етеді.

Ғимараттың асты-үсті алтынмен қапталған. Оның шыңы бес мыңға жуық гаухар таспен және екі мың лағыл таспен безендірілген (Ғимараттың бағалы жабдықтарында жақұт пен зүбаржат та кездеседі). Ең төбесіндегі 76 карат гаухар тас будда ғибадатханасының тәжі іспетті.

Әулие Петр базиликасы, Ватикан

sobor-svyatogo-petra-vatikan-4Сурет: lightsup.ru

Базилика әрдайым саяхатшыларға лық толы болғанымен, бұл жағдайдың өзі католиктік және христинадық сенімнің нышанын өзіндік ғаламатынан ажыра алмайды. Роберт Карнери есімді қолданушы: «Оның сәулетінің тамашалығы хақында ешкім де дау туғыза алмайды деп ойлаймын», – деп жазған екен.

Əлемдегі ең ірі шіркеулердің бірі Əулие Петр базиликасы құрылысына Донато Браманте, Микеланджело Буонарроти жəне тағы да басқа əйгілі итальялық сəулетшілер үлесін қосқан қайта өрлеу дəуіріндегі сəулет өнерінің озық үлгілерінің бірі ретінде есептеледі.

Шіркеу бұл жерде Рим империясы уақытынан бері тұрғанымен, қазіргі ғимараттың құрылысы тек 1626 жылы аяқталған.

Ішінің диаметрі 41,47 метр, ал биіктігі 136,57 метр болатын əлемдегі ең биік күмбез шіркеудің сəулетін асырып тұр десек, еш қателеспеспіз.

Ерекше безендірілген қасбеттер, базеликаның іші мәрмәр ою-өрнектермен және мозайкалармен, сонымен қатар Джоттоның «Навичелласымен» барынша әсем әрі бай безендірілген. Мұнда Микеланджелоның «Пьетасынан» басталатын көптеген мүсін өнерінің жауһарлары сақталған.

“Əулие Петр шіркеуінің ғажайып кескінін, ғаламаттылығы мен өлшемін беруге ешқандай фотосуреттердің  мүмкіндігі жетпейді”, – деп қосады Карбери.

Лотос ғибадатханасы, Үндістан

lotos2Сурет: indianochka.ru

Адам қолынан шыққан тамаша туынды қатарынан орын алу үшін, діни ғимараттар сəулеті міндетті түрде бағзы замандар ескерткіштеріне тиесілі болуы шарт емес.

Тамаша ғимараттардың бірі 1986 жылы бой көтерген еді. Ол – Үндістан астанасы Делидегі бахаизм дін өкілдерінің діни рəсімдерін өткізетін басты ғибадатхана. Ашық аспан астында айқын көрінетін 27 гүл күлтесіне ұқсас құрылымдардың пішіні шешек атқан гүл іспетті болғандықтан, Лотос ғибадатханасы аталып кетті.

Quora сайтындағы пікірталастың қатысушысы Ченнайлық Мурали Кришнан : «Гүл пішініндегі ғимарат қаланың маңызды көрікті орындарының біріне айналды», – деп жазады. Оның соңынан: «Жоба сәулет өнерінде көптеген марапаттауларға ие болып, сәулет өнері, көркем өнер, дін және саясат салаларында өзін мойындата білді», – деп қосады.

Аппақ мәрмәрмен қапталған Лотос ғибадатханасының есігі барлық адамдарға ашық. Оның күмбезбен аяқталатын тұсының сыйымдылығының өзі 2,5 мың адамға арналған, ал жыл сайын тамашалайтын адамдар саны Тәж-Махалды көруге келетін адамдар санынан асып түседі.

Насыр әл-Мүлк мешіті, Иран

nasir-al-mulk-mosque-1Сурет: kulturologia.ru

Иранның Шираз қаласында «алқызыл мешіттің»іргесі 1888 жылы көтерілген. Мешіт өзінің атауын айрықша түсі ішкі жабдықтарының негізін құрайтын, назарыңды айрықша талап ететін қыш тақташалардың түсіне байланысты алған еді.

Филиппиндық Моник Луиз Чинг: «Түстер калейдоскобы – естен тандырады, сипаттау үшін одан басқа сөз таба да алмайсың. Бұл өнер туындысының таңғажайып және таңғалдырарлық бөлшектерінің ерекшелігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – деп жазады.

Ғимараттың сансыз көп терезелері себепті мешіттің сырты құдды түсті шынылардан тұратындай көрінеді. Олар, әсіресе, таңертең күн сәулесі тікелей түскенде сан құбылып, ерекше көз тартады.

Мешіттің іші парсы кілемдерімен жабдықталып, қабырғалары әр бөлшегінің өзі егжей-тегжейлі ойластырылған күрделі геометриялық оюлармен безендірілген.

Паро Таксанг монастырі, Бутан

c7a276d75d547f163addae85801d972cСурет: coronatours.ru

«Өлекшін ұясы» (немесе Такцанг-лакханг) монастыріне жету оңайға түспейді. Ол Бутандағы жайқалған Паро алқабынан 3800 метр биіктіктегі жартас шыңында орналасқан.

Алайда орман ішінде, долы сарқырамалар арасында серуендеудің өзі ғажап.

Үндістандағы Бангалора қаласының тұрғыны Арун Мулгабал: «Монастырьға кірген бетіңізде еліктіріп әкететін көріністерге жол ашылады. Шайырдың хош иісі мұрныңызды жарып, ғажайып көріністерден ләззат алып, бұл мекенге құлай беріліп, жастарды ғана емес қарт адамдарды да ғибадат қылуға бастайтын сенімнің ырқына көнесіз», – деп әсерімен бөліседі.

Гималай тауларындағы будда ғибадат орны Тензин Раджби билеушінің бұйрығымен 1692 жылы тұрғызылған.

Оның салыну тарихы көптеген аңыздарға арқау болған. Солардың біріне сәйкес, Гуру Падмасамбхава бұл жерде үш жылдан астам уақыт медитация жасаған.

VIII ғасырда өмір сүрген будда тантрасының оқытушысы Бутанға буддизмді алып келген деп саналады. Ол Бутанға Тибеттен (ол жақта Гуру Ринпоче есімімен танылған) өзі қолға үйреткен пері іспетті жолбарыстың арқасында ұшып келген.

Төртбұрышты алаңда орналасқан төрт негізі ғибадатханалар жартықұдайлар, жындармен шайқас үстіндегі Будда суреттерімен көркем бейнеленген.

Мулгабал өз сөзін жалғасытырып: «Монастырь қабырғаларына тап болған адам қауышатын бақытты сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Сіз еденге отырып, ғибадат қылуға тырысасыз. Бұл жердің аурасы сіздің жан-жүрегіңізді дақтан тазартқандай болып, мәңгілік тыныштық пен бақыттан өзгені тілемейсің де».

Талқылау