Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Forbes журналында суреті жарияланған Мәдина Әбілқасымова сынға ілікті

Forbes журналының қазақстандық нұсқасының ақпан айындағы санының мұқабасында еліміздің еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың суреті жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz.

Мәдина Әбілқасымова

«Жас министр, экономист, интеллектуал, Колумбия университетінің халықаралық қатынастар магистрі, Гарвард университетінің Джон Кеннеди атындағы Басқару мектебінің мемлекеттік басқарма магистрі, үш баланың анасы», – деп жазады кейіпкер туралы  түсініктеме берген Forbes журналының редакторы Асқар Әукенов.

Журнал 1 ақпанда тиражға шыққан, ал бүгін, 4 ақпанда, Астанада болған қайғылы жағдай мемлекетті дүр сілкіндірді. Түнде ата-анасының қарауынсыз қалған 5 бала өрт салдарынан көз жұмды.

Осыған байланысты қазақстандықтар бір мемлекетте өмір сүріп жатқан екі ананың өмірін салыстырды. Олардың бірі әдемі, күтінген, қымбат киінген, қызметтік мансабының шыңында және журнал үшін суретке түседі. Ал екіншісі кішігірім уақытша баспанада өмір сүреді, түнде жұмыс істеп, 5 баласынан бірдей айырылып отыр.

«Ендігі бұл ең танымал және масқара болған мұқаба», – дейді желі қолданушылары.

«Дәл уақытында осындай мұқабадан көрінді. Осыған қарағанда, көпбалалы отбасылардың мәселелері шешілген тәрізді. Оның айтуынша, көпбалалыларға жақсы жәрдемақы төленеді. Осыны Көктал тұрғын алабындағы уақытша баспанада шыққан өрт салдарынан 5 баласынан айырылған ата-ананың бетіне айтсын», – деп жазады Астана тұрғыны Ерлан Сәкенов Facebook желісінде.

Таяуда ғана еліміздің еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова «Күміс алқа», «Алтын алқаны» алған көпбалалы аналарға өмір бойы ай сайын жәрдемақы төленетінін айтқан еді.

2019 жылдың 1 қаңтарында жәрдемақының көлемі 16 610 теңгені құрады. «Басқа елдерде мұндай жоқтың қасы. Ресейде аналық капитал бар. Бізде жылдар бойғы жәрдемақыны есептесе, бірнеше миллион шығады», – дейді Мәдина Әбілқасымова.

Балалардың қазасынан кейін желіде министрдің жоғарыдағы сөзі үшін наразы болғандардың жаңа толқыны көтерілді.

«Егер балалар үшін дұрыс жәрдемақы берілсе, анасы 3 айлық баласын үлкен балаларына қалдырып кетпес еді. Мұның бәрі мұқтаждықтан», – дейді қазақстандықтар.

Десе де кейбірі министрді жақтап, көпбалалы отбасыларға мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігіне биліктегі бір ғана адамды кінәламауын сұрады.

Еске сала кетсек, Астанада өрт салдарынан бір үйдің 5 баласы көз жұмды: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары дүниеге келген. Олардың ең кішісі – небәрі 11 айлық. Түнде олар тірідей өртеніп кеткен кезде, ата-анасы жұмыста болған.

Жеті адамнан тұратын отбасы аумағы 30 шаршы метр болатын уақытша баспанада тұрып келіпті.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау