Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Фарема Қазақпаева: Бізде әншілер "Инстаграмға" оқырман жинап алып, өздерін жұлдыз санайды

Фарема Қазақпаева — Caffeine тобының экс-мүшесі, жарқын образымен ерекшеленетін отандық әншілердің бірі. Өнер иесі Stan.kz тілшісіне сахналық образы мен өмірдегі бейнесінің айырмашылығын айтып беріп, отандық әріптестеріне, өнерге қатысты ойымен бөлісті. 

Фарема, шығармашылығыңызда қандай өзгерістер бар?

Бір америкалық жұлдызбен ән жазу үстіндеміз. Әзірге ол әншінің кім екенін айтпай-ақ қояйын. 

Қазақ эстрадасының деңгейін қалай бағалайсыз?

Біздің әртістеріміздің ешқайсысы жұмыс істегісі келмейтін секілді. Мұны олардың той әндерін айтып, ақша табатынынан байқаймыз. Әншілер жаңа дүниені жасауға қорқады. Қазақстан аудиториясы әдеттегіден өзгеше, күшті туындыны қабылдай алмай қалады деп қорқады. Бізде әншілер "Инстаграм" желісіндегі парақшаларына оқырмандарды жинап алып, өздерін жұлдыздар санайды.

 Қазақстанда "хайп" деген нәрсе қатты дамып кеткен. Тіпті, блогерлардың өзі хайптың арқасында әншілерден де көп пайда тауып жүр десем, артық айтқаным емес. Өкінішке орай, бізде өнер көрсеткіші жоқ. Мүмкін болашақта отандық өнер саласында, музыкада жаңа бағыт пайда болар.

Уақыт көрсетеді. "Менің сүйікті әншім Полина Гагарина Ресейде, ТМД-да нөмірі бірінші әнші. Бірақ ол бүгінгі күнгі жетістіктерімен шектеліп қалмай, Қытайдағы жарысқа қатысып жатыр. Нағыз өнер адамы деп соны айтуға болады. Бір орында тұрмай, әрдайым өз-өзіңді дамытып жүрген дұрыс қой. 

Бірақ Қазақстанда жақсы музыканың бар екенін дәлелдеп келе жатқан M'dee, Лимба сынды өте дарынды жас әншілер бар. Олар жақсы музыканы жасайды. Өнерлерін ұнатқан соң, мен оларды әрдайым қолдауға дайынмын. 

Әншілер шетелде өзін танытқаннан кейін ғана Қазақстанда танымал болады деген пікірге  қосыласыз ба? 

Бұл тізесі шығып кеткен әнгіме ғой. Иә, біздің дарынды отандастарымыз өздерін шетелде танытқаннан кейін ғана, елдің ықыласына бөленіп жатады. Мысалы, Назима Жәнібековамен "Жұлдыз болғым келеді" (Хочу стать звездой) жобасына бірге қатысқанмын, екеуміз таныспыз. Өте дарынды Назиманың әдемі дауысы осында бағаланбады, ол секілді әншілер көп деп айтатын. Ал қазір Назиманың қандай жетістіктерге жеткенін қараңыз! Бізде әлі күнге дейін сыртқы жылтырға, сыртқы келбетке көбірек мән беретін секілді. 

Сахналық образыңызды халық талай мәрте сынның астына алғанын білеміз. Ата-анаңыз, туысқандарыңыз сіздің образыңызды қалай қабылдады?

Негізі, Қазақстанда менталитет өзгерген. Туысқандарымның өзі шын өмірде қандай екенімді жақсы біледі, образымды образ ретінде түбегейлі қабылдайды. Бір бағдарламада менің алдыма елу, алпыс жастағы апаны отырғызып қойған еді.

Мен үлкен жастағы адамдарға дөрекілік таныта алмаймын. Себебі, солай тәрбиеленгенмін. Әлгі әйелдің көңілін қарапайым клип түсіремін деп ауладым. Құрмет көрсеткенімнен кейін, ол кісінің де маған деген көзқарасы бірден өзгерді, тәрбиелі қыз екенімді түсінді. Өмірде сондай ғой, бір рет жол берсеңіз, адамдар үшін жақсы адам атанасыз. Мен бұны жақсы білемін. 

Қазақ тілінде ән айтсам деген мақсатыңыз бар ма? 

Халық әні "Әгугайды" өзіме ыңғайлы етіп өңдеп айтқым келеді. Қазір аранжировкасын жасап жатырмын. Сәті туса, әнге бейнебаян түсіріп қалармыз

Өмірде образыңызға бола адамдардың қоқан-лоққы көрсеткен кездері болды ма? 

Құдайға шүкір, маған ешкім ешқашан қоқан-лоққы көрсеткен жоқ. Мен ешнәрсені дәріптемеймін. Толығымен шешініп тастағаным, жалаңаштанғаным бейнеленген видео жоқ.

Өзімнің жазған жазбамды оқып, кейде бір күліп аламын. Егер сізді басқа біреулер талқыламаса, сіз қызықсыз тұлғасыз. Мейлі, адамдар мен жайлы неше түрлі нәрсені айта берсін. Бұл ешнәрсе айтпағанға қарағанда жақсы ғой. Бәрібір олар менің мықты адам екенімді біледі. 

Фареманың күнделікті образы қандай? Сахнадағы әнші Фареманың образынан несімен ерекшеленеді?

Жасанды кірпік, жасанды қас, жасанды шаш дегеннің барлығына қарсымын. Әрине, Қазақстан қалаларында концерт беретін кезде, сахнаға шығарда мені бояндыратын адамдарым бар. Ал былай күнделікті боянып тұрмаймын. Кэжуал стилімен киініп, әрдайым өзіммен бірге спорттық аяқ-киімді алып жүремін. Кешкі немесе күндізгі кездесулерге биік өкшені кимеуге тырысамын. Киіп шықсам, қатты қиналып кетемін.  
 Концерт, мерекелік шараларда да ауыстырып киетін аяқ-киімім болады. 

Болашаққа қойған қандай жоспарларыңыз бар?

Менің концепциямды, репертуарымды толығымен ауыстырсақ дейміз. Өзімізге қажетті нәрсені ұзақ уақыт бойы іздеп таба алмадық, ал қазір жаңа деңгейге көтерілетінімді түсініп отырмын. Басқа бағытта жұмыс істейтін боламын. Көпшіліктің назарына жаңа Фареманы ұсынамын. Жоспарда жақын арада альбом шығару бар. 
 

Талқылау