Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еуро-2016: Португалия жартылай финалға шықты

Футболдан құрлық чемпионатының ширек финал кездесулері басталды. Алғашқы матчта Польша мен Португалия кездесіп, жеңімпаз пенальти арқылы ғана анықталды.

evro-2016-polsha-portugalija-1-2_14673252741333720739

Сурет: championat.com

Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.

Матч басталғанда командалардың 2 сағаттан кейін ойын тағдырын пенальтиден шешуге кірісетініне ешкім де сенбес еді. Поляктар салған жерден іске кірісіп, есеп ашып үлгерді. Бұған дейін топтық турнирде де, 1/8 финалда да көзге мүлде түспеген Роберт Левандовски сол қанаттан келген Гросицки пасына аяғын қоя салды. Португалия құрамасын бұл гол есеңгірете алған жоқ. 33 минутта Ренату Саншеш жақын бұрышты айып алаңының сыртынан дәл көздеді.

Жас футболшының қаптаған қалың аяқтың ортасынан соққыға тәуекел етуінің өзі ерлік еді. Доп жолай қорғаушыдан бағытын сәл өзгертіп, Фабианьски қақпасына сүңгіп кетті. Дәл осы Саншеш 1/8 финалда Хорватия – Португалия матчының тағдырын шешуге де тікелей үлес қосып еді. Ол поляктармен кездесуге Рикарду Куарежманың орнына негізгі құрамға шығып қана қоймай, португалдардың пенальтиге жетіп жығылуына зор үлес қосты.

Голдардан кейін де ойын арқауы босаған жоқ. Қос құрама футбол мәні шабуыл екенін енді түсінгендей, бірінен-бірі әдемі шабуылдарды үдетті. Дегенмен сонша еңбекті нақты соққымен тұжыру қиын соғып жатты. ІІ таймда бір Роналдудың өзінде кемі үш тамаша мүмкіндік болды, бірақ сұрмерген ешқайсысын пайдасына жарата алған жоқ.

Ақыры екеуі пенальти тебісті. 1/8 финалда Польша Швейцарияны дәл осы лотерея арқылы жолда қалдырған-ды. Бұл жолы өздері сүрінді. Португалия барлық мүмкіндігін мүлт жібермесе, поляктардың жартылай қорғаушысы Якуб Блащиковски соққысын Руй Патрисиу сол бұрыштан алып шықты. 3:5 – Португалия дәл 2012 жылғыдай жартылай финалда. 6 шілде күні Фернанду Сантуш шәкірттері Уэльс-Бельгия жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Польша – Португалия – 1:1, пенальтиден 3:5 (Левандовски, 2 – Ренату Саншеш, 33)

Жіберіп алмаңыз:

Бельгиядан ұтылған Венгрия футболшылары жанкүйерлерімен қоштасты

Футболдан Португалия құрамасы Хорватияны санаулы соңғы минуттар қалғанда ұтып кетті

Евро-2016 турнирінің 1/4 финалына жолдама алған барлық қатысушылары анықталды

Лионель Месси Аргентина құрамасынан кететінін мәлімдеді

Талқылау