Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ешкімді үгіттемеймін: танымал блогер неліктен дүркіретіп той жасаудан бас тартқанын айтты

Меруерт Ізбасарова — Instagram әлеуметтік желісінде қазақстандық аруларға сәннен, сұлулықтан кеңес беретін танымал блогер әрі жеке кәсіпкер. Ол оқырмандарына сәннен бөлек, жанұя, неке, күнделікті тұрмысқа қатысты бағалы кеңестерімен бөлісіп, басынан өткен қызықты оқиғаларымен де бөлісіп отырады. Ол Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілішісіне берген сұхбатында сән әлеміне қалай келгенін айтып, қазақ дәстүрлеріне, тойларына, күйеу күтіміне қатысты пікірлерімен бөлісті

Меруерт, әлеуметтік желілерден сіздің сәнге жақын екеніңізді байқауға болады. Жалпы, сәнге, сұлулыққа деген құштарлық бала күніңізден пайда болды ма?

Жоқ, олай деп айтпас едім. Мектепті бітірген соң ҚБТУ-ға оқуға түстім. Жасырудың қажеті жоқ, ол кездері өзіме күтім жасамадым. Нақтырақ айтқанда, киімдерімді үйлестіруді білмеймін, қарапайым қыз болдым сәйкесінше киімдерім де сондай еді. Физика мен математиканы тереңдетіп оқытатын мектепті тамамдағанмын. Білім ордасында тәртіп өте қатал еді. Мектепте көп нәрсеге рұқсат берілмейтін. Алайда мен мектепте олимпиада сайыстарының қатысушысы болған соң, форманы кимейтінмін. Директордың өзі осыған рұқсат берген.

Тәрбие ісінің меңгерушісі маған әрдайым “Меруерт мектепке форма киіп келсе, мен той жасаймын” деп ұрысатын. Кірпіктерімді сәл бояп жүргенімде әлгі кісі мені дәліздерден іздеп тауып, жуып тастауымды талап ететін. Дегенмен сегізінші, тоғызыншы сыныпта модельдер мектебіне қатысып өз-өзімді көрсете бастадым. Анам бала күнімнен маған бәріне рұқсат беретін. Әрине, тек тәттімен тамақтану, татуировака жасату секілді дүниелерге тыйым салатын. Өз-өзімді көрсетуге, стилімізді іздеуге еш кедергі келтірмейтін. Анам өтінішім бойынша алып берген 13-14 см лабутендерді 11 сынып аяқталғанша, үш жыл көлемінде киіп шықтым. Мектепте үздік оқушы болмасам да олимпиада сайыстарының қатысушысы болған соң құрмет тақтасынан түспейтінмін.

XXI ғасыр келіні: Танымал блогер үй болу мәселесі мен қазақ тойларына қатысты пікірімен бөлісті

Стильге деген махаббат Кипрге көшкен кезде пайда болды. Еуропада өз-өзіңді көрсету оңайырақ. Алайда, 18 жыл Алматыда тұрған соң, бірден стилімді өзгерту, жарқын образға көшу мен үшін оңайға соққан жоқ. Кипрде әрдайым жаз, ол жерде күн жарқырап тұрады, оның үстіне киімдердің бағасы Қазақстанмен салыстырғанда екі-үш есе арзан. Ауа-райы тамаша болған соң, жадырап жүргім келгеннен кейін әдемі киініп жүрдім. “Инстаграмды”, “Ютубты” ақтарып, түрлі стилистердің, fasion блогерлердің қалай киінетінін қарай бастадым. Өзімде де солардың киіміне ұқсас киім бар екенін түсініп, соған ұқсас образдарды жасай бастадым. 2012 және 2015 жылдар аралығында өзімді іздедім. Ал қайтып келген соң, “Ютубтан” стиль туралы видеоларды қарап, дене пішіндерін, кімге ненің жарасатынын зерттедім.

Үй болу мәселесіне келсек, сіздің пікіріңізше, қыздарға тұрмыс құруға арналған жас бар ма?

Менің ойымша, тұрмыс құруға келгенде жаста тұрған ешнәрсе жоқ. Университетте оқып жүргенімде оқу орнына тек болашақ жарын кездестіру үшін келген қыз болатын. Ол бірінші курсты бітіре салып, тұрмысқа шығамын деп жоспарлайтын. Бәрінен де маған оның өмірден ләззат ала білмейтіні ұнамады. Әлгі қыз әрбір ер баланы өзінің күйеу жігіті ретінде қарастыратын. Іс ашып, жігіттің болашағы бар не жоғын, ата-анасы қандай екенін өзіне қаншалықты сәйкес келетінін анықтап, мәлімдеме жасайтын. Барлығы жоспар бойынша 90 пайызға жүзеге аспайды. 100 пайызға деп айта алмаймын. Жанағы қыз әлі күнге дейін шаңырақ көтерген жоқ. Ал өзімді феминист санаған мен, тұрмысқа шығып кеттім.

Расында,  үйленуге арналған нақты жас бар деп ойламаймын. Қыз бала бұл қадамға үй ішіндегі қысым сынды қажеттіліктен емес, өз қалауы пайда болып, толыққанды жетілгенде баруы керек деп санаймын. Әрине, мен көпті көрген жоқпын, бірақ күйеуіңізбен өмір бақи бірге болатыныңызға кепілдік жоқ. Күйеулеріне толықтай тәуелді қыздар оларға бірнәрсе болып қалса қайда барады. Жалпы, әр адам кез келген жағдайда өмір сүре білуі тиіс деп санаймын. Сондықтан әрдайым оқырмандарыма сондай дәрменсіз болғандары үшін ұрысып отырамын.

XXI ғасыр келіні: Танымал блогер үй болу мәселесі мен қазақ тойларына қатысты пікірімен бөлісті

Үйлену тойынан бас тартуларыңыздың басты себебі неде?

Жанұямда бәрінен де мен жігерлімін. Өзге адамдардың, әсіресе туысқандардың пікіріне мен ешқашан мән бермейтінмін. Мен қаламасам, басқаның оған қатысы жоқ. Туысқандарым тойға келген сайын “Меруерт қашан тұрмысқа шығасың?” деп сұрайтын. Мен барлығына ешқандай мерекелік шараның болмайтынын, үміттенудің қажеті жоқ екенін айтатынмын. “Күйеуге тигенімді анамнан, телефон арқылы естисіздер” дейтінмін. Тойларды жақсы көрмеймін дей алмаймын. Қазақтың тойларын халқымды, дәстүрлерімізді ұнатпаған соң жақтыртпаймын деуге де аузым бармайды. Мен өзім капиталист ретінде бұл шараның мақсатын түсінбеймін. Той адамдардың көңілінен шығуы үшін несие алып, қарызға батудың не қажеттілігі бар? Есімде қаншама той бар, солардың біреуінде туысқандардың разы болғанын көрген емеспін.

Сосын жас жұбайлар некедегі алғашқы 5 жылын ата-аналарының қарызынан құтылуға жұмсайды. Әрдайым соны ойлап, уайымдап жүреді. Бәрінен де осыны түсінбеймін. Мен тойларға қарсы емеспін, тек оларды өзім жақсы көрмеймін. Сонымен қатар, осы мерекелік шараға қонақ ретінде барғанды да ұнатпаймын. Оның үстіне тойларда бір нәрсе үнемі қайталана береді. Егер оған жаңа дүние қосылса, туысқандар оны жақтыртпай шығады. Олардың көңілінен шығу мүмкін емес.

Мен той жасамаңыздар деп ешкімді үгіттемеймін. Егер миллион ақшаң болса, бірде бір мәселең болмаса қалағаныңызша той тойлаңыз.

Ата-аналарыңызды көндіру қаншалықты қиынға соқты?

Менің ата-анам басынан бастап екінші қыздарының тойы болмайтынын білді. Былтыр олар әпкеме той жасап берді. Қонақтарға берілетін тойбастар мен сыйлықтар үшін мейрамхананың жанынан жеке үш қабатты үйді жалдағанымыз есімде. Мерекеден соң қонақтардың сонда түнеп шығуына жағдай жасадық. Ал сыйлықтардың өзін сол жерге жүк көліктерімен алып барғанбыз. Той жақсы өтті. Бірақ бүкіл туысқандар 100 пайыз риза болатын той жоқ сияқты. Ата-анам осыны көрген соң, мен ешнәрсе де болмайды дегенде қатты қарсылық танытқан жоқ.

Басында анам дұрыс деп жүрді де, жақындағанда “мүмкін шағын құдалық немесе той ұйымдастырармыз” деп сұрады. “Қызын ұзатпай жібере салды деп айтады ғой” деген әңгімелер болды. Екі ай бойы ата-аналарымызбен ұрыстық. “Той ата-ана үшін дейсіздер, онда бізсіз жасай беріңіздер” дедік. Көп келіспеушілік болды. Бірақ ақырында екі жақтың адамдары бір-бірімен таныссын деген мақсатта 80 адамға арналған шағын құдалық жасаймыз деген шешімге келдік. Құдалықты қала сыртындағы үйде өткіздік. Ешнәрсе жалдаған жоқпыз. Шамамен 90 адамға беташар жасадық. Бұл күйеуімнің туысқандарына жаңа келіннің түскенін көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Ата-анамыздың тойға деп жинаған ақшасын алып, үстінен қосып, пәтер алдық.

XXI ғасыр келіні: Танымал блогер үй болу мәселесі мен қазақ тойларына қатысты пікірімен бөлісті

Көптеген жастар да той жасағылары келмейтінін, ата-аналарының сөзінен аса алмайтындарын айтып жатады…

Қайсарлы болғаныма қарамастан, арада қаншама ұрыс-керіс болса да күйеуімнің әкесі шағын той жасады. Себебі, ол дәстүрді өте берік ұстанатын адам. Егер жастардың ата-аналары да қазақ дәстүрлерін қатты құметтесе, оларды райынан қайтара алмайды. Ата-аналар бәрібір той өздері үшін екенін айтатын болады. Жастар тек болашақта өздерінің балаларына қысым жасамаса екен деймін. Болашақта балаларыңыз той жасаймын дегенде немесе олардың ойлары сіздікімен сәйкес келмегенде өзімшіл болмаңыздар.

Кейде бойжеткендер болашақ жарымның “анасы” болғым келмейді деп күйеуге шығудан бас тартып жатады.

Біздің ер адамдарымыздың 80 пайызы сондай. Нақтырақ айтқанда, олар анасы жұмыстан кейін келіп тамақ істеп, үй жинап үлегеретін жанұяда тәрбиеленген.

Күйеуім де, мен де тамақ істеуді жақсы көргендіктен, үйде оны бірге жасаймыз. Егер жарымнан мен ас дайындағанша үйді шансорғышпен тазалап шығуын сұрасам, ол менің сөзімді жерге тастамайды. Себебі, соны үйінде көрген. Қайын атам ешбір қиындықсыз әйеліне үй шаруасымен көмектесе береді.

Егер бойжеткен үйде барлығын анасы істегенге үйреніп қалған ер адамға тұрмысқа шықса, сәйкесінше ол бүкіл нәрсені әйелім жасайды, ешнәрсеге көмектесу керек емеспін деп санап қалады. Осындай жағдайда бойжеткен үйренуі керек немесе өзі жұмыс істеп, үй қызметшісін жалдауға ақша табуы тиіс. Бірақ ер адамды жазғырып, оны қайта тәрбиелеудің қажеті жоқ.

Сәнге қайтып оралсақ, қазақстандықтардың, оңтүстік астана тұрғындарының стиліне қандай баға бересіз?

Негізі, мен ешкімді талқыламайтын, сөкпейтін адаммын. Өз пікірімді артық білдірмеуге тырысамын. Себебі, біздің халқымыз не айтсаң да барлығын негативті тұрғыдан қабылдайды. Бір киімді екінші киіммен қалай кию керектігі жайында сөз қозғасаң “әркім өзінің қалтасына қарап киінеді”, “жақсы өмірден сондай болып жүр дейсің бе?” деп Instagram желісіндегі дайректке хабарламалар жазады. Мен жақсы жанұяда туылғаныма Құдайға шүкіршілік етемін, бірақ қазір біз жанұямыздан алшақтадық. Өзіміз өз күнімізді көруге тырысып жатырмыз. Бірақ мен басқаларға анаң мен әкең саған ақша беріп жатыр деп жағымсыз дүниелерді айта алмаймын.

Болашақта өз киімдеріңіздің топтамасын шығару жоспарыңызда бар ма?

Иә, бар. Жалпы, менің анам жүрегі үлкен жан. Әрдайым бізге халық үшін бірнәрсе істеу керектігін айтады. Мен де халыққа бірнәрсе бергім келеді. Сондықтан қыздарға бюджетті киімдерді бір-бірімен үйлестіріп сәнді әрі әдемі киінуге болатынын үйретудемін. Өз дүкенімді сәнханаға айналдыруды ойластырудамын. Мүмкін Қытайдан келетін тапсырыстарды қалдырып, киімдермен араластыратын шығармын. Ірі дизайнер болғым келеді деп айта алмаймын. Бар болғаны халыққа қолжетімді Zara сынды өнімді шығарғым келеді. Бұл да біздің қолымыздан келеді.

 

 

 

Автор: Айару Шаймерден

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

 

Талқылау