Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Есеп комитеті қазынаның миллиардтарын далаға шашқан ведомстваны әшкереледі

Есеп комитеті қазына қаржысын далаға шашқан тағы бір ведомствоның былығын әшкереледі. Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Көлік комитеті бюджеттің 2 миллиардтан астам теңгесін заңсыз пайдаланған. Яғни шенеуніктер құрылысы мүлдем аяқталмаған нысандарға миллиондаған теңге жұмсалды деп, жалған есеп беріпті. Ал «Жолаушылар тасымалы»  компаниясы билет бағасын қымбаттатпау үшін берілетін субсидияны вагон сатып алуға және қызметкерлердің іссапарына жұмсаған. Бұл  аздай, компанияның шығыны бір жылда 9 есеге бір-ақ өскен, – деп хабарлайды ктк арнасы.

9d695de5-ea32-4d6b-b70d-6de977e7b98e

Көлік комитетіндегілер қазына қаржысын есептеуді, үнемдеу мен  жоспарлауды  мүлдем білмейді екен. Шенеуніктер жыл сайын миллиардтаған теңгені бюджеттен бөлдіріп, кейін көзсіз пайдалануға кіріседі. Мәселен, құжат бойынша Жайық өзенінің түбіне батып кеткен 20 кемені судан  алып шығу үшін әрқайсысына 330 миллион теңге жұмсалған. Бірақ қыруар қаржының нақты неге кеткенін бүгін ешкім түсіндіре алмады.

«Шығынды алдын ала есептеп, оның әдісін жасап алмай  ақшаны қалай пайдаланасыздар? Қазына қаржысын оңды-солды шашқаннан басқаны білмейсіздер. Менің сізге кеңесім, Көлік комитетіне білікті заңгер, қаржыгер керек. Әйтпесе, мінберде тұрып дәл осылай қызаруға тура келеді», – дейді Есеп комитетінің төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин.

Бұл аздай, Көлік комитетіндегілер мүлдем орындалмаған, қағаз бетінде жоспар күйінде қалған жұмыстар  үшін де миллиондар жұмсалды деп,  жалған есеп берген. Мәселен, Орал-Каспий бассейнін тазарту шаралары бірнеше кезеңге бөлінген екен. Алайда жылдық жоспар жүзеге аспағанына қарамастан, шенеуніктер ақшаны талан-таражға салған.

«Қарау керек қой. Сіз төрағасың ғой все таки. Как можно затратит на неисполненный пункт 317 миллионов теңге?» – дейді Есеп комитетінің төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин.

«Жолаушылар тасымалы» компаниясы да белшеден былыққа батқан. Билет құнын қымбаттатпау үшін және өзге де әлеуметтік шығындарға берілетін субсидияға басшылар  вагон сатып алған  және қызметкерлердің іссапарына жұмсаған.

««Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның шығыны бір жылда 9 есеге, яғни 9 миллиардқа өскен. Ал субсидияның 17 миллиардына 80 вагон  сатып алған. Көлік комитетіне субсидияны негізсіз жұмсауды тоқтатуды ескерттік», – дейді  Есеп комитетінің мүшесі Александр Горяинов.

«Жолаушылар тасымалы» компаниясындағылар бюджет қаржысын оңды-солды шашқанымен, пойыздағы қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Тексеру кезінде вагондардағы төсек-орындардың әбден ескіргені және купелерде теледидар мүлдем орнатылмағаны анықталыпты. Ал жазда жұрт орын таппай сабылады. Айтпақшы, билеті жоқ жолаушыларды дәлізге жайғастырған «Алматы-Атырау» бағытындағы пойыздың жолсерігі мен осы аймаққа жауапты учаске басшысы жұмыстан қуылыпты.

«Фотодағы факт әлі тексерілмесе де, учаске бастығы атқарып отырған қызметінен босатылды. Мұның алдында да осындай шағымдар болды. Сондықтан біз оны лауазымынан босатып, басқа жұмысқа орналастырдық. Енді ол учаске бастығы емес», – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Нұрдәулет Қилыбай.

Сондай-ақ, Есеп комитеті Алматыдағы метроның құрылысынан да шикілік шыққанын анықтапты. Шенеуніктер жерастындағы станция санын арттыруға  бөлінген 520 миллионға жуық теңгені басқа нысанның қарызын жабуға жұмсап жіберген. Шығыс Қазақстандағы  былтыр пайдалануға берілуі тиіс Шүлбі шлюзінің де құрылысы тұралап тұр. Салдарынан жыл сайын миллиондар игерілмей қалуда.  Жалпы, Көлік комитеті қазынаның 2 миллиардтан астам теңгесін  заңсыз пайдаланыпты. Енді Есеп комитеті тексерудің қорытындысын  прокурорларға  тапсырмақ.

Талқылау