Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ертеңнен бастап 20 мың теңге қолданысқа енетін болды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мемлекеттік мейрамына орай Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2015 жылғы 1 желтоқсаннан номиналдық құны 20 000 теңгелік банкнотты айналысқа шығарады.

tenge3011

Бұл банкнот 2013 жылы дайындалған. Басқа ақша белгілерімен қатар айналысқа шыққан кезеңнен бастап ол заңды төлем құралы болып табылады және төлемдер мен ақша аударымдарының барлық түрлерінде қабылдануға міндетті.
Банкноттардың дизайны айналыстағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде орындалған: бет жағының басым бейнелері тігінен, ал сырт жағында көлденең орналасқан. 20 000 теңгелік банкноттың мөлшері: 155х79 мм.

Бет жағында негізгі бейнелер «Қазақ Елi» монументі, пырақ және Мәңгілік ел салтанатты аркасы бейнеленген. Қазақстанның тәуелсіздігін бейнелейтін «Қазақ Елі» тарихи-мемориалдық кешені Астана қаласының он жылдық мерейтойы қарсаңында ашылды. Стела биіктігі – 91 метр – Қазақстанның тәуелсіздік алған 1991 жылды білдіреді. Ескерткіштің мәрмәр тұғыры Қазақстан халқының таза ой-ниеті мен этникааралық үйлесімін паш етеді. Ал төбесінде Самұрық құс бар стеланың өзі Қазақстан халқының болашаққа, одан әрі даму мен гүлденуге деген ұмтылысын көрсетеді.

Банкноттың жоғарғы сол жағында пырақ бейнеленген, ол түркітілдес және көшпенді халықтарды қоса алғанда көптеген мәдениетте таза нұр мен өмірдің, шабыт пен жемісті еңбектің, мақсатқа ұмтылушылық пен биліктің нышаны ретінде қабылданады.

Банкноттың төменгі жағында ортада Мәңгілік ел салтанатты аркасы – еркін елдің мәңгілік идеясы, жалпыға ортақ Қазақстан үйінің ұлттық идеясы сәулет құрылысы тұрғысынан бейнеленген.

Сырт жағында банкноттың ортасындағы негізгі бейне Қазақстан картасының пішіні және астанамыз – Астана қаласының Қазақстан Республикасының Конституциясында негізі қаланған билік тармақтарын бөлу қағидатын көрсететін тәртіппен орналасқан Ақорда, Парламент және Үкімет ғимараттары бар көрінісі бейнеленген.

Жаңа банкнот Қазақстан теңгесінің ең қорғалған ақша белгісі, сондай-ақ әлемдегі ең қорғалған банкноттардың бірі болып табылады. Қорғау үшін қолдан жасаудан қорғау индустриясындағы соңғы инновациялар, жалған ақша жасаушыларға қарсы іс-қимылдың жаңартылған әрі күшейтілген классикалық тәсілдері пайдаланылды. Бет жағындағы негізгі қорғаныш элементтер: банкноттың екі жағынан жарыққа тосып қарағанда көрінетін самұрық мифтік құсы түріндегі композиттік жетілдірілген сутамғы белгісі және мөлдір орын түріндегі құс пішіні. Дизайнының түпнұсқалылығын тексеруді жеңілдететін түс ауыстыру элементтері пырақ, мөлдір орында көрінетін қазақтың ою-өрнегі және түс ауыстыратын қорғаныш үзік-үзік жіп түрінде орналасқан.
Көзі нашар көретін адамдар үшін банкноттың оң жағында шетінде саусақпен ажыратуға болатын жеті жоғары бедерлі үш бұрыш басылған.

Банкноттың сырт жағында бірқатар қорғаныш элементі бар: сутамғы белгісі, түс ауыстыру бояумен басылған ою-өрнек элементі бар мөлдір орын, жарыққа тосып қараған кезде бет жағындағы бөліктермен біртұтас суретті құрайтын қосарланған бейненің бөліктері. Банкноттың төменгі сол жақ бұрышындағы номиналы да көлбеу бұрышын өзгерткен кезде түсін ауыстырады.

 

Талқылау