Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еркін Рақышев: Талай нәрсе айтқым келеді, ашығын айта алмай, қорқып жүрмін

Stan.kz тілшісі танымал кинорежиссер Еркін Рақышевпен кездесіп соңғы уақытта саясатқа белсене араласып жүргеніне не себеп екенін және биылғы сайлаудың елімізге тигізер әсері туралы сұхбаттасып қайтты. 

Еркін рақышев

Соңғы күндері саясатта көп араласып жүрсіз. Не түрткі?

Қосанов өзінің сайлауға түсіру туралы преcс-конференциясында мені көріп қалып, сенімді өкілім бол деп ұсыныс жасады. Мен қабыл алдым.

Сізді билік басынан лауазымды қызметтен көруіміз мүмкін бе?

Жоқ, менің он класстық қана білімім бар. Одан кейін оқымағаныма әлі күнге дейін өкінген емеспін. Оның үстіне, мен билікте отыра алмайтын адаммын. Мен үшін үнемі қозғалыста болған тиімді. 

Кино түсіргенді жақсы көремін. Қазақстаннан бөлек шетелде де көрерменнің ыстық ықыласына бөленетін фильмді түсіре алатын режиссерлердің қатарында өзім де бармын. Мұны қытайлықтармен бірге түсірген «Әйгерім» фильмінің Қытайда өткен премьерасында түсіндім. Аспан асты елінің азаматтары фильмді көргенде  еңіреп тұрып жылады. Қазір, өкінішке орай, Қытайда көптеген қандастарымызға түрлі шектеулер қойылып, қиянаттар жасалуда. Олардың қайта тәрбиелеу лагерлеріне қамалып жатқаны белгілі. Біздің фильм осы аянышты жағдайлар өршіп, өрбігенге дейін Қытай мен Қазақстан арасындағы достықты насихаттау мақсатында түсірілген еді. 

Биылғы сайлаудан не күтесіз? 

Бұл сайлау қазақ тарихында алтын әріппен жазылатын сайлау болады. Неге? Кезінде Алаш қайраткерлері «Оян, қазақ!» деп оята алмай кеткен. Жүз жыл өтті. "Қазақ оянды" деген термин кіріп жатыр. Ешкім осы сайлаудан кейін қазақ ұйықтап жатыр деп ешкім айта алмайды. Бұл қазақты оятқан сайлау болды. Тәуелсіздік алғалы билік құрған ескі жүйе мен жаңа жүйенің тартысы десек болады.

Қосановтың орнында кез-келген адам болғанда халық қолдайтын еді. Қазіргі билік басындағылар осыған дейінгі келеңсіз жайттарға орын берген саясатты жалғастырамын деп отыр. Ал Әміржан билікке келсем, реформа жасаймын, әділ сайлау өткіземін деп отыр. Бұл екі жүйенің тартысы. Бізге әділ сайлау өткізу керек. Біздің жұбанатынымыз - халық оянды. Біз енді тоқтамаймыз. 

Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі тұңғыш рет әйел кісі өз кандидатурасын ұсынды. Әйел кісінің билік басына келгенін қалай қарайсыз? 

"Ақ жол" партиясның атынан шығып отырған Дания Еспаеваға қатысты ештеңе айта алмаймын. Бұл сайлауда әртүрлілік болсын дегені шығар. Мүмкін елдің көзін жайлап үйрете берейін дегені шығар билік басындағы әйелдерге. 

Жоғарыдағыларға қатысты дүниелерді ашық айтасыз. Қорықпайсыз ба? 

Мен ашығын айта алмай, қорқып жүрмін қайта. Талай нәрсе айтқым келеді. Мен барлығын заңның аясында айтып жүрмін. Заң бұзған бір сөзімді іліп ала алмайсыз. Сондықтан қорықпаймын. 

Митингке шығамыз деп сайлауға бойкот жариялап отырғандар үлкен қателік жіберіп отыр. Себебі, сайлау өтетін күні митинг өткізіп, бүлдертін болса, халықты жиынға шақыратын болса, билік оларды заң бойынша қамайды. Өйткені сайлауға кедергі жасап, елдің тыныштығы бұзғаны үшін сотталады. Халық осыны білсе екен. 

 

Cұхбаттасқан: Жанна Мәлік

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау