Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еркебұлан Қайназаров Астана күніне орай өткен айтыстың бас жүлдегері атанды

Елорда төріндегі Конгресс-холл сарайында Астана күніне және Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған «Бағаналы ордам – басты ордам» атты ақындар айтысы өтті.

Еркебұлан

Бұл жыр додасында еліміздің ең мықты суырып салма ақындары өзара сынға түсті. Айтыс жанкүйерлері сахна төрінде осы кезге дейін талай айтыстарда топ жарған, көпшілікке кеңінен танымал 12 ақынның өнерін тамашалады. Сол 12 ақынның ішінде Айбек Қалиев, Сара Тоқтамысова, Мейірбек Сұлтанхан, Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназар сияқты сөзге шешен, тілге бай, елінің өткені мен бүгінін толғайтын орақ тілді, қарсыластарын әзіл жырларымен алып та, шалып та қағытатын шын жүйріктер болды.

Жыр додасында 3-орынға төрт ақын лайық деп танылды: Мұхтар Ниязов, Болатбек Оразбек, Жансая Мусина және Сара Тоқтамысовалар. 4 ақынның әрқайсысына 400 мың теңгеден жүлде берілді.

2-ші орынды Мейірбек Сұлтанхан мен Айбек Қалиев  еншіледі. Ел көңілінен шыққан қос шайырға 500 мың теңгеден жүлде берілді.

1-ші орынға Өміржан Көпбосынұлы лайық деп танылып, 1 млн. теңгені қанжығасына байлады.

Бас жүлдені астаналық танымал ақын Еркебұлан Қайназар жеңіп алды. Оған 2 млн. теңге жүлде тарту етілді.

Одан бөлек, орын алмаған әр ақынға 200 мың теңгеден ынтыландыру сыйлығы табысталды.

«Бағаналы ордам – басты ордам» ақындар айтысының әділ қазылар алқасының құрамында танымал суырып салма ақын, қазақ халқы шығармашылығының осы бір ерекше түрін зерттеп жүрген ғалым Аманжол Әлтаев, ҚР халық ақыны Қонысбай Әбілов, белгілі айтыскерлер Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазиндар болды.

Естеріңізге сала кетейік, дәстүр бойынша Астана қаласының әкімдігі ақындар айтысын Елорда күнін мерекелеу аясында осымен оныншы рет өткізіп отыр.

 

 

Талқылау