Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ерекше үйлену тойы: Алматыда қос ғашық 3000 метр биіктікте неке жүзіктерімен алмасты

Алматыда Салтанат Бекенова және Расул Рузахунов есімді екі саяхатшы үйлену тойларын Амангелді шыңында тойлап, көпшілікті таңдандырды. Тойды мейрамханада өткізгенге үйреніп қалған халықтың ішінде жастарға бақыт тілегендер де, жағымсыз пікір білдіргендер де бар. Жас жұбайлар Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне қуаныштарын  тауда  қалай атап  өткендерін, 3010 метр биіктікке көтерілгенде қандай қиындықтарға тап болғандарын және әзірге қарапайым тойдан неліктен бас тартқандарын айтып берді.

Салтанат Бекенова спортқа жақын,  салауатты өмір салтын ұстанатын жанұяда дүниеге келген. Бала күнінен бастап ата-анасы оған  қоршаған ортаға, қараусыз қалған жануарларға қамқорлық танытуды  үйреткен. Табиғат аясында уақыт өтікзуді жақсы көретін әкесі, егер жанұясымен, туысқандарымен қала сыртына шығуға мүмкіндік бар болса, оны қалт жібермейді екен.  Әр жыл сайын олар туысқандарымен жиналып,  ата-бабаларының рухына тағзым ету үшін туған жерлеріне, яғни  Қарағанды облысының кең даласына аттанады.

Салтанаттың сөзінше, оның жары Расулдың да отбасы табиғатты жанынан артық жақсы көретін жандар. Жігіттің ата-анасы да  тауға шығып, демалуды ұнатады. Басқаша айтқанда, Расул Рузахуновтың да барлық өмірі спортпен байланысты:

“Расулдың ата-анасы өте белсенді жандар. Анасы оны сәби күнінен бастап денсаулығы мықты болу үшін тау бұлақтарына шомылдырған. Кішкентай кезінде оны өзімен бірге тауға жиі алып шығатын.  Жақында Расулдың анасы туған күнін тауда атап өтті. Ата-анасының арқасында спортты жақсы көріп өскен ол, тау шаңғысымен айналысады, велосипед тепкенді ұнатады. Ол бармаған  шаңғы курорты жоқ шығар ”, — дейді ару.

Astana Adventures деп аталатын саяхатшылар тобын басқаратын Салтанат Бекенова болашақ жарымен 2016 жылы, Алтай тауларына аттанарда танысқан. Жалпы, оның тобы тауға шығып серуендеуге, жаңа шыңдарды бағындыруға дайын азаматтардың басын қосумен айналысады. Оларға табиғат айналасында ұмытылмас естеліктер қалдыруға көмектеседі. Astana  Adventures үшін Алтай тауларында шаңғы маусымын ашу және оны жабу дәстүрге айналып кеткен. Сол жылы Алтайға аттанатын 70 азаматтың қатарына Расул Рузахунов та қосылған.

“Расул екеуміздің арамыздағы ұшқынды сезсем де, қыз бала болған соң бірінші  қадамды жасағым келмеді. Сапарда болашақ жарыммен көп сөйлесіп үлгерген жоқпын.  Өскеменнен қайтып келген соң, егер ол менің тағдырым болса, онымен қайта кездесермін деп ойладым. Біз Расулмен кездесіп тұрдық, бірге шаңғы теуіп жүрдік. Бірақ мен үнсіз ғана оның бірінші қадамын күттім. Сосын наурыз айында маусымды жабу үшін Алтай тауларына аттанғанда, оның маған деген қамқорлығын байқадым. Сөйтіп екеуміз сөйлесіп кеттік. Алматыға оралғанда ол мені алғашқы кездесуге шақырып, сезімін білдірді. Бір жарым жыл жүргеннен кейін, отбасын құрамыз деп шештік”, — дейді ол

Сөзсіз, елімізде үлкен тойдан бас тартып, қуанышын табиғат аясында атап өтуді жөн көретін жастар саусақпен санарлықтай аз. Салтанат Бекенова жұбайы екеуі осы шешімді қалай қабылдағандарын айтып берді:

“Қарым-қатынасымыздың бастапқы кезеңінде, тойымызды тауда атап өтеміз деп қалжындайтынбыз. “Мен сенің көйлегіңді алып шығамын” дейтін ол маған. Мен болсам “ал мен сені көтеріп алып шығамын” деп жауап қайтаратынмын. Осылай екеуміз қалжындайтынбыз. Кейін бір-бірімізге деген сезіміміз тереңдей бастағанда, тойымызды тауда тойлаймыз деп айтқанымыз есімізге түсті.

“Біздің қуанышымызға табиғаттың, күннің, таудың куә болғанын қаладық. Бірақ қай шыңды бағындырарымызды білмей, ұзақ ойландық. Ақырында Анатолий Букеевтың құрметіне аталған Амангелді шыңына шығуды жөн көрдік. Ұлы альпинистке құрметімізді көрсеткіміз келді. Әрине, ол шыңды бағындыру, 5 сағат көтеріліп, 4 сағат түсу оңай емес. Сосын біздің қуанышымызды бөлісуге келген адамдардың арасында тауға бірінші рет шығайын деп тұрған достарымыздың бар екенін білдік. Бірақ Алматыдағы жақындарымыздың барлығын мейрамымызға шақырдық. Олар  шаршаса да,  қайткенмен де тауға шықты. Расул жақтан оның анасы, ал менің туыстарымнан маған анамдай болып кеткен әпкем  тойымызға қатысты.

Біз үлкен тойымызды қазір емес, бір, бес, мүмкін он жылдан кейін атап өтеміз деп шештік. Осындай шешім қабылдағанымызға еш өкінбейміз. Расул да, мен де қазақ тойларын жақсы көреміз. “Қызыл өрікке” билеп, бешбармақ жегенді ұнатамыз. Қазақтың дәстүрлеріне тамсанамыз. Әр дәстүрде көңілім босап, еріксіз жылаймын. Ал  үйлену тойын жақындарымыз бен достарымыздың басын қосып дүркіретіп тойлау ойымызда бар. Мүмкін барлық қазақстандықтарды да қонақ ретінде шақырармыз.

Әрине, екі әулеттің адамдары бір-бірін жақынырақ білсе дейміз. Бір-біріміздің туыстарымызбен мейрамханаларда кездесу ұйымдастырып, олармен танысып жүрміз. Тамыз айында жұбайымның жақындары менің туысқандарыммен көрісу үшін Астанаға жолға шығуды жоспарлап отыр. Біз қазақтың барлық дәстүрлерін сақтаймыз, құдалықты да өткіземіз. Тек тойымыз қарапайым адамдардың салтанатынан ерекшеленген соң, көпшілік бізді түсінбей жатыр”, — дейді Салтанат Бекенова.

Жастардың бұл шешімін әлеуметтік желілерде қолдағандар да, балағаттағандар да болды:

“Ата-анамыз “ескінің” адамдары. Сондықтан тойды неліктен тауда атап өткіміз келетінін оларға түсіндіру үшін біраз уақыт кетті. Түбінде бірнеше ұйқысыз түндер мен көндірулерден кейін, олар бізге рұқсатын берді. Өздері белгілі бір шарттарды қойды. Ал біз оларды орындауға келістік.  Осындай ата-аналарымыздың  болғанына  шүкіршілік етеміз.

Мен әлеуметтік желілерде біздің ісімізге қатысты жазылған жазбалардың барлығын оқып шықтым. Көбісі біз секілді үйлену тойларын ерекше атап өткілері келген. Тауға шығуды армандағандар да бар. Бірақ ата-аналары оларға рұқсат бермеген соң, қуаныштарын 500 адаммен бірге мейрамханада тойлауға мәжбүр болған.  Қазір тойға алған несиелерін төлеп отыр. Құдай сақтасын, бірақ олар несиені төлей алмайтын жағдайға тап болса, қандай шара қолданбақ? Банк алдындағы жауапкершіліктен қашып құтылу мүмкін емес қой.  Біз дәл қазір Расул екеуміз несие алып, той тойлағымыз келмейді. Әзірге ақшамызды жинай тұрамыз. Биыл болмаса да келесі жылы, 5 немесе 10 жылдан соң тойымызды міндетті түрде жасаймыз. Той өткізудің басты мақсаты адамдар алдында шашылып, мақтану емес, екі әулетті біріктіріп, олардың басын қосу. Біз осыны жақсы түсінеміз.

Шындығын айту керек, көпшіліктің ықыласына бөленеміз деп ойлаған жоқпыз. Іс-әрекетімізді құптағандар да, қарсы шығып “сендер еврейсіңдер”, “Каспий банктің қара тізіміне кіріп кеткенсіңдер” деп айтқандар да болды. Әрине, біз олардың сөзін көңілімізге алған жоқпыз, күлдік те қоя салдық. Бірақ жағымсыз пікірлерге қарағанда, жақсы жазбалардың саны көп болды.

Әзірге бал айын қай елде өткізетінімді айта алмаймын. Бірақ баратын жерімізде міндетті түрде тау болады”, — дейді ол.

 

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау