Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді Шымкентте балық қырылуда: Қошқарата өзенінен балық өлекселері табылып жатыр

Шымкентте балық қырылып жатыр. Қошқарата өзенінде жұрт екі-үш күннен бері мөңке, қаяз және бақтақ секілді балықтардың бірнеше түрінің өлексесін тапқан. Әзірге олардың неден өлгені белгісіз. Экологтар бүгін ғана өзен суының сынамасын алып, құрамын зерттеуге кірісті.

Енді Шымкентте балық қырылуда: Қошқарата өзенінен балық өлекселері табылып жатыр

Ал, оған дейін сол маңдағы тұрғындар өлі балықтарды өздері сүзіп алып, жерге көміп жүрген екен, деп хабарлайды Евразия арнасына сілтеген Stan.kz.

Қаланы қақ жарып өтетін Қошқарата өзені мөлдір бұлақтан тарайды. Қырылған балықтар осы өзеннен табылған. Өлекселерді алғашқылардың бірі болып өзенді жағалай қоныстанған тұрғындар байқапты. Су бетінде қалқып жүрген балықтар әлдеқашан өліп қалған екен. 

"Дәу-дәу балықтар шықты. Ішінде уылдырығы бар. Қарындары үлкен. Шығарып алып көрсеттік", - дейді тұрғын.

Гафуржан Фарманов Қошқарата өзені бойында тұрады. Мұндай жағдайды алғаш рет кездестіріп отырғанын айтады. Өзен суын жыл он екі ай пайдаланатын оның отбасы аяқ астынан осының кесірінен үш үйрегінен айырылған. Үй жануарлары өзен суын ішеді екен.

"Мынандай балықтарды көріп, өзім таңқалып отырмын. Өліп, ағып келіп жатыр. Үлкен балықтар астында жатыр барлығы. Әлі де жатыр, көріп тұрсыздар. Не деген сұмдық бұл!", - дейді Шымкент тұрғыны Гафуржан Фарманов. 

Әзірге балықтардың неден уланғаны белгісіз. Кешелі бері өзен бойынан өліп қалған балықтардың өлексесін байқауға болады. Тұрғындар бірсыпырасын қалқып алып, жерге көміп тастапты. Бүгін осы жағдайды естіген экологтар лезде жетіп келіп, судың құрамын анықтауға кірісті. Енді арнайы зертханада зерттемекші.

"Біз өзен суынан сынама алып, ішіндегі құрамын анықтаймыз. Қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін зерттейміз. Анализ жасаймыз", - дейді Түркістан облысы экология департаментінің бас маманы Ақмарал Нысанбекова. 

Балықтардың жаппай қырылу дерегі тәртіп сақшыларына да жұмыс тауып берді. Онсыз да ұры-қарыны іздеумен күн жоғалтып жүрген полицейлер енді кінәлілерді таппақшы. Ортақ іске Ауыл шаруашылығы министрлігі де кірісіп кетті. Ведомства өкілдері жауапты сала мамандарымен бірлесіп, оның себебін анықтамақшы.

"Балықтардың қырылуына байланысты күні кеше бізге ақпарат келіп түсті. Осы оқиға бойынша жұмыс тобы жасақталған. Оның құрамына экологтар мен тиісті сала мамандары енгізілді. Қазір сол маңдағы ауа мен судан сынама алынып, өлген балықтар сараптама жіберілді. Қорытындысы бойынша, қосымша мәлімет беріледі", - дейді ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нариман Жүнісов. 

Қошқарата өзеніне жұрт жаздыгүні шомылады. Қала берді, төрт түлік пен бау-бақшасын суғарады. Оның үстіне, мөңке, қаяз және бақтақ сияқты балықтың бірнеше түрі бар. Қазіргі уақытта олардың уылдырық шашатын кезеңін ескерсек, қаншалықты зиян келгені айтпаса да түсінікті.

 

Талқылау