Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ең төмен зейнетақы алатын ақтөбеліктерге тегін азық-түлік таратылып жатыр

Бір келі күріш, қант, макарон мен шай, сүт және сұйық майдан тұратын азық-түлік жиынтығын ең төмен зейнетақы алатын ақтөбелік зейнеткерлер ала алады. Әлеуметтік жәрдем орталығы тізім бойынша дорбаларды таратып жатыр.

a trolley in a supermarket

Фото: kazakh-zerno.kz

Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.

Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарындағы №10-бутик зейнеткерлер үшін жақсы таныс. Себебі, олар осымен үшінші рет азық-түлік жиынтығын алып жатыр. Қант, сұйық май мен шай секілді азық-түлікті тұрақты алып жүрген зейнеткерлердің бірі – Қатира Үмбетиярова. Ол биыл зейнет демалысына шықты. 58 жастағы зейнеткер бұған дейін кондитер фабрикасындағы киім сақтау орнында жұмыс істеді. Ұзақ жылдар бойы аз жалақы алған ол зейнетке шыққан кезде мардымсыз ақша алып отыр.

«Тынымсыз еңбек етіп, зейнетке шыққаныммен зейнетақымыз өте аз. Ал азық-түлік бағасы ай сайын өседі. Сондықтан әкімдік тарапынан берілген көмекке рахмет айтамыз. Мен үшінші рет азық-түлік дорбасын алдым. Ішінде негізгі тауарлар бар»,- дейді зейнеткер Қатира Үмбетиярова.

Айта кетейік, еліміз бойынша ең төменгі зейнетақы – 25 824 теңге. Негізгі зейнетақысы бұдан аспайтын кез келген ақтөбелік зейнеткер жеке куәлігімен коммуналдық базарға бара алады.

«Өткен жылдың желтоқсан айында беріліп, биыл тағы Наурыз мейрамы мен Жеңіс күніне орай азық-түлік үлестірілді. Бұл жолы Конституция күніне орай таратылып жатыр. Қазір 900-ге жуық адам өздеріне тиесілі азық-түлікті алды»,- дейді қалалық әлеуметтік жәрдем орталығының бөлім меңгерушісі Мөлдір Әлімбаева.

Әлеуметтік акция Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұсынысын құптаған жергілікті кәсіпкерлер жыл басынан бері үш рет азық-түлік жиынтығын үлестірді. Бұл жолы дорба ішіндегі күріш, макарон, қант, сұйық май мен шай, сүттің құны 2100 теңге. Жалпы, жыл басынан бері кәсіпкерлер әлеуметтік көмекке 15 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған.

Талқылау