Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Ең болмағанда бір бөлмелі пәтер берсе": Ақтөбеде 93 жастағы тыл еңбеккері суық жеркепеде тұруға мәжбүр

Ақтөбеде тыл еңбеккері суық жеркепеде тұруға мәжбүр. 93 жастағы Рахила Қанатбаева Ұлы Отан соғысы кезінде жертаса қазып, жараланған сарбаздарды арқасына салып алып, тасыған. Ендігі ол қалған өмірі жылы жерде өткенін қалайды.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31 арнаға" сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұлы Отан соғысы басталғанда Рахила Қанатбаева 14 жаста болған. Бастапқыда оның үлкен ағасы соғысқа аттанған, артынша Рахиланың өзі де шақырылыпты. Ол Астрахань жерінде жертаса қазып, госпитальде жұмыс істеп, жараланған сарбаздарды арқалап тасып, киімдеріндегі қанды жуған. 

«Сарбаздардың киімдерін қап-қап етіп алып келетін. Жылап отырып жуып, қаза тапқандарды аяйтынбыз. Қиын  кез болатын. Жасыратын несі бар? Сондықтан қайтыс болғандардың киімі мен аяқ киімін өзіміз киетінбіз», - дейді кейуана.

Рахила Қанатбаева соғыстан кейін туған жері Шалқарға қайтып келіп, темір жолда жұмыс істеп, тұрмысқа шығып, алты баланы өмірге әкелген. Олардың үшеуі қайтыс болыпты. Бүгінде кейуана қызы Алмагүлдің қолында қала шетіндегі суық жеркепеде тұрады. Бұл үйді қызына жұмыс берушісі беріпті.

«2005 жылы өзі президентке хат жазды. Мемлекет басшысы жауап беріп, Қазақстанның кез келген қаласынан үй беруді және жылына екі рет шипажайда демалуын қамтамасыз етуді тапсырған. Нәтижесінде, анам мұның ешқайсын да алған жоқ. Ақыры хатты жоғалтып алды», - дейді тыл еңбеккерінің қызы Алмагүл Қанатбаева.

Шенеуніктердің сөзінше, Шалқарда кейуананың атында үй бар. Алайда Алмагүл үйдің апатты жағдайда екені есепке алынбағанына ашынады. Ал әкімдіктегілер Рахила Қанатбаеваның ешқашан көмек сұрап келмегенін айтты.  Тіпті, көмек сұраса да, он жылдан аса уақыт күтуі керек. 

«Тыл ардагерлері жекелеген санат жоқ. Тек жас бойынша зейнеткерлер санаты бар. Олар жасы келген зейнеткер ретінде, осы санат бойынша кезекке тұра алады.  Сонда халықтың әлеуметтік осал тобына кіреді», - дейді Ақтөбе қалалық тұрғы үй қатынастары бөлім басшысының орынбасары Ерлан Рамазанов. 

Рахила Қанатбаева өзіне зәулім үй беруін сұрамайды. Ол тым болмағанда бір бөлмелі пәтер берсе, дейді. 

Комментариялар
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр