Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

№5 диета: нені жеуге болады және болмайды

«№ 5 үстел» диетасы – бұл диетаның 15 нұсқасы кіретін емдік тамақтану жоспары. Олардың барлығын кеңестік диетолог ғалым Михаил Певзнер әзірлеген. Бұл диета өт қабы, бауыр және өт шығару жолдары ауруларына шалдыққан науқастардың жағдайын жеңілдетеді. Және осы емдік-сауықтыру диетасын 1,5–2 жыл ұстаса да болады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Емдік диета: қандай ауруларды жеңілдетеді, нені жеуге болады, болмайды

«№ 5 үстел» диетасын тағайындау мақсаты

Бұл диетаны:

-    Әлі асқынбаған созылмалы гепатитте
-    Жіті холецистит пен гепатиттен сауығу кезеңінде
-    Асқынбаған созылмалы холецистит және бауыр циррозында
-    Созылмалы панкреатит
-    Өт қабына тас байланған кезде
-    Тұз байлану ауруларында, зәр қышқылының тұзынан құрылған тастардан тұратын несеп-тас ауруында
-    Кейбір өт шығару жолдары, бауыр және өт қабы ауруларына шалдыққан кезде тағайындайды.

Бірақ, бұл емдік диетаны асқазан-ішек жолдарының белсенді ауруы кезінде ұстауға болмайды.

№5 диетаны тағайындаудың негізгі мақсаты бауырдың, өт жолдарының функцияларын қалпына келтіру, сондай-ақ, өт бөлінуді жақсартуға бағытталған теңдестірілген, бауырды сақтайтын тамақтану болып табылады.

№5 диетаның жалпы принциптері мен ұсыныстары

Бұл диета белок пен көмірсулардың майдың кейбір шектеулерімен қалыпты нормада тұтынылуын қамтамасыз етеді. Тамақтану рационында пурин, холестерин, экстрактты заттар, қымыздық қышқылдары, эфир майлары және қуыру кезінде тотығып кеткен майлы тағамдар болмауы тиіс. Сонымен қатар, тұзды тұтынуда шектеулер қойылады.

Рационда липотропты заттарға, талшықтарға, пектиндерге бай тағамдар болуы керек. Барлық тағамдар асылып, қабықсыз көмештіп немесе бұқтырылып жасалады. Бірақ, диетаны ұстаған адам күніне кішкентай бөліктермен 4-6 рет тамақтануы қажет. Сондай-ақ, тағамды мүмкіндігінше ұсақтап жеген дұрыс. Және аш қарынға мүмкіндігінше көп сұйықтық ішу керек.

№5 диета кезінде тамақтану рационының күнделікті нормасында 80г-ға дейін ақуыз, оның ішінде 50% жануар нәруызы; 80-90 г дейін майлар, оның ішінде 30% өсімдік майы; қуаттылығы 2400-2800 ккал болатын 400 граммға дейін көмірсулар болуы қажет.

Бірақ, диетаның зақымдалған органдардың жұмысын қалпына келтіре алмайтынын естен шығармаңыз. Ол тек асқыну тудыратын факторлардан ғана құтылуға көмектеседі, сондай-ақ қалпына келтіру процестеріне ықпал етеді.

№5 диета медициналық препараттармен және емдік рәсімдермен бірге тағайындалады. Әрине, диагнозын нақты білетін науқастар осы тамақтану жоспарына өзі ауыса алады, бірақ бұл дәрігерге баруын тоқтатады деген сөз емес.

Нені жеуге болады, нені жеуге болмайды

Сорпа ішу ұсынылады, оның ішінде сүт, көкөніс, жарма, жеміс сорпасы. Ал борщ пен ши етсіз болуы керек. Сорпаға қосатын тұздықты қуыруға болмайды. Сондай-ақ, сиыр еті, құс еті, ветчина немесе жануардың тілі сияқты жасық ет пен көксерке, ақтабан, хек, навага, нәлім секілді балықтарды жеуге болады.

Дауындау әдісіне келетін болсақ, бұл диета кезінде тағамды қайнатады немесе буда пісіреді, ал қайнатылған балық пен етті тұмшапеште дайындайды. Сонымен қатар, үстіне сорпа құйылатын ұйытылған балық жасауға да болады.

Ал сүт, айран, ірімшік секілді сүт өнімдерін тәулігіне 200 граммнан көп тұтынбаған жөн. Бұл диетаны ұстаған кезде сүзбеден тағамдар дайындауға болады. Мысалы, көмеш (запеканка), суфле, ватрушка, сүзбе қосылған вареники, қатты ащы емес ірімшік дайындаса болады. 
Болқаны су немесе аз мөлшерде сүт қосып жасауға кеңес беріледі. Және тәулігіне 1,5-2 литр сұйықтық ішу керек.

Нанның ағы, қарасы болсын бір күн бұрын пісірілгенін алыңыз. Бұл кезде кебектен пісірілген нан жақсы көмектеседі. Аптасына 2 рет, қамырына май қосылмай пісірілген тоқаш пен пирогтарды жеуге болады. Сондай-ақ, суға асылған жұмыртқадан да күніне біреу жеген жеткілікті. Егер омлет жасағыңыз келсе, бір ғана жұмыртқадан дайындаңыз. Шикі және пісірілген көкөністер мен жасыл шөптерді және әртүрлі өсімдік тағамдарын жеуге кеңес беріледі. Әсіресе, сәбіз бен қызылша пайдалы болмақ.

Диета кезінде: қышқыл емес сұрыптағы жеміс-жидек, қара уылдырық, көмпештелген немесе буда дайындалған пудинг, вермишель және макарон өнімдерін, кептірілген нан, құрғақ печенье, құрғақ бисквит, күніне 70 грамм тәтті жеміс-жидектерден жасалған тосап (варенье), қант, бал, зефир, мармелад, жеміс қағынан жасалған кәмпит, тұздық ретінде сары май және өсімдік майын, табиғи көкөніс және жеміс-жидек шырынын, итмұрын шырынын, шөп немесе жеңіл дайындалған шай, сүт қосылған кофе және аскөк жапырағы, ақжелкен, қалампыр, даршын, лавр жапырағы, ваниль секілді шөптер мен кейбір дәмдеуіштерді күніне шектелген мөлшерде жеуге болады.

Жалпы, №5 диетада тұзды көп тұтынуға болмайды. Тәулігіне шамамен 10 грамм тұз жеткілікті болмақ. Сонымен қатар, тағамдарға тұзды дайын болғаннан кейін ғана қосу қажет.

Бұл диетада: майлы сұрыптағы балық, ет, құс етін, қуырылған, майлы, ащы, ысталған тағамдар мен өнімдерді, алкоголь, ми, бауыр секілді субөнімдер, шпик (шошқаның қыртыс майы), консервіленген өнімдер, бұршақты дақылдар, саңырауқұлақ және саңырауқұлақ сорпаларын, пияз, шпинат, қымыздық (щавель), шалғам (редиска), сарымсақ, шомыр (редька), рауғаш, гүлді қырыққабат, шалқан, шоколад, балмұздақ, какао, сірке суы, газдалған және суық сусындар, маринадталған көкөністерді жеуге болмайды.

Бір аптаға арналған ас мәзірі    

Таңғы асқа майлы емес қаймақ қосылған винегрет, суға салынған 20 грамм майшабақ және кешеден қалған бір тілім ақ нан жесе болады. Сусын ретінде сүт қосылған шай артық етпейді. Ал екінші таңғы асқа – бір кесек қайнатылған сиыр еті, бір порция қарақұмық ботқасы, сондай-ақ табиғи көкөніс шырыны жарайды.

Түскі ас: бірінші тағамға – майсыз кілегей қосылған көкөніс сорпасын, екінші тағамға – бір кесек пісірілген балық, көкөніс, картоп пюресі және соңында тәтті жеміс компотын ішуге болады. 

Кешкі асқа майсыз ақ сүзбеден жасалған ірімшік көмешін (запеканка) жеп, сондай-ақ қант қосылған ашық түсті шай ішкен жөн. Және жатар алдында тәтті жемістердің дәмі бар кисельмен құрғақ печенье жеуге болады.

Емдік диетаның тағы бір мәзірі:

Таңғы ас: суда жасалған сұлы ботқасына сүт қосып, қантпен араластырылған майсыз ақ сүзбе жеп, бал қосылған ашық түсті шай ішуге болады. Екінші таңғы асқа көмпештелген алма жесе де жеткілікті. 

Түскі ас: бірінші тағамға – көкөніс сорпасын, екінші асқа – қайнатылған тауық пен күріш, сусыннан – компот ішкен дұрыс. Ал бесіндікке витаминді итмұрын қайнатпасын ішіңіз.

Сондай-ақ, кешкі асқа пісірілген балық пен картоп пюресін жеп, шай ішсеңіз болады. Және ұйықтар алдында бір стақан айран ішсеңіз артық етпейді

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр