Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордада суға батып бара жатқан қызды құтқарамын деп мерт болған сержант марапатталды

Елордада 10 мамыр күні өзенге ағып бара жатқан қызды құтқарамын деп мерт болған Ерлан Райымқұловтың отбасына еліміздің жоғары бас қолбасшысының бұйрығымен "Ерлігі үшін" төс белгісі тапсырылды. Әуе қорғаныс күштерінің қызметкері осылайша батырлықтың жарқын үлгісін көрсете білді. Бірақ, өкінішке орай, аман қалған қыздың ата-анасы қара жамылған отбасыға алғыс айтпақ түгілі, әлі күнге дейін төбе көрсетпеген. 

Артында етегі жасқа толған анасы мен жары, екі ұлы, бауырлары қалған Ерланның бүгін ерлігін еске алуға келген достарының қатары қалың болды. Антқа адал, сертке берік әріптестерінен айырылған басшылық марқұмның отбасын бірнеше мемлекеттік жоғары наградалармен марапаттады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші арнасына" сілтеме жасап.

Жамбыл облысы Шу қаласының тумасы Ерлан Райымқұлов қызығы мен шыжығы қатар жүретін әскери өмірді өзі таңдапты. Әуе қорғаныс күштерінің қатарында 5 жылға жуық еңбектенген ол, жүргізуші болып қызмет еткен.  

"Сіздер де әрқашан өз балаларыңызды қысылған жанға, көмек күткен жанға, әлсізге қамқор болуға, көмек қолын созуға тәрбиелейді деп сенемін. Менің баламның мына ісі жүректеріңізге адамгершіліктің, мейірімділіктің, имандылықтың дәнін себеді деп сенемін", - дейді марқұмның анасы Ризагүл Дүкенбайқызы.

Асыраушысынан, отбасының тірегінен айырылған туыстарына марқұмның 5 жылдық еңбекақысы есебінен 21 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. Бірақ ол қаржы жетім қалған қос балапанға әке орнын алмастырмайтыны бесенеден белгілі.   

"Өзінің жұмысын, өзінің Отанының алдындағы парызын адал атқаратын. Енді Ерланның ата-анасына осындай батырды дүниеге алып келіп, Қазақстанның нағыз патриотын өсіріп, тәрбие бергені үшін анасы мен әкесіне үлкен алғысымызды айтамыз", - дейді марқұмның досы Ерлан Бердібаев.

"Әріптесіміздің бұл ерлігі – Отанды кірпік қақпай күзетіп жүрген барлық әскери қызметкерге үлгі. Ерлан өзін ержүрек, батыл азамат ретінде дәлелдей білді. Отбасына, әйеліне қайғыра көңіл айта отырып, қиын кезде демеу болып, ұдайы жан-жақты көмектесіп тұратынымызды айтқым келеді", - дейді ҚР ҚК әуе қорғаныс күштері бас қолбасшысының орынбасары Тұралы Қойшықұлов.

Бұл жиынға суға кеткен итін құтқарамын деп ажал құша жаздаған қыздың отбасы да арнайы шақырылыпты. Алайда олар төбе көрсетпеген. Әкесі де сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 10 мамырда «Газмаштаппара» бағбандық қоғамының аумағында орын алды. Раимқұлов 12 жастағы қыздың суға батып бара жатқанын көріп, оны құтқаруға бірден бел буды. Алайда қызды құтқарамын деп, өзі ерлікпен қаза тапты.

Талқылау