Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елорда іргесіндегі ауылды су басты: Әкімдік тұрғындардың өзін кінәлады

Астана іргесіндегі ауыл тұрғындарынан тыныштық кетті. Көктем бастала баспаналары суға кетіп, тобықтан лай кешкен жандар жергілікті биліктен қайран жоқ деп ашынды. Ал әкім болса, бұған тұрғындардың өзін кінәлап әлек.

Елорда іргесіндегі ауылды су басты: Әкімдік тұрғындардың өзін кінәлады

Елдімекенді басқан қызыл судың беті қайтқанымен, қора-қопсы, үй-жайлары жарамсыз күйге түскендері не істерін білмей дал. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Үйге бара алмай қайттық. Үйге баратын мүмкіндік жоқ ешбір", - дейді тұрғын. 

Бұл - елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылындағы жағдай. Демалыс күндері қалаға жұмыстарымен шыққан тұрғындар қайтар жолда тасқын судан үйлеріне кіре алмай қалған. Еріген қар суы ауылдың іргесіне дейін келіп бірнеше үйді шайып кеткен.

Жібек Жолы ауылында өткен аптада тасқын су деңгейі едәуір көтеріліп, ауылға қауіп төндірген. Алайда жергілікті атқамінерлер мынадай суға қарсы бөгет орнатып, бірнеше адамды эвакуациялап үлгерген. Қазір судың деңгейі біршама түскен. Бірақ су ортасында қалған үйлерге жаяу жүргінші тұрмақ техниканың өзі бара алмайды.    

Тіпті, ентелеп келген қызыл судың ортасында қалған жалғызбасты мүгедек жанды қора-қопсыдағы малымен бірге көптеп көмектесіп жатып тұрғындар қауіпсіз жерге көшірген.  

"Су келді дегеннен кейін жағалай барсам, бір кісі үйінің төбесіне шығып тұр. Сосын барып екі атпен барып немеремді ертіп бардым. Сөйтсем малы бар екен. Малын, өзін алып шықтық атпен. Өзі жарымжан кісі екен, бір аяқ, бір қолы жақсы істемейді", - дейді тұрғын Көшербай Ахметбеков. 

Мәселемен жақсы таныс жергілікті әкім тасқын болған жерде күні-түні судың деңгейін күзетумен жүр. Қазір алдын алатын бөгеттер орнатылып, барлық тиісті шаралар қолданылып жатыр. Ал, үйлеріне кіре алмай қалған тұрғындарды әкім бұл жағдайға өздерін кінәләп отыр. Себебі саяжайлардың бірде-бірінде баспана салуға рұқсаттары жоқ екен.   

"Көрсетіп жатқан видеодағы үйлер біздің мекенге жатпайды. Ол бір жағынан заңсыз жер. Ол жақта тұруға болмайды. Кісілер рұқсатсыз үйлерді салып тастаған", - дейді ауыл әкімі Ғабдулқайып Рыспаев.   

Төтенше жағдайлар комитеті де өңірдегі тасқын қаупі бар аймақтарды жіті бақылауда ұстап отырмыз деп сендірді. Мәселен, осы ағын су келіп жатқан Вячеславка су қоймасының да жағдайы бірте-бірте реттелмек.

"Вячеславка су қоймасында қазір жағдай бір қалыпты. Судың деңгейі біршама түсті. Осыдан бірнеше күн бұрын ол жерде секундына 300 куб су жіберілсе, бүгінде оның көлемі 6,7 кубты құрап отыр. Демек жағдай бір-екі тәулікте реттеледі", - дейді ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер. 

Қазір Жібек Жолы ауылына тасқынды одан әрі өршітпеу үшін айналаға бірнеше дамба соғылған. Ал, су ортасында қалып өркениеттен қол үзіп қалған отбасыларға үйлеріне кіру үшін біршама уақыт қажет секілді.

 

Талқылау