Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізге танымал тұлғалар Астанадағы сүйікті орындарын атады

Биыл 6 шілде – қазақстандықтар үшін ерекше күн. Осыдан жиырма жыл бұрын елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен елордасы Астана қаласына ауысқан болатын. Араға аз уақыт салып, бүгінгі таңда Астанамыз жарқырап жайнаған бүкіләлемге танымал Еуразияның жүрегіне айналды, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Елімізге танымал тұлғалар Астанадағы сүйікті орындарын атады

Орта Азияның орталығына айналған бұл әсем қала әлем деңгейіндегі қалалардың қатарына тез еніп келе жатыр. Қаланың әдемілігі көздің жауын алып, туристер саны жылдан жылға артуда. Астананың ерекше архитектуралық құрылыстарының бой көтеруіне қазақстандықтардан бөлек шет ел азаматтары да үлес қосқан. Сол тамаша архитектуралар бүгін қаланың сәнін келтіріп, көпшіліктің сүйікті орындарына айналып үлгерді.

Елімізге танымал тұлғалардың Астана қаласындағы сүйікті орындары қай жер екен? Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі арнайы сауалнама жүргізіп, ел танымалдарынан жауап алды.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы ең сүйікті жері туралы қойылған сұраққа: «Жақсы көретін жерлерім көп. Әрине, маған Бәйтерек және оның маңайы ұнайды. Мен ол жерде болғанды жақсы көремін», – деген еді.

Ал Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Астанадағы сүйікті жерлерімнің бірі – Есіл өзенінің жағалуы, бұл жерде қаланың ерекше ахуалын, әр алуандылығын және жан көңілін сезе аласың», – дейді.

«Әлбетте, этникалық колоритімен ерекшеленетін сулы-жасыл бульварды атағым келеді. Бульвар біздің өткеніміз, бүгініміз бен болашағымыздың бейнесі сынды. Осы жерде көптеген отбасылар балаларымен, ата-әжелер немерелерімен қыдырғанды ұнатады. Бұл ұлттық рухымыздың, тарихымыздың жалғастырушы белгілері.

Сонымен қатар, Астананың «Жасыл белдеуі» аумағында ұзындығы 23 шақырымдық веложол ашылғанына қуаныштымын. Өзім де велосипед теуіп, сол кезде бұл веложолдың астаналықтарға қаншалықты қажет екенін түсінемін. Демек, біздің елордамыз – салауатты өмір салтын ұстанушы қала.
Қорытындылай келе айтарым, Астана – қазақстандықтардың бірлік нышаны, ал Астана күні – жалпы ұлттық мейрам», – дейді министр.

«Маған Астана тақырыбында сөз өрбіту оңай. Бұл қалада менің сүйікті жерлерім өте көп, шексіз айта беруіме болады. Астана қаласы – менің балалық шағым өткен қала, осы жерде туып өскенмін. Алайда ең сүйікті жерім деп «Пирамида»(авт. Бейбітшілік және келісім сарайы) және оның маңайын атай аламын. Сол жердің ауасы таза, энергетикасының өзі ерекше. Сонымен қатар, қаладағы барлық саябақтарды, Есіл өзенінің жағалауын жақсы көремін. Мегаполис дамып келе жатқандықтан әдемі ғимараттар, табиғаты сұлу парктер өте көп. Ол жерлерде жаяу серуендеп, нағыз Астананы сол орындарда көремін.

Осы қалада туып өскендердің көбі оң жақ жағалауды жақсы көрсе, маған керісінше сол жақ жағалау өте қатты ұнайды. Сондықтан Астананың жүрегі деп сол жақ жағалауда орналасқан «Бәйтерек» монументін айтар едім. Жаңа Астананың жүрегі сол жерде соғатынына сенімдімін.

Қаламызға келетін туристерге театрларды, «Экспо» павильондарын аралауға кеңес берер едім. Астананың барлық кереметін көру үшін міндетті түрде жаяу қыдыру керек. Машина, автобустардың терезесінен көрген бір бөлек, ал жаяу серуендеп тамашалаған тіптен басқа. Қыстың суығына да қарамай жаяу серуендеуге шыққан жандар бұл қалаға ғашық болады.

Осы қалада туып өскенім, Қазақстанның жүрегі соғып тұрған мекенде өмір сүріп жатқаным мен үшін үлкен бақыт», – деді Астана қаласының жергілікті тұрғыны, парламент мәжілісінің экс-депутаты Бақыт Сыздықова Stan.kz ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева:

«Қазақстанның бүкіл әлемге танылуына себепші болған «Экспо» халықаралық көрмесі болатын. Қазіргі таңда ол жер қаланың ішіндегі қалашыққа айналып, Астанамыздың дамуына әлі күнге дейін үлкен үлес қосып жатқан нысандардың бірі. Өзім өнер адамы болғандықтан, көбінесе сол жерде ұйымдастырылған концерттік іс шараларына қатысамын. Сондықтан қаламыздың басты көрнекілік орындары деп «Экспо» қалашығын білемін.

Тағы алатын болсақ, ол – Ақордамыз. Бұл жердің айналасына барған Қазақстанның әрбір азаматында еліне деген патриоттық сезімі оянып, елінің беделінің жоғары деңгейде екенін нық сезіне алады деп ойлаймын.
Басқа да қаламыздың тамаша жерлері деп таңғажайып тарихи деректерге толы ұлттық мұражайларымызды атап өтуге болады. Өзім ол жерлерге барғанда керемет әсер аламын.

Астананың жүрегі деп бір жерді ғана бөліп жарып айтуға келмейді. Елімнің жүрегі Астана болғандықтан – бұл бір ғана жер емес, қаланың өзі біртұтас мемлекетіміздің жүрегі. Дегенмен, Астана дегенде бірінші ойыма келетіні – ол Бәйтерек, Ақорда, Ханшатыр сынды нысандар. Басқасын айта берсек бір кітапқа толар. Астарлы тарихи бар бұл ерекше нысандар ұрпақтан ұрпаққа сабақтасуының белгісі болып танылады. Болашақ ұрпағымызға ұялмай ұсынар сәулетті ғимараттарымыз көп қой.

Елордамыз мұнда келген әрбір адамға сондай бір жылулық нұрын шашып тұрған ерекше қала. Бұл әсем қаланы басқалармен салыстыруға келмейді. Жасыл желектермен ұштасып отырған архитектуралық нысандары, табиғатының өзі бір ерекше сұлу».

Қазақстан эстрадасының жарық жұлдызы, Қайрат Нұртас:

«Мен үшін, жалпы күллі қазақ жұрты мен мұсылман қауым үшін ең жылы, ең әдемі жер – әрине, Алланың үйі-мешіт деп білемін. Одан кейін, әрине, өнер адамының ғумырының көп бөлігі өтіп, көрерменмен қауышып, бақытқа бөленетін жері, сағындырып, аңсатып тұратын мекен-сахна. Астанадағы «Орталық концерт залы», «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Астана-Опера» театры ерекшеленіп тұрады мен үшін. Одан кейін қазақ балаларының аңсарын аудырып тұратын ол – Бәйтерек. Жалпы мемлекет үшін ең маңызды орын, Елбасымыздың жұмыс орны – Ақорда. Осы жерлер мен үшін ыстық! Жалпы айтқанда, күн сайын көркемделе түсіп келе жатқан Астанамыздың әр бұрышы, әр жері, әр ғимараты мен үшін маңызды, әдемі, сұлу. Себебі, Астанамыздың өзі – еліміздің жүрегі ғой».

Ал сізге елордамыз Астананың қай орындары ұнайды?

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау