Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еліміздегі тұрақты жұмысы жоқ азаматтардың күнкөрісі

Елде жұмыспен қамтылғандар саны кеміген тұста ресми жұмысы жоқ деп саналатын адамдардың (өзін-өзі қамтығандар)жағдайына алаңдаушылық та күшейіп келеді. Қазақстанда екі миллионға жуық адам еңбек қатынастарын ресімдемей жұмыс істейді.

552a6bd19b0da421886ba2e89b98f816-slider

Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

Алматының ортасындағы Сейфуллин даңғылының бейресми еңбек нарығына айналғанына талай жыл болған. Үй салуға немесе үй жөндеуге, жиһазын көшіруге, ал күн жылыда ауыл шаруашылығы жұмыстарына адам керек болса, жұрттың көбі арзан жұмыс күшін іздеп, сол жаққа барады.

Сейфуллин даңғылында кісі қарасы көп. Оның негізгі тұрғындары -жұмыссыздар әдетте үш адамнан топтасып тұрады. Көбі 30-50 жас аралығындағы ер адамдар. Бұдан жастау немесе егделеу жандар аз. Көше бойында тұрғандар Азаттық тілшісін жұмыс күшін іздеп жүрген клиент екен деп қалды. Қол алысып, жөн сұрағанымен, мақала кейіпкері рөлінде көрінуден сыпайы түрде бас тартты. Бәрі «туыстарым біліп қойса, ыңғайсыз болады» деген уәж айтады.

Біраздан кейін орта жас шамасындағы ер адам «сіздердің әңгімелеріңіз өзге адамдарға пайдалы болуы мүмкін» деген уәжді естіп, сөйлесуге келісімін берді. Ол өзін Дәурен Базарбаев деп таныстырды. Қолында ауыстыратын киім-кешек пен гигиена құралдары салынған пакеті бар. Шуы көп көшеден аулағырақ жерге шыққаннан кейін ол пакетін ағашқа іліп қойып, өзі жайлы әңгімелеуге кірісті.

Мұғалім дипломы бар құрылысшы

Дәурен Базарбаевтың күнкөріс қамымен жұмыс іздеп Сейфуллин даңғылына шығып жүргеніне 10 жыл болған. Оңтүстік Қазақстан облысындағы туып-өскен ауылында әйелі, төрт баласы қалған. Филология факультетін бітіріп, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алғанын айтқан ол «бірақ мектепте сабақ бергім келмеді, өйткені ол кезде мұғалімдердің жалақысы мардымсыз болатын» дейді. Өмір сүруге жететіндей ақша төлейтін өзге жұмыс ауылда табылмаған.

Алматыға келіп, құрылыста қара жұмысшы болып орналасқан. Көп ұзамай ғимараттардың сыртын қаптаушы мамандығын үйренген. Жұмысқа орналасқан кезде көбірек болады дегенімен, 90 мың теңгедей жалақы төлеген. Жалақыны үнемі кешіктірген. Ол «бірнеше құрылыс компаниясын ауыстырдым, бірақ бәрі еңбек шартына отырады, бірақ шарттарын орындамайды» дейді.

Дәурен Базарбаев бір кездері института алған бірінші мамандығына оралғысы келген, бірақ ол қиын шаруа болып шыққан. Ол мектепте ешқашан жұмыс істемеген, яғни стажы жоқ. Дәурен «пара беру арқылы әлгі шартты айналып өту мүмкіндігін ұсынғандар болды, бірақ оған ақшам болмады» дейді.Ақыры ол Алматыға қайта оралып, күнде таңертең Сейфуллин даңғылына шыға бастаған. Сәті түскен күні ол сегіз мың теңгеге дейін ақша табады.

“Келіскеніңе байланысты. Өзің келісіп, өзің аласың. Әрқалай табасың. Жұмыс болса, кейде бес мың, кейде сегіз мың табасың. Кейде апталап жұмыс болмай қалады. Құр тұрып қайтасың”, – дейді Дәурен Базарбаев Азаттыққа.

Ол біраз ақша жиналған кезде туыстарын көріп, оларға азық-түлік, өзге де қажет нәрселерін сатып әперу үшін үйіне барады. Бұған қоса, ол достарымен бірге жалға алып тұрып жатқан пәтердің ақысын төлеуге де ақша қалдыруы тиіс.

Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда екі миллионға жуық адам еңбек қатынастарын ресімдемей жұмыс істейді, оның 600 мыңы – жастар. Ешқандай жұмыс істемейтін жастар үлесі 9,5 пайызға дейін жеткен. Бұл деректер «Кипр» сараптама тобы мен Сорос-Қазақстан қоры ұйымдастырған «Моноқала жағдайында жастардың өзін-өзі жұмыспен қамтуы: проблемалар, қатерлер, шешімдер» тақырыбын талқылған сарапшылар жиынында жарияланды.

Жастар жұмыс іздеп шағын елдімекендерден ірі қалаларға кететін тенденция қазір әбден қалыптасқан. Кей әлеуметтанушылардың айтуынша, тұрақты жұмыстың табылмауы мен мардымсыз еңбекақы әлеуметтік маркерлерден айырылуға ұласады. Олар не ауыл тұрғыны, не қала тұрғыны емес екіұдай күй кешеді.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев өз зерттеулерінде жұмыспен қамтылмаған жастардың кәсіби біліктілігін жоғалту проблемасын қозғайды. Оның гипотезаларының біріне сәйкес, тұрақты жұмыс жоқтығы жастардың маргиналдану себептерінің бірі саналады.

“Экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан маргиналданады. Өйткені бұл адамдар жалпы мейнстримнен шеттеп қалады. Демек олар қилы күйзелістерге төтеп бере алмайды әрі радикалды ағымдардың ықпалына тез түседі”, – дейді Серік Бейсембаев.

Сарапшылар еңбек біліктілігінің төмендігі мен тұрақты жұмыстың жоқтығынан бейресми жұмыс істейтіндердің кірісі де тұрақты емес әрі көбінесе мардымсыз болады деп алаңдайды. Олардың еңбек қатынастары мүлде ресімделмейді, яғни олар әлеуметтік, құқықтық қорғау, сақтандыру жүйесінен тыс еңбек етіп жатыр. Халықтың бұл тобы банк қызметін пайдаланбайды, салық төлемейді, зейнетақы жарнасын аудармайды, сондықтан мемлекеттік бюджетке ауыр салмақ түсіреді.

Қазақстанда үкімет жұмыссыздық деңгейі мен жұмыспен «өзін-өзі қамтитындар» санын азайту үшін мемлекеттік бағдарламаларды іске қосады. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» қабылданып, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» аясында бірқатар шаралар қарастырылған. Бірақ жұрт, оның ішінде парламент мәжілісінің кей депутаттары әлгі бағдарламалардың тиімділігіне күмәнмен қарайды.

Депутат Ирина Смирнованың Азаттық тілшісіне айтуынша, бағдарламалардан нәтиже шықпағаны үшін үкімет мүшелеріне дербес жауапкершілік жүктелуі тиіс.

“Президент енгізілген бағдарламалар үшін енді үкімет, әр министр жауапты екені жайлы мәселені текке көтерген жоқ, өйткені олардың кейбірінен халыққа тұшымды нәтиже шыққан жоқ”, – дейді Ирина Смирнова.

Оның сөзінше, салалық мемлекеттік және жергілікті атқару органдары халықпен байланыстарын ретке келтіруі тиіс, түсіндірген немесе жауап берген кезде ұғынықты тілді қолдануы тиіс.

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы төрағасы Рахым Ошақбаев нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қайта оқытудың стандартты құралдары мен өз кәсібін ашу үшін несиелендіру арқылы проблеманы шеше алмайды деп санайды. Оның зерттеу орталығының дерегінше, сауалнамаға қатысқан жұмыссыздардың 15 пайызы ғана қайта оқуға әзір екенін айтқан, ал бизнес ашу үшін ресурс іздеп жүргендер бір пайызға жетпеген.

“Нақты жұмыссыздық пен нәтижесіз жұмыспен қамтылғандарды азайту міндетін қойсақ, ең әуелі жұмыс орындарын ашудан бастау керек, ал қазір «жұмыссыздарды сұраныс бар мамандықтарға оқытып шығарсақ, жұмыс таба алады» деген уәжді көп айтады. Жұмыс табуы да, таппауы да мүмкін ғой, өйткені әлгі мамандықтар бойынша жұмыс орындары бар ма?” – дейді Рахым Ошақбаев.

Кей экономистер жоғарыда қабылданған жасанды шаралар жағдайды өзгерте алмайды деген пікір айтады. Бизнес үшін жайлы климат құру керек, жұмыс күшіне сұраныс сол кезде ғана пайда болады. Олар қолайлы бизнес-климат деп салықты, өзге де реттеуші шығындарды және мемлекеттің экономикаға араласуын барынша азайтуды, коррупцияны жоюды айтады.

Кейінгі кезде кәсіпкерлік белсенділіктің баяулағаны байқалады. Жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілер саны 2016 жылы 104 мыңға немесе сегіз пайызға қысқарған. 2016 жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, шағын және орта бизнестің шығарған өнімдері 6,9 пайызға кеміген. Жұмыспен қамтылғандар саны үш пайызға қысқарған.

Азаттық тілшісі әңгімелескен Дәурен Базарбаев банктен несие алу үшін жуырда түнгі күзетші болып орналасқан. Банктерде тұрақты жұмыс орны мен зейнетақы қорынан анықтама талап етеді. Ол ауылға барып ауыл шаруашылығымен айналысуды армандайды. Жер баптағанды жақсы көретінін, бірақ мал сатып алуға, жерді, техниканы жалға алуға ақшаны қайдан алатынын білмейді. Ол «несиені аз беретін шығар, өйткені күзетшінің жалақысы 50 мың теңге (шамамен 156 доллар) ғой» деп алаңдайды.

Жіберіп алмаңыз:

Қазақстанның қай қала тұрғындары ең жомарт жандар?

Психологиялық тест: Сіз қаншалықты сараңсыз?

Тест. Қазақстанның қай қаласында тұрғаныңыз дұрыс?

Талқылау