Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

700 мың теңгеге дейін: Еліміздегі ең көп пара алатын мемлекеттік орган анықталды

Еліміздегі ең көп пара алатын мемлекеттік орган анықталды. Бір жыл бойы жүргізілген зерттеудің нәтижесінде тіпті өңірдердегі параның сомасы да белгілі болып отыр. Бұдан бөлек халықаралық ұйымдардың рейтингі жарияланды. Еліміз жемқорлық деңгейі бойынша нешінші орында?

Еліміздегі ең көп пара алатын мемлекеттік орган анықталды

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Мемлекеттік кірістер департаменті, мемлекеттік сатып алу басқармасы және санитарлық қызмет. Негізінен осы үш саланың мамандары қай өңірді алып қарасаң да қаражат талап ету жағынан көш бастап тұр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпаратына қарағанда:

Алматының мемлекеттік кірістер департаменті бизнесмендерден 160 мың теңгеден бастап 700 мыңға дейін пара сұрайды. Жоғарыда аталған мемлекеттік сатып алу басқармасының талабы жоғары. Мың құжатпен кәсіпкерлердің миын қатырмас үшін 500-600 мың теңге айналасында салып жібер дейтін көрінеді. Антирейтингте жиі аты аталатын қызмет ол санитарлық эпидемилогтар. Олар тексерістің тігісін дұрыс жатқызу үшін 400 мың теңгеге дейін суырып алуы мүмкін.

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ 160 000 – 700 000 ТГ
МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ ДЕПАРТАМЕНТІ 500 000 – 600 000 ТГ
САНИТАРЛЫҚ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ 400 000 ТГ

Кәсіпкерлер палатасы жүргізген зерттеуге сәйкес Алматы мен Астана қаласындағы орган өкілдері пара алуға жиі баратын болып тұр. Саясаттанушы Расул Жұмаұлы бұл іске қоғам да өз үлесін қосу керек, дейді.

«Меніңше ең негізгі алғышарт ол- саяси ерік-жігер. Сол мемлекет билігінің сол мемлекет қоғамының, халқының төзбеуі. Жемқорлыққа көз жұма қарамауы, халықтың бұл мемлекеттің ақшасы, қалайша оған шенділер, мемлекеттік қызметкерлер қол сұғады. Бұл «менің қалтама қол сұққандай ғой» деген көзқарас болмайынша, жемқорлықты жеңіп шығу мүмкін емес. Өкінішке орай, бізде ондай көзқарас қалыптаспаған»- саясаттанушы Расул Жұмалыұлы.

Жыл санап пара алу мен берудің де жүйеге қойылған жаңа нобайы пайда болған. Қоғам белсендісі Мұрат Әбенов бұл бағытты да ескеруіміз қажет деген пікірде.

«Жемқорлар өте сауатты. Жылдан жылға жемқорлардың сауаттылығы жоғарылап бара жатыр. Интернет арқылы бір-біріне пара береді. Шетелден счет ашады, бізге көзге көрінбейтіндей әрекеттер жасайды. Оларды ашу үшін журналистер де, қоғам да сауатты болуы керек» – дейді қоғам белсендісі Мұрат Әбенов.

Жемқорлықпен күрес бойынша бүкіләлемдік ұйымның да зерттеуі шықты. Соған сәйкес, Қазақстан 180 мемлекеттің ішінен 122 орынға тұрақтаған. Бұл рейтингте біздің елден төмен Украина, Ресей, Өзбекстан сияқты көрші мемлекеттер орналасқан.

ҚАЗАҚСТАН – 122
УКРАИНА – 130
РЕСЕЙ -135
ӨЗБЕКСТАН – 157

“Жемқорлыққа бейім 180 мемлекет бар екен. Соның 122-ші орындамыз. Біздегі жағдай онша жақсы емес сияқты. Бірақ пост кеңестік елдердің ішінде Қазақстан ең тәуір жағдайда” – дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Жоғарыда аталған құзырлы органдарға кәсіпкерлер мен халықты қыспаққа алмай, керісінше мәселесін шешуге қолғабыс тигізуі керек дегенді мемлекет басшысы бірнеше қайтара ескертті. Бірақ оңалатын түрі жоқ!

«Барлық салада жемқорлыққа қарсы күрес күшейтілуі тиіс. Біріншіден, тиісті мониторинг жүргізіп, мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы жөніндегі мәселені шешу керек. Үшіншіден, басшылықтың жауапкершілігін арттыру маңызды» – деген болатын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Жемқорлық – қоғамды ірітіп-шірітетін дерт десек, оның түп-тамырын зерттеп жүрген мамандар қазір параны алу мен берудің технологиясы өзгергенін айтады. Парақорлар интернетке жүгінеді иә болмаса шетелден есеп-шот ашып, көзге көрінбейтіндей операциялар жасайды. Мұндай фактілерді болдырмас үшін құзырлы органға жаңару, жаңғыру қажет сияқты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз

Талқылау