Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еліміздегі әуежайдағы бағалар бұрынғыдан бетер шарықтай түспек

Әуежайлардағы дәмханалар мен кофе ішетін орындардағы жүрек жалғайтын бутерброд, шәйдің бағасы аспандап тұрғанын жолаушылар жақсы біледі. Бұл жағдай әлеуметтік желіде де талай сынға ұшырады. Өткен аптада Мәжіліс депутаты бір кесе шәй Астана әуежайында 450 теңге тұратынын айтып, монополияқа қарсы комитетке сауал тастаған.

Astana_International_Airport

Сурет balu-tourism.kz

Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

Әйтседе, тамақтандыру орындарының “қомағай кафе” екендерін мүдделі комитет мойындайды, бірақ әуежайларды мемлекеттік реттеуден алып тастағалы жатыр. Яғни баға тіпті аспандай түседі деген сөз. Осылайша, бутерброд пен шәй-кофи ғана емес, билет бағасының да өсетінін, ірі әуе компаниялар – Эйр Астана мен Қазақ эйр мәлімдеп те үлгерді.

Жандос Құрманбаев, әуежай ішіндегі тамақтың “удай” бағасымен нәтижесіз күресіп жүрген қатардағы азаматтардың бірі. Оның әрбір саяхаты әлемжеліде жаңа пост, жаңа “жанайқай” бейнемен қатар жүреді.

“Алматы әуежайында 5-6 сауда нүктесінің қожайыны бір-ақ адам болуы әбден мүмкін. Олардың атау мен форматы ғана әр-түрлі. Жекедара монополия құрып алған, ешкімнің сөзі өтпейді оған. Ал жолаушы сорлайды. Баға шарықтап тұр. Біз үкіметтен үміт күтеміз”, – дейді Жандос Құрманбаев.

Өткен аптада үкіметтен араша сұрап, депутат Қазбекова да Астана әуежайында бір шыны аяқ шәйына төлеген 450 теңгесін “бұлдады”.

“Бүгінде әуежайда бір кесе шай 450 теңге тұрады. Жолаушыларда таңдау болған жағдайда ғана, сіздер бағаны реттемеуге құқылысыздар. Яғни, тағы басқа жеке әуежай жұмыс істесе. Көріп тұрғандай, дәмханалардың өзі бағаны өзара келісіп алып қояды. Ал жолаушылардың басқа баратын жері жоқ. Амалсыз жалғыз әуежайдың қызметіне жүгінеді”, – дейді мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова.

“Әуежайлар қазір шамадан тыс реттеліп отыр. 13 қызмет мемлекеттік реттеуде, 4 қызмет табиғи монополия ретінде қадағаланады. Үкімет рұқсат берсе халықаралық қызметтерге өзгерістер енгіземіз. Нәтижесінде қосымша табыс табуға мүмкіндік туады. Әуежайлар соны сұрап отыр”, – деп жауап қатты ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәскелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин.

2015 жыл қортындысы бойынша 6 әуежайдың шығынға батып, тоғызының пайдасы төмендеген. Тек Астана, Алматы және Атырау жемісті жұмыс істепті. Осыған байланысты енді әуежай ішіндегі тамақтану нүктелеріндегі бағаға іле-шала, әуе компанияларына көрсететін қызметтерінің құны да «еркін жүзуге» кетеді. Осылайша олардың техникалық базасы жаңарып, ИКАО талаптарын толық орындауға мол ақша түседі-мыс. Ал тасымалдаушылар өзгеріс енгізілмей тұрып-ақ, билеттердің бағасы шарықтайтынын ескертіп жатыр.

Әуе компаниялары онсыз да жолаушысы аз өңірлік әуежайлардың бағаны көтеруі, ұшушылардың санын одан бетер сиретіп, бизнесті құрдымға кетіреді деп мәлімдеді. Құзырлы комитет бұған жауап берген жоқ. Ал біз комитеттің тағы сол жазбаша жауабынан бақылаушы орган мен тасымалдаушының әуежай қызметтері шығындары жөніндегі есептері сәйкес келмейтінін көрдік. Тасымалдаушы әуежай қызметтері ішкі бағыттардың жалпы шығынының 11 пайызын құрайды десе, комитет 1-6 пайыз аралығында, халықаралық рейстерде тасымалдаушы 16 пайыз десе, комитет 6-13 пайыз деген дерек келтіреді. Демек, әуежай-мемлекет-тасымалдаушы арасында тағы сол, диалог жоқ.

Әуежайлардың әкімшілік шығындары жолаушы мен тасымалдаушының қалтасынан жабылмауы керек деген пікірді отандық әуе компаниялар да ұстанады. Әлемдік тәжірибеде әуежай тарифтері қоғамдық ашық талқыға салынады. Себебі өркениетті әлемде ұшақ – адам таситын көлік құралы. Ал біздегі негізгі әуе компаниялары онсыз да удай бағаға билет сатады. Және парадокс – жолаушы көп мереке мен демалыс күндері бағаны тіпті көтеріп қояды. Астана мен Алматы арасына назар аударыңыз – эконом класста 26 мың мен 40 мың аралығында қатынайтын олар, әуежайлар қызметі реттеуден шығарылса, қымбат билеттерді тағы өсіретіндерін ескертіп үлгерді. Ендеше көп адам ұшаққа бала кезіндегідей қызығып қала бермек.

Талқылау