Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде жетім балаларды асырап алушылар жетімектерді қайтадан балалар үйіне тапсырып жатыр

Елімізде бала асырап алғандардың тең жартысы жыл өтпей, сол жетімектерді қайтарып беруде. Дерекпен сөйлейік. Астанада бір жылда 24 бала асырап алынып, соның 11-і кері қайтарылған.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Байғұс бала анасы тастап кеткенде, жүрегі бір жараланып еді. Сосын, жаңа әке, жаңа ана пайда болып, оны жаңа үйге апарғанда мәңгі бақытты болатындай сезінді ғой өзін. Бірақ, асырап алған әулет керексіз заттай, қайта жетімдер үйіне әкеп тастады. Не күйде жүр деші?

Осы кейбір дүкенде, тауар кері қайтарылмайды деген тәртіп болады. Сонда біздің балдырғандар тауар-заттан да ары болғаны ма?!Жетімді асырап алып, қайта әкеп тастайтындар туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Тыңдар құлаққа тұшымды пікір бар екен! Көрейік

Жетім бала. Жетімдер үйі десе, бірден шетелдіктер асырап алып жатыр деген сөз, ойға түседі. Сосын… сосын не дейсің? Қазақтың рухы өр, жауынгер келеді. Қаны таза, басқалар сияқты араласпаған. Соны әбден біліп алғаннан соң, шетелдіктер біздің балаларды асырап алып жатыр,-деп соғады. Байқасаң, бір мақтанған леп көріне ме, қалай?! Бұл ең сорлы мақтанудың түрі шығар?! Егер шынымен өр, жауынгер геннің иесі болсақ, неге сондай асыл қанды өзіміз сақтап, өзіміз асырап алмаймыз? Үн жоқ…

Ал, америкалықтар әм басқалар  «қарадомалақтарды» қазақтың мықты гені үшін алып жатқан жоқ. Өз еліндегі жетімдерді-ақ асырап алар еді. Жоқ, ол жақта жетім.

«Соншама мұхитты кешіп, осы жаққа келу. Өйкені, оларда біздікі сияқты қаптаған үйлер жоқ. Біріншіден балалар үйі жоқ. Оларда балалар жетім қалып жатқан жағдай болса,  онда бірден әлеуметтік қызметкерлер  жұмыс істейді да тез-тез, оларға отбасы тауып береді. Ол балаға ол отбасы ұнамаса, онда ол қайтадан басқа отбасы іздейді. Бұл қазіргі уақытта шет елді, дамыған елдерде, қандай жағдайда, балалар жетім қалады» – дейді «Шетелдегі қазақ балалары» фильмінің авторы Жанар Байсемізова.

Көбіне-көп, ата-анасы апаттан көз жұмған балақайлар жетім қалады. Бірақ, жетім болып үлгермейді олар. Тиісті органдар, едел-жедел отбасы тауып береді. Сосын. Ол жақтың жұрты  жетім асырап алуға, бақыттан айырылған балақайды бақытты етуге құмар-ақ.
Жә, бізде ешкім асырап алмайды деуден аулақпыз. Жалпы, қоғамдағы неше түрлі азғын, имансыздық көбейгеніне қарамай, жетімді қанатының астына алу сияқты мейірімді үрдістер де қалыптасып келеді.

«Жылына орта есеппен алғанда, біз соңғы 3 жылда 60- шақты баланы жанұяға орналастырған болатынбыз» – дейді Балалар үйі директорының орынбасары Ботагөз Қазыбекова.

Бір талассыз дүние. Жетімдер үйінен шыққандардың баршасы емес, бірақ көпшілігі әке-анасының тағдырын қайталайды. Неге? Себебі, жетімдер үйінен шыққан ұл-қыз  өмірге бейімсіз боп шығады.
Сондықтан, бала  жетімдер үйінде емес, кәдуілгі отбасында, бауырлардың арасында өскені жөн. Үкімет, жұртты жетім асырап алуға қызықтыру үшін, қызық-қызық дүниелер ұсынып жатыр. Мысалға, баланы асырап алғанға да, қамқорлығына алғанға да әжептеуір ақша береді.

«Патронатты тәрбиеге алған адамға, ең бірінші еңбек өтілі жүріп жатыр деп есептеледі. Сосын, Үкімет тарапынан ай сайын жалақы төленеді. 60-80 мың теңге арасы. Одан басқа, баланың тамағына, киім-кешегіне ақшалай көмек көрсетіледі патронаттық тәрбиешілерге» – дейді Балалар үйі директорының орынбасары Ботагөз Қазыбекова.

Осындай қаржылай қызықтырудың арқасында Астана жұрты 60 баланы асырап апты. Бірақ, көп өтпей, 11 балақайды жетімдер үйіне қайтадан әкеп тастаған. Сондағы бар айтқаны: «Мінездері сәйкеспепті». Бос сөз ғой. Сылтау сөз. Ал, негізі   бас тартудың себебі тереңде. Иә, көпке топырақ шашпаймыз. Бірақ, «2-3 жетім асырап ап, ай сайын 700 мың теңге алеееп жатқанға не жетсін»,-дейтіндер бар. Жетімнің атынан үй алып алсам дейтін де пысықайлар бар. Иә, қайтарғанның дені  кезінде жетім баланың қаражатына қызығып еді. Бірақ, бала  зат емес қой. Оның мінезі бар, тәрбиесі бар. Осындай қиындықтарға тап болғанда, қайтара салады, мұндайлар…

«Ең бірінші асырап алушы ата-ананың мотивін қарап алу керек. Көп ата-аналар белгілі жағда, заң жүзінде бала асырап алғаны үшін белгілі бір сыйақылар болғаннан кейін мотивтенеді. Соған ұмтылады да, соған ынталанады. Егер мен баланы асырап алсам, онда менің қаржым, әлеуметтік пакеттерге ие болам деп, мотив сол жаққа кетіп қалды» – дейді психолог Жаңагүл Тұрманова.

Анасы керек қылмай бір тастанды боп, енді бақытты болатын шығармын дегенде, асырап алғаны тағы тастаған балаға бұл өте үлкен трагедия. Ол үлкендерге ендігәрі сенбеуге себеп тапты. Оның психикасына сұмдық соққы жасалды…

«Өзін керексіз, қоғамға қажетсіз тұлғаға айналады да, өзін көрсететін жерде көрсете алмайды. Осыдан басталады да, біртіндеп мен тастанды баламын, мені асырап алған ата-анам мені қайта әкеп тастады. Демек ештемеге қажет емеспін, мен ешкім емеспін деген сұрақтан басталады да, қоғамға бейімсіздігі бастала бастайды» – дейді психолог Жаңагүл Тұрманова.

Сосын, қайтарылған балақайдың  екінші рет отбасы табу мүмкіндігі, бақытты боп кету мүмкіндігі нөлге теңеледі. Енді ше? Бала асырап алуға келген ата-ана, әлгі бүлдіршіннің құжатындағы «кері қайтарылған» дегенді көреді де, бәледен аулақ деп, басқаға кетіп қалады… Бірақ ол бәле емес, бала еді….

«Жетім бала  ұстаның заты емес қой. Ұнамаса өзіне қайтып берер». Мұхаң ренжімес, өлеңін ептеп, бүгінгі бейімдесек, осылай болады. Әй, бірақ қымбат заттың өзін бір күн пайдалансаң, дүкенге қайтара алмайсың ғой. Ал бала… Бала – Адам» – дейді «Шетелдегі қазақ балалары» фильмінің авторы Жанар Байсемізова.
Жә, жетімекті асырап ап, көп өтпей қайтарғандар жайлы: «ақшасына қызықты, аз болғасын тастай салды» немесе «ата-ана» рөлін ойнап көрді, шаршағасын қайтарып бере салды» деп, біржақты айыптау да дұрыс емес шығар?! Ол әулет  күтпеген қиындыққа тап болған шығар? Бала бұрын көрсетпеген қылықтарды паш еткен болар? Мұндайда Үкімет көмектесуі керек. Бірақ, біздікі тексеруші, жазалаушы қызметті ғана біледі емес пе?!

«Жетім баланың еш кінәсі жоқ. Көзін ашқаннан мекемеде өмір сүріп келе жатыр. Ол туғалы көргені – топпен жүріп-тұру, бұйырғанды ғана істеу. Бұл үшін бәрін басқа біреу жасайтын, басқа біреу шешетін. Әке дегенді, ана дегенді көрмеген, білмеген. Енді мұны мейірлене сүйіп жатыр. Қалағанын беріп жатыр. Балаға бұл бейтаныс, көрмеген дүниесі. Содан, қырсығып, жылап, қорқады. Бұрын-соңды басынан өткермеген мұндай эмоцияларға баланың реакциясы деп санау керек» – дейді балалар психологы Наталья Иванова.

Психологтар айтып отыр: Баланы кері қайтаратынның дені  приоритетті дұрыс қоймағандар дейді. Бізде не үшін жетім асырап алады? Жұрт көрсін, менің де балам бар деген сөз үшін, өзінің комфорты үшін бауырына бөтеннің төлін басады. Ал, сосын бала мінез көрсете бастаса, өзіне ыңғайсыз бола бастаса, кері қайтара қояды. Ал шетелде, баланы бақытты қылсам, адам етсем деген сауапты ойлап тұрады. Мұндай ой-пайымның иесі болу үшін де, біраз жыл керек шығар, біздің жұртқа.
Айтпақшы, біздің жұрт, асырауға алған барша баланы кері қайтарып жатыр екен деген ой тумауы керек. Сәби күйде бауырға басқандар сол отбасының бір мүшесі болып кетіп жатыр. Десе де, жаттың баласы сені де, өзің де оны жатсынбай кетуі үшін, имамдар мынадай ой айтады.

«2 жасқа толмаған балаларды. Егерде бір кісі отбасы  ұл баланы 2 жасқа толмаған, асырап алса, жақын туысқа емізсе, ол бауыр боп кетеді дейді. Сондықтан шариғатымыз осындай жолдарды көрсеткен. Бөтен елдің баласы бәрібір бөтен болады» – дейді Нұр Астана мешітінің бас имамы Наурызбай Өтпенов.

Жетім асырап алу арқылы  бір адамды бұзылған тағдырдан сақтауға болады. Үйде өскен бала  әке деген қандай боларын көріп, еліктеп өседі. Өмірге бейім боп өседі. Сөзімізге депутат Генадий Шиповских дәлел шығар? Жеткіншек кезінде, қазақ әулеті бауырға басты. Қазір, кімге айналды, әне?!Жә, жетімді бауырға басу  салдармен күрес. Ал бізге себеппен соғысу керек.  Жетімдер үйіне сәби қайдан түсіп жатыр?! Тәрбие жоқтықтан…

«Әрбір өсіп келе жатқан, желтілдеген қыз баланы, бесіктен белі шығып, 5 жасқа келгеннен бастап, бұрынғы қазақтың дәстүрімен, қыз қонақ. Сенің өмірлік мұратың оқу емес, сенің мұратың  тұрмысқа шығу, ана болу, ел анасы болу деп ұлы мақсатта тәрбиелесек, жетім балалар, жесір аналар болмас еді. Ал ер жігіттерді  ер ел үшін туады, ел үшін өледі. Еркектің екі сөйлегені өлгені деп тәрбиелесек, Құранда айтылғандай: Еркектерді жоғары қойдық. Олар әйелдерді бағып-қағып, асырап, нандарымен бөлісуге міндетті дегендей, сенің өмірлік міндетің Құдай алдындағы аманатқа қиянат жасамау, оған жақсы тәрбие беру. Оған жақсы иман үйрету, баспанамен қамтамасыз ету, әйелдің табиғи қажеттіліктерін орындауға міндеттісің. Осы үшін Алланың алдында жауап бересің деп, ұлы мақсатта тәрбиелеу керек, ерлерді» – дейді мәдениеттанушы Омар Жәлел.

Бірақ, бізде бұл тәрбиенің бірі де жоқ. Неге? Өйткені ата-ана боп отырғандардың өзі, балаға қандай, қайтіп тәрбие беру керектігін білмейді. Соның кесірі  шақалақтар шұқырға лақтырылуда. Әйтсе де көздері жәудіреген бейкүнә балаларды «қапаста» ұстаудың имансыздық екенін қоғам түсініп келе жатқан сияқты…

Талқылау