Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде жер телімдері де аукцион арқылы сатылатын болды

Еліміздің қазба байлықтары ғана емес, жер телімдері де аукцион арқылы сатылымға шығарылмақ. 2 миллионға жуық гектар жерді шаруаларға сатуды көздеген Үкімет осы арқылы ауыл шаруашылығын дамытпақ ойда деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Безымянный

Сурет ria.ru

Бұдан бөлек, халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнына құрылып жатқан мемлекеттік корпорация мен міндетті медициналық сақтандыру қорының басшылық қызметіне шетелден менеджер шақыру мәселесі қаралып жатыр. Бүгін Астанада вице-премьер Дариға Назарбаева бастаған Ұлттық комиссия мүшелері «100 нақты қадам» бағдарламасының қалай іске асып жатқаны туралы есеп берді.

100 нақты қадам – еліміздің бас стратегиялық құжаты. 5 реформаға бөлінген ауқымды ұлт жоспарын былтыр Елбасы құрып, Ұлттық комиссияға соны атқаруды жүктеген. Сөйтіп, вице-премьер Дариға Назарбаева бастаған комиссия мүшелері, жұмыстың қалай жүріп жатқанын айтып берді.

“Комиссия жұмысы Елбасының бақылауында. Аз ғана уақыттың ішінде, Ұлттық комиссияның 48 отырысы өтті. Ұлт жоспарының 5 бағыты бойынша, жасалған жұмыстардың нақты нәтижесі бар”, – ҚР премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева.

Ұлт жоспарында әділ сот пен мұнайға тәуелді болмайтын экономика құру және қаржылық дағдарысты еңсеру секілді жүздеген мәселені шешудің жолдары жарияланған. Соның біразы қазір іске асып үлгеріпті. Мәселен, мемлекеттік қызметкерлерге қатысты талап күшейтіліп, дауы көп сот жүйесіне ауқымды реформа жүргізілген. Нитеже де жоқ емес.

“Елімізде жазасын өтеушілердің саны азайып отыр. Сондықтан биыл 7 түрме жабылады. Ал, онда жұмсалып келген бюджет ақшасына сотталушыларға арналған электронды білезіктер аламыз”, -деді Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Марат Бекетаев.

Мүлікті заңдастыру да сәтті жүруде. Тіпті, заңсыз бизнестен тапқан миллиондарын шет елге тыққан отандастарымыз да, мүлігін заңдастыруға асығып жатыр. Қазір көлеңкеде жатқан осындай бір триллион 221 миллиард теңгенің дүние мүлкі заңдастырылған. Ал, мұнайға тәуелділіктен құтылу үшін елімізге жаңа инвесторлар тарту көзделіп отыр.

“Қазір 2 миллиард долларды құрайтын 16 жобаны іске асыру үшін инвесторлар тартып жатырмыз. Ол фармацевтиканы дамытуға агроөнеркәсіп пен құрылыс материалдарын әзірлеуге арналған”, – деп атап өтті ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Ауыл шаруашылығын дамытуда биыл мықтап қолға алынбақ. Тіпті, елімізде биыл шілде айынан бастап шаруаларға 2 миллионға жуық гектар жер аукцион арқылы сатылымға шығарылмақшы.

Осылайша, Ұлт жоспарының сәтті іске асып жатқанын айтып берген Ұлттық комиссия мүшелері, стратегиялық құжаттағы міндеттер толық орындалса, Қазақстан дамудың жаңа жолына түседі дейді. Ал, жиын соңында мемлекеттік қызметкерлерге жұмыста смартфон ұстауға салынған тыйым туралы пікірін айтқан Дариға Назарбаева, талапты барлық шенеуніктер орындауы тиіс деді. Ереже тек сол мемлекеттік орындарға кіретін журналистерге қатысы жоқ.

Талқылау