Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде сүт өндіретін компаниялар түрлі қоспа араластырып, жұртты алдап келген

Табиғи таза өнім деген желеумен кәсібін дөңгелеткендер сүттің құрамына түрлі қоспа қосып, майлылығын арттырыпты. Олардың бұл әрекетін тұтынушылар құқығын қорғау комитеті әшкерелеп отыр деп хабарлайды КТК телеарнасы.

news1446541972

Сурет kursiv.kz

Зертханалық тексеріс кезінде 33 компания өнімдерінің талапқа сай келмейтіні анықталған.

Бұл жерде тәулігіне 17-18 тонна сүт өндіріледі екен. Яғни сиырдан енді ғана сауылған табиғи таза өнім алдымен арнайы аппаратта сүзгіден өткізіледі. Одан кейін мынадай қаптамаларға құйылып, дүкен сөрелеріне жөнелтіледі. Жұмыстың бәрі автоматтандырылған.

Еліміздің әр өңіріндегі осындай 57 компанияның сүт өнімдерін тексерген мамандар біраз былықтың бетін ашты. Атап айтқанда көптеген кәсіпорындар сүт, ірімшік, айран секілді өнімдерінің құрамына түрлі қоспа араластырып, майлылығын қолдан арттырған. Бірақ бірде-біреуі қаптама сыртына бұл жайында ешқандай ескертпе жоқ. Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті халықты алдап келген осындай компаниялардың қара тізімін жариялап отыр. Олардың қатарында қазақстанның әр өңірінде орналасқан сүт өндіруші 33 кәсіпорын бар.

Алайда қара тізімге іліккен кейбір компаниялар бұл шешіммен келіспей отыр. Мәселен, сүт өндіру технологиясын бұзды деп айыпталған мына шаруа қожалығында 2500 бас сауын сиыр бар. Одан күніне 20 тоннаға жуық сүт алынады. Яғни шаруалар өнім мол болу үшін қажетті дәрумендерді жем-шөпке қосып береміз дейді. Сондықтан сүтке қандай да бір қоспа қосудың қисыны жоқ деп шыр-пыр болуда.

“Біз үшін дайын сүтке борды қосудың, известь қосудың ешқандай қажеті жоқ. Өйткені өзіміздің алқапта дайындалған жем-шөпте күнделікті 30-35 литр сүт өндіруге қажетті сиырдың ағзасына керек дәрумендердің бәрі осында бар,” – дейді сүт өндіруші компанияның ауыл шаруашылығы жөніндегі директоры Медетхан Игіліков.

Сүтке өсімдік майларын қосу арқылы өнімнің өзіндік бағасын арзандатуға болады екен. Осыны жақсы білетін кәсіпкерлер табиғи таза өнім деген желеумен арзан сүт сатып пайдаға кенелуде. Тіпті кейбірі консерванттар арқылы өнімнің сақталу мерзімін де ұзартуға тырысады. Ал табиғи сүт тек үш күн сақталады екен. Қара тізімге іліккен компаниялардың сондай өнімінде жарты жылға дейін жарамды деген жазулар бар.

“Айран секілді өнімдер 14 күнге дейін сақталады. Ал сүт он күнге дейін жарамды. Ал тетрапакетке құйылған сүтті алты айға дейін сақтауға болады”, – деді сүт өндіруші компанияның маркетинг бөлімінің жетекшісі Дмитрий Нагорный.

Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің сынынан кейін сапасыз сүт өндірушілердің өнімі өтімділігін жоғалтқан. Сондықтан қазір кейбір компаниялар комитетке хат жазып, тексеріс нәтижесінің дұрыс-бұрыстығына көз жеткізбекші. Тіпті, абыройларын сақтап қалу үшін сотқа беруге де дайын.

Талқылау