Елімізде елтаңба тапшылығы қатты сезіліп жатыр
1-ші шілдеден бастап барлық мемлекеттік мекемелерде бұл рәміз жаңа үлгіге ауыстырылуы тиіс. Алайда, оны дайындайтын бірнеше цехтағы жұмыс қызғанымен, тапсырысты уақытылы орындап үлгере алмайды екен. Ал мемлекеттік мекеме рәмізді ауыстырып үлгермесе үлкен көлемде айыппұл төлеуі керек. Бұл туралы КТК хабарлайды.
Фото: enu.kz
Қарағандыдағы елтаңба жасайтын мына цехта жұмыс күні-түні тоқтаған емес. Басшылық қосымша адам да жалдаған. Өйткені, 1-ші шілдеге дейін барлық мекемелердегі елтаңба жаңа үлгіге ауыстырылуы тиіс.
“Сұраныс көп. Айналасы бір жарым ай уақыт қалды. Былтыр жаздан бері бұл цехта жұмыс тоқтаған емес. Сонда да тапсырыстың бәрін орындап үлгере алмай жатырмыз”, – деді ЖШС директоры Иван Шкуропатов.
Елтаңбаның жаңа үлгісі 2014 жылы енгізілген. Бұрынғысынан біршама айырмашылықтар бар. Ескісі қоладан құйылса, жаңасына алтын жалатылған. Кейбір детальдары ірілеу етіп жасалып, «Қазақстан» деген жазу өзге қаріппен басылыпты. Бұрындары әр мекеме елтаңбаны кім көрінгенге жасататын. Кейінірек мемлекеттік стандарттар бекітілген соң, бұл үрдіс доғарылды. Алайда Петропавлдағы денсаулық сақтау басқармасына қарасты 10 мекемеде әлі ескі елтаңба ілулі тұр екен.
“Басшыларға барлығына хат жолданды. Бұйрық ретінде де шаралар қолданылды, жаңа стандартқа өзгерту. Үлгермесе онда әкімшілік айыппұл төлейді басшылар”, – деді Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Роза Мұхамедиярова.
Петропавлдық мекемелер тек қарағандылықтарға ғана емес, елімізде Елтаңба дайындайтын өзге де мекемелерге сұрау салып жатыр. Өйткені осы мемлекеттік символды Қызылжарға жеткізетін фирмаға берілген 130 тапсырыстың тек 80-і орындалыпты.
“Міне, көрдіңіздер ме, кейде өзіміздің үлгі ретінде іліп қойған елтаңбамызды да жалынып-жалпайып сұрап алып кетеді. Бірінші шілдеге дейін тапсырыс толық көлемде орындалады деп айта алмаймын”, – дейді жарнама фирмасының өкілі Бибігүл Досанова.
Заң бойынша, бұл рәміз әрбір мемлекеттік мекеме ғимаратында, басшы кабинетінде және мәжіліс залдарында міндетті түрде болуы шарт. Яғни бір мекемеге кем дегенде үш елтаңба қажет. Құны 50 мың теңге тұратын осы рәміз дер кезінде ауыстырылмаса, басшы одан 4 есе артық айыппұл төлеуі мүмкін.
Оқи отырыңыз:
Ақтауда қалыңдық көйлегін киген 37 ару шеруге шықты
Қызылорда тұрғыны өзін “Қайсар” футбол клубының капитаны соққыға жықты деп жәбірленді
Қазақстандық жезөкшелер ЭКСПО кезінде қызмет көрсетіп ақша таппақ