Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде дизель отыны 115 теңгеге қымбаттағалы жатыр

Тарықтырып барып, бағаны көтеретін тәсіл дизель құнын да ақыры көтеріп тынды. Энергетика министрлігі осы сұйық отын түрінің бағасын бақылаудан бас тартып, еркіне жібермек. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлап отыр.

file50590252_cabe57d0

Фото: g1.dcdn.lt

Қазірдің өзінде ол 115 теңгеге дейін көтерілгелі жатыр. Енді бәрін нарық реттейтін болғандықтан бағаның мұнымен тоқтамасы да анық. Шенеуніктер осылайша дизель тапшылығын шешеміз деген сенімде. Өйткені, салыстырмалы түрде арзан отынды орыстар мен қырғыздың кәсіпкерлері тасып қоймай жатыр екен.

Елімізде әйелдер қауымы тосап жабуға қант іздеп сабылса, ірі жүк көлігінің қожайындары үшін дизель нағыз сары уайым болып тұр. Ұзақ жолға шыққалы тұрған жүргізушілер бағаның қымбаттайтынын естіп, көңілдері түскен.

“Дизель көтерілсе, азық-түлік бәрі қымбаттап кетеді. Бұл біз сияқты тасымалмен күнін көріп отырғандарға қиын. Оның үстіне доллар да қымбаттап жатыр. Маған десең 200 теңге қылсын. Шаршатты әбден”, – дейді көлік жүргізушісі Ербол Бейсенбаев.

Ай басынан еліміздің бірнеше өңірінде басталған шудан шенеуніктерде шаршаған. Олар бекеттердегі ұзын сонар кезекті орыс пен қырғыз жүргізушілерінен көреді. Себебі Ресейде сұйық отынның литрі 185, Қырғызстанда 150 теңге екен. Қазақстанда 99 теңге! Сондықтан олар шекаралас аймаққа жүк көлігімен бірнеше рет келіп, бактарын қалауынша толтырып алады. Тапшылықтың да себебі содан деген Энергетика министрлігі енді дизель бағасын реттеуден бас тартып, өз еркіне жібермек. Онысы бірден 16 теңгеге көтерілгелі жатыр.

“Ресейден импорттауға мәжбүр боп жатырмыз. Дизелді әкелушілерге жағдай жасау үшін бағаны көтеру керек.Біздің эксперттердің бағалауы бойынша, дизелдің құны 115-теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бірақ қыста, өзіміздің мұнай өңдеу зауыттарынан шығатын дизельді отынының бағасы төмендеуі мүмкін. Қысқа қарай. Өйткені,қыста тұтынушылардың пайдалануы азайып кетеді”, – деді ҚР Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов.

Энергетика министрлігінің құнды реттеуден бас тарту туралы бұйрығы ертең күшіне енетінін ескерсек, жанармай бекеттеріндегі табло дереу өзгеріп шыға келетіні аян. Ескі бағаны бекеттегілер қазірден-ақ өшіріп тастапты. Ал ішкі нарықта сұйық отынның тапшылығына қарамастан, оны тонналап әкетіп жатқан Ресей мен қырғыз жүргізушілеріне ешкім тыйым сала алмайды. Өйткені, Еуразиялық Одақтың шарты сондай. Сондықтан тапшылықты жалғыз жүргізушілер емес, дәл қазір егін орып жатқан шаруалар да көруі ықтимал. Әйтсе де, Есілдің сол жағалауындағы атқамінерлер диқандар қиналмайды деп сендіріп отыр.

“Ауыл шаруашылығына 390 мың тонна отын бөліп жатырмыз. Бағасы 79 теңге бір литрге. Зауыттан өздері тасымалдап алып кету керек”, – деді Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов.

Министрлік былтыр бензинді өз еркіне жіберген соң баға тұрақталды дейді. Ал дизельдің қолда бары көршілерімізге кетіп жатқанымен, оның орны толмай жатыр. Енді бар үміт Ресейде. Алайда, Мәскеуде дизелдің тасымалына салынатын акциз бен салық жоғары.

Оның үстіне тамыз айынан бастап қарашаға дейін Павлодар мен Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттары жөндеуге жабылғалы жатыр. Сондықтан шенеуніктер елдегі дизель қоры жеткілікті дегенімен, тапшылық қыркүйек пен қазан айында да жалғасуы мүмкін. Бұған жол бермес үшін Энергетика министрлігі облыстарға жөнелтіліп жатқан сұйық отынның көлемін қадағалауға көшкен. Сондай-ақ, бағамен ойнауға әуес жекеменшік май құю бекеттері мен алыпсатарларды жазалауға кірісті.

Талқылау