Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өз адамдарына көлік мінгізіп елді қызықтырады: Елімізде бизнес-тренинг өткізіп, халықтың қалтасын қағатындар көбейген

Бизнесмен болғыңыз келсе, бізге келіңіз. Бірақ әуелі 1,5 миллион теңгені төлеуіңіз шарт. Желіге кірсең, өмірі кәсіп ашып көрмегенер өздерін коучер-тренер деп атап, аңқау халықтың сенгіштігін пайдаланып, бизнестерін дөңгелетіп жүр. Алайда одан жұрттың ойға түйіп, үйренген дүниесі шамалы көрінеді.

Өз адамдарына көлік мінгізіп елді қызықтырады: Елімізде бизнес-тренинг өткізіп, халықтың қалтасын қағатындар көбейген

Сонымен миллиондаған теңгесін кәсібін бастауға емес, тренингке кетіріп жатқан кімдер? Алданғандардың қарасы көп пе? Қазір жастар неге құмар? Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

Көбісі әп-сәтте байып, милионер болып оянғысы келеді. Сұраныс бар жерде ұсыныс та шыға келді. Мұны пайдаланған пысықайлар бүгінде тренинг деген дүниені ойлап тапқан. Бірақ өмірі кәсіп ашып көрмегендер бізге бір жарым миллион төлесеңіз болғаны, сіздерге бизнестің қыр-сырын үйретеміз деп сендіреді. 

Мұндай тренингтер әуелі Ресейде пайда болды. Кейін бірте-бірте бізге де келген. Қазірде нақты саны да жоқ. Өте көп. Бірақ жастайынан кәсібін ашып, бизнестің жілігін шағып, майын ішкен Азаматхан Әміртай тренингтерге қарсы. Өйткені ешкім бір мезгілде байып кетпейді. Оған жылдар бойы еңбектеніп, маңдай терді төгу керек дейді. Ал екі айлық сабаққа миллиондап шығындалатындарға мынадай пайдалы кеңесін айтты. 

"Ондай тренинг іздейтін адамдарға мен айтар едім. Мысалға сол тренингке барып жұмсаған қаражатын кәсіп ашқанға жұмсаса мысалы. Соны ешқандай қорқынышсыз бастап кетсе. Ол 1,5-2 млн теңге қаражаты, екі айда 3-4 миллион болып кетеді. Содан кейін егер оқығысы келсе, нақты академиялық білім алса", - дейді меценат Азаматхан Әміртай. 

Бұл жерде заңды сұрақ туындайды, неге жастар академиялық білімді емес, бір сағаттық тренингтерді таңдайды? Оған бизнес-тренерлердің жауаптары сақадай-сай екен. 

"Қазақстанда, өкінішке қарай, бизнес беру мектептері немесе ЖОО-нында бизнес пен экономика жайлы беретін мағлұматтар біраз теория жағынан көп болады. Екінші жағынан ол заманауи талаптарға сәйкес келмей жатады. Сондықтан қазіргі бизнес курстар олар заманауи тенденцияға сай. Қазіргі таңда әлемдегі нарықта қандай жағдайлар болып жатыр, қандай тауарларға сұраныс артып бара жатыр. Соған байланысты бизнес тренингтер көбейіп жатыр", - дейді бизнес-тренер Ұлан Жамұхамедов.

Ал кәсіпкер, қоғам белсендісі Жанат Бақыт бизнес тренингте ешқандай сөкеттік жоқ екенін айтады. Қаражатты босқа кетіргенше білімге жұмсаған артық деп есептейді. Ал екі айлық курсқа бір жарым миллион деген түк емес, бір сағаттық тренингтерге кейбір азаматтар үш миллионнан ақша шығарған жағдайлар да болған дейді.

"2 айлық курс емес, сіз білесіз бе? Басқа мемлекеттен келіп бір курстары 2-3 миллион тұратын коучтар бар. Бірақ менің оған ешқандай қарсылығым жоқ, 2-3 миллионды мен сұлулық салонына басқа бір зат алғанға құртқанша, мен білім сатып аламын", - дейді кәсіпкер Жанат Бақыт.

Желіде жарнамасы желдей ескен тренинг өткізушілердің біріне біз де хабарласып көрдік. Алайда телефондары өшірулі. Бірақ психологтардың сөзінше, мұндайлар көбіне манипуляция арқылы адамдардың сеніміне кіреді. Арнайы өз адамдарын дайындайды, оған қымбат киім кигізіп, көлікті жалға алып роликтер түсіреді. Сөйтіп, адамның қызығушылығын тудырады екен. 

Қалай десек те, сарапшылар тренингтерге миллиондарын кетіргенше, сол ақшаны кәсібінің алғашқы жарнасы ретінде жұмсағаны жүз есе артық екенін айтып, кәсіпкерлерді дұрыс шешім қабылдауға шақырады. Сондықтан таңдау әркімнің өз еркінде.
 

Талқылау