Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде 1 млн-ға жуық әйел бала көтере алмай жүр

Алматыда С.Мұстафаев атындағы жекеменшік емханада бедеулікке шалдыққан әйелдерге арналған ашық есік күндері өтіп жатыр. Екі күн ішінде жоғары білікті мамандар 200-ге жуық әйелге тегін қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.

70be9779-b4ef-4b0f-a58a-161e1cf78f36

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

1999 жылы негізі қаланған емхананың негізгі корпусы Қаскелеңде орналасқан. Биыл жылдың басында аталған емхананың Алматыдағы бөлімшесі ашылды.

Аталған емхананың директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәдуақас Мұстафаевтың айтуынша, Қазақстанда бедеулік көрсеткіші жылдан жылға артып келеді.

«Бүгінде Қазақстанда бала тууға қабілетті 4 млн 600 мың әйелдің 18-20 пайызы бедеулікке шалдыққан. Яғни, миллионға жуық әйел бір перзентке зар болып отыр. Олардың 60 пайызы миома, түрлі ісіктерге шалдыққан, қалған 40 пайызы түрлі қабыну процестерінің салдарынан, гормондық ауытқулардан зардап шегіп отыр. Соңғы үші жылда емханамызға жұбымен келген ер адамдардың барлығының дерлік денсаулығында ақау бар. Ұрпақ жалғастыру қабілеті сапасы жағынан да, саны жағынан да әлсіз болып жатыр», – деді С.Мұстафаев.

Орталықта жылына 400-ден аса ота жасалады. Олардың тең жартысы әйелдердің бала сүюге қабілетін сақтап қалуға бағытталады.

Сондай ауыр науқастардың бірі Атыраулық 35 жастағы келіншекке кеше ота жасалды. Ол қазір есін жиды. Келіншектің ішінен 9 ісік алынған. Науқас 20 жасында инсульт алған екен. Сонда да дәрігерлер оның перзент сүю үшін жатырын алып қалды. Профессордың айтуынша, аталған орталықта бір келіншектен 27 келі ісік алынған.

«Мүмкін мені әріптестерім сынайтын шығар. Бірақ, дәрігер адам жанын арашалаудан бөлек, оның проблемасын шешуі керек. Біз бір органды алып тастай салатын қасапшы емеспіз», – деді профессор С.Мұстафаев.

Ал, шипа іздеп келген әйелдердің ең үлкені 52 жасында сәби сүйген.

Бүгін келген науқастарды гинеколог, маммолог, терапевт, психотерапевт, косметолог тегін қабылдап жатыр. Сондай-ақ, кіші жамбас органдарының УДЗ тегін жүргізілуде. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореялық профессор Ким Су Пом квант терапиясы, ине рефлекс терапиясы арқылы диагностика жасайды.

Талқылау