Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елбасы қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады

Келер жылдан бастап әскери қызметкерлердің жалақысы көтеріледі. Биыл жауынгерлерге арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске асып, алдағы 4-5 жылда пәтер кезегінде тұрған сарбаздарға жалдамалы баспана беру мәселесі шешімін таппақ. Қызметтік пәтерлерді кейіннен жекешелендіруге болады. Елбасы Отан қорғаушы күніне арналған мерекелік концертте осылай деп мәлімдеді.

e848d9b756aefb565081c0c6f02dac12_L

Сурет akorda.kz

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Нұрсұлтан Назарбаев айбынды әскерилеріміздің әлеуметтік тұрмысын мемлекет толық қамтамасыз ететіндігін айта келе, биыл десантты-шабуылдау әскерлері құрамында аэромобильді бөлімше құрылатынын жеткізді. Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды жалпыхалықтық мерекемен құттықтап, ертең еліміздің Қарулы Күштерінің құрылғанына 24 жыл толатындығын атап өтті.

Осы аралықта әскеріміз айбынды армияға айналды. Әскеріміз заманауи техникамен жабдықталды.

“Бұл мереке – тек қана ер-азаматтардың туған жердің тұтастығын қорғауы үшін ғана емес, бүкіл ұлдарымыз бен қыздарымыздың мерекесі. Барлығымыздың парызымыз – Отанды қорғау, сондықтан жалпыхалықтық мереке ретінде атап өтеміз. Мен сарбаздарымыздың Отанымыздың егемендігін, қауіпсіздігін қалтқысыз күзетіп қорғайды деп ұдайы сенемін. Ұлы даламыздың шебі бүтін, шекарасы берік болып, тыныштыққа бөлене берсін! Мереке құтты болсын!” – деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал Отан қорғаушы күніне арналған мерекелік кеште Қорғаныс министрлігінің әскери ансамблі мен эстрадалық-симфониялық оркестрдің солистері өнер көрсетті.  Сахна саңлақтары да қалыс қалмай патриоттық әндерді шырқады.  Балет қойылымдары қойылып, әскери оқу-жаттығулары түсірілім арқылы көрсетілді.

Талқылау