Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екпеден бас тартқан ата-аналардың балалары балабақшаға, мектепке қабылданбаулары мүмкін

Бұдан былай екпеден бас тартқан ата-аналардың балалары балабақшаға, мектепке қабылданбаулары мүмкін. Мұндай ұсынысты екпеден бас тартушылар саны көбейген Ақтөбе облысының мамандары жасап отыр. Қазірдің өзінде облыста туғалы екпе жасалмаған 2132 бала бар.

екпе

Олардың алды мектепке баратын жасқа жеткен. Көбіне діни көзқарасқа байланысты екпе жасатудан бас тартушылармен күресті мамандар енді заңға сәйкес жасау керек дейді,- деп жазған 31 арна.

Екпеден бас тартушылар облыста Темір, Мұғалжар, Байғанин аудандары мен қаланың өзінде көп. Көпшілігі діни ұстанымына қарай сәбилерінің денесіне ине шаншытқысы келмейді. Ал дәрігерлер ол ата- аналардың ғаламтор арқылы түрлі ақпарат алып, соған сенетінін және екпенің сапасына да күмәнданатынын айтып отыр. Жуырда ғалымдар Ақтөбенің студенттері арасында дінге көзқарасына қатысты сауалнама жүргізілген. Сонда жастардың дені діни мемлекетте тұрғысы келетіндігін айтқан.

«Олардың өздері кінәлі емес. Олардың бірінші ата-анасы кінәлі және оқып жүрген оқу орны кінәлі. Олар дұрыс бағыт, дұрыс тәрбие беріп жатқан жоқ. Егер қазақта мақал бар ғой «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны жасайсың» деген. Сондықтан жұмыс жасап жатырмыз. 2011 жыл біздің әлі есімізде біз барлығын жасау керекпіз оны қайталатпау үшін»,-дейді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бірақ қазір дүние есігін ашқалы бірде бір қауіпті жұқпалы дертке қарсы екпе алмаған сәбилер балабақшаға, мектепке барып жүр. Ал дәрігерлер мұндай балалар болашақта қоғам үшін қауіпті дегенді айтады. Ал балалардың ата- аналарымен жүргізілген кездесулер мен әңгімелесулер еш нәтиже бермей отыр. Дәрігерлер енді мемлекет тарапынан мұндай ата- аналарға нормативті құқықтық шектеулер қою керек,- дейді.

«Қоғамның проблемасы ретіңде қарап, соған қауіп төндіретін есебінде мектепке жібермеу, қабылдамау, балабақшаға қабылдамау тағы – тағы сондай шектеулер қойылмаса менің ойымша бұл проблеманы шешу мүмкін емес. Бірқатар елдерде болған мұндай жағдайлар мемлекеттік деңгейдегі осындай шешімдер қабылдау арқылы шешуге қол жеткізген»,-дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев

2014-2015 оқу жылында Ақтөбенің Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында туберкулезбен оқушылар жаппай ауырды. Сол кезде дәрігерлер себебін ауданда туберкулезден екпе алмаған балалардың көптігімен байланыстырған еді. Қазірдің өзінде бұл аудан екпе алмайтындар бойынша алдыңғы қатарда.

Талқылау