Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі жолаушының өмірін қиған жол апатына кінәлі автобус жүргізушісіне қатысты Таразда сот басталды

Тараз қалалық №2 соты шектен шыққан жылдамдықпен автобус айдаған автобус жүргізушісіне қатысты сот отырысын бастады. Бұл туралы Жамбыл облыстық прокуратурасы хабарлап отыр.

img_7337_1280_0

Еске сала кетсек, өткен жылдың 17 қазанында «Аулие-Ата-ТрансПасс» ЖШС-ға қарайтын №15 автобус тізгіншісі №16 автобуспен аялдамаға бірінші жету үшін жарысып, қарсы бетте келе жатқан басқа автобуспен соқтығысқан еді.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан біраз адам жарақат алып, 69 жастағы Қаламкүл Досниязова мен 58 жастағы ольга Ган ауруханада қайтыс болған. Оқиға полиция бөлімшесіне, жаяу жүргіншілер жолағына, бейнебақылау камерасына және жылдамдықты шектеу белгісіне жақын жерде орын алған.

Бірінші отырыста-ақ белгілі болғандай, 27 жастағы автобус жүргізушісі Саламат Сарсенов қоғамдық көлікті жүргізуші куәлігінсіз айдаған. Бұған дейін қала көшелерінде жылдамдықты тым асыра жүйткігені үшін, полиция оны көлік жүргізу құқығынан шектеген екен.

Әрі соңғы үш жылда айыпталушы, 5 рет жол қозғалыс ережесін бұзған. Дегенмен, «Аулие-Ата-ТрансПасс» әкімшілігі оны босатуды сұрапты.

Жүргізушіге ҚР ҚК 345 бабы бойынша “жол қозғалысы ережесін бұзып, бірнеше адамның өліміне себепкер болу” деп айып тағылды.

Бұл жол-көлік оқиғасынан туындаған қайғылы жағдай Таразда қоғамдық резонанс тудырды.

“Егер полиция жол ережесін қатаң бұзғандарға қатаң шара қолданбайтын болса, онда мұндай жағдайлар жалғаса береді”, – дейді қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықов.

ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда автобус жүргізушілерінің салғырттығынан 600 жол-көлік оқиғасы тіркеледі екен.

Талқылау