Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі полиция қызметкері бүтіндей бір отбасын тілсіз жаудан арашалап қалды

Екі полиция қызметкері түн ортасында жер үйде пайда болған өртті байқап қалып, көпбалалы отбасын өрттен аман алып қалған.

10746676

Бұл туралы newskaz.ru хабарлайды

Тәртіп сақшысы қызметкерлерінің оқыс оқиғаны кездейсоқ байқап алдын алып үлгергені туралы, Қостанай облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі хабарлады.

Құқық қорғау қызметкерлері Ермек Жуанышбаев пен Юрий Жакупов Қостанай-Қарабұтақ бағытындағы қала аралық жолға жауапты. Олар әрине, түнгі ауысымға түскен мезетте өрттен қорғап адамдарды аман алып қаламыз деп ойламаған. Қазіргі таңда Қостанай облыстық ішкі істер басқармасы екі қызметкерлеріне марапаттау мәртебесін әзірлеп жатыр.

«Біздер Лисаковск қаласы мен Рудный аралығын бақылап жүргенбіз. Сол аралықта кенет Набережный ауылында бірдеңенің жанып жатқанын байқап қалдық. Жалын үлкен аумақты шарпып, лаулап жанып жатты», – дейді Юрий Жакупов.

Полицейлер үйге жеткенде шөп қора мен үйдің алды жанып жатыр екен. Өрт бұл сәтте үйге де жақындап қалған еді.

«Қораны аштық да жануарларды қауіпсіз жерге қарай ығыстырдық. Сосын, әрине, үйді сөндіруге кірісіп кеттік», – деп еске алды жас тәртіп сақшысы Ермек.

Сонан соң ғана барып, түнгі 3-тер шамасында өз аулаларында жанып жатқан өрттен бейхабар жатқан отбасыны оятқан.

Көпбалалы Серікбайдың отбасы мен оның көршілері де өрттің аптығын басуға атсалысқан. Сол уақытта Юрий Жакупов та Таран ауданының өрт сөндіру бөлімімен хабарласып, кәсіби мамандар жылдам оқиға орынына келіп жеткен.

Бұл Набережный ауылында болып отырған бірінші өрт емес. Елді-мекенде жиі өрттің пайда бола бастағанынан полицейлер күдіктеніп, алдағы уақытта бұған қатысты арнайы зерттеу жүргізбек.

Кейінірек ауыл тұрғындары жол-патруль полициясының басшылығына келіп, қызметкерлері Жакупов пен Жуанышбаевқа алғыс білдірулерін сұрайды.

Ал аман қалған отбасының қожайыны Серікбай Мырзабай Қостанай облыстық ІІД басшысы Тілеген Маткеновтың атына хат жолдап, отбасысын өрттен құтқарып қалғаны үшін қос тәртіп сақшысына алғысын айтқан.

Мұндай жағдай Юрий Жакуповтың тәжірибесінде бірінші рет кездесіп отырған жоқ. Өткен қыста жол бойында қалың қардан жүре алмай қалған автобус жолаушыларын құтқаруға көмек қолын созып, қызметтес серігімен бірге тоңып қалған адамдарды қалаға жеткізген болатын.

 

Талқылау