Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі қолсыз туылған келіншек суретші әрі тігін тігу шебері атанды

“Менің қолымнан бәрі келеді”, – дейді Анар Бексұлтанова «Казинформ» тілшісіне берген сұхбатында. 37 жастағы тігінші бүгінде Тараз қаласындағы “Анара” ЖК ісін жүргізіп отыр.

1

Шындығында ол тігін тігу, құрақ пішудің, сурет салу, үй жұмысын істеу сияқты жұмыстарды еш қиындықсыз еркін атқарады. Жасаған дүниелерін көрмелерге қояды. Бүгінде өзінің жеке кәсібін ашып, бірнеше келіншекті жұмыспен қамтып отыр.Сондай-ақ, отбасында екі қызын тәрбиелеп отырған бақытты ана.
Анар Бексұлтанова өмірге қос қолсыз келген. Жастайынан барлық істі екі аяғымен істеп үйренген.
Тігіншінің өзіне сенімділігінің, тіл табысқыштығының арқасында онымен алғаш кездескенде, қол кемістігін байқамай да қаласыз.
“Мен Талас ауданында үлкен отбасында жеті баланың бесіншісі болып дүниеге келдім. Анам маған аяғы ауыр кезде ауырып, содан мен осылай екі қолсыз тудым. Ауылда орта мектептің 11 сыныбын тәмамдадым. Толыққанды керемет отбасында өсіп, тәрбиелендім. Сондықтан болар өз кемістігімнен қысылып, өзімді жайсыз сезінген кезім болған емес”, – дейді Анар Бексұлтанова.
Ол өмірінде болған бір ғана келеңсіз жайтты өкіне еске алады. Мектеп бітіріп, Тараз мемлекеттік университетіне грантқа оқуға тапсырады. Алайда, университет басшылары қол кемістігімен туылғандықтан мектепте мұғалім болуға рұқсат етілмейтінін айтады. Оқуын өте жақсы бағаға аяқтаған соң, көрме залында қызмет етеді. Қазіргі таңда ара-тұра дәріс оқуға шақырту алады. Ұлы Жеңістің 70-жылдығы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығы», “Қазақ хандығының 550 жылдығы» сынды көрмелерге презентациялар дайындаған.
Айналасындағы адамдардың түрлі жұмыстар атқарып жүргенін көріп, өзі де бір іспен айналысу керектігін ойлаған. Cөйтіп, осыдан 3 жыл бұрын тапсырыспен тігін тігу ісін қолға алады. Ара-тұра әпкесі көмектеседі. Бастапқыдай емес, қазір жұмысы да күрделі, тапсырыс та көп келеді екен.
Осылайша өз кәсібін дөңгелетіп отырған тігінші, өз ісінің шебері ешкімнен қолдау күткен емес, ешқандай жарнаманы да қажет етпейді. Керісінше, әркім дегеніне өз күшімен жету керек деп есептейді. Ең бастысы, алдыңа мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбек ету керек деп санайды.

3

5

26

Талқылау