Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мысырдағы қазақстандық студент: Қазақстанды территориясы ең үлкен мұсылман мемлекеті деп таниды

Діні мен туған жерін басты байлығы санайтын Ақниет Темурбаев Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне Мысырда оқу туралы шешімді не үшін қабылдағанын, ол жақтағы халықтың Қазақстанға деген көзқарасын, Сұлтан Бейбарыс жайлы мысырлықтардың не ойлайтынын айтып берді

Ақниет, неліктен шетелде, Мысырда оқу туралы шешім қабылдадыңыз?

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, дін саласын неге таңдағаным жайында сыр шерткенім дұрыс. Хакім, дана Абай атамыздың “Адамды сүй, Алланың хикметін сез. Не қызық бар дүниеде одан басқа?!” деген өлең шумағы өне бойымды қатты тебірентіп, онда үлкен із қалдырды. Өмірімді өзгертті десек те болады.

Осы көркем өлең шумақтарының аясында ой жүгіртіп, өз өміріме үңіліп, зер салып, жаманын теріп қарасам, ауыз толтырып айтатын бір ісім, асқан асу белесім, жеткен жеңісім жоқ екен. Кешкен күндерімнің не дініме, не дүниеме қайыры жоқ еді. Олардың өзге тұрмақ түгілі, өзіме пайдасы аздығын түсіндім. Осы дүниенің дөңгелегін дөңгелетпестен, арзан күлкі, ойын сауықпен, ауылдың жаман сасық әңгімесінен шыға алмай жүргендерім, осының барлығы есіме түсті. Оларды ой сүзбесінен теріп қарастырдым.

Барлығы көкірегімді қақ айырып, жанымды удай ашытып, жүрегімді сыздата бастады. Абай атамыздың өлең шумақтары мені қатты ойландырды. Содан қой деп, мешіттерге барып жүргенде көп хадистерді естідім. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) “Мұсылманның екі күні, кешегісі мен бүгіні бірдей болатын болса, ол адам зиянды өкініште” деген хадисі бар.

Кешегі күнім, бүгінгіге, бүгінгім ертеңгіге ұқсамаса, әрдайым рухани, материалды тұрғыда даму үстінде болсам деген ниетпен, өзімді де, өмірімді де өзгертуге кірістім, бел байладым. Өмірде үлкен өнегелі із қалдырғым келді. Аллаға қалай жазсам, өмірімді қалай ғибратты, мәнді де сәнді өткізсем болады деген оймен өзгеге өнеге болатындай өмір сүруді, ақыретте сауапқа толатындай дәрежеге жетуді алдыма мақсат еттім. Өмірден өтерде өкініш өзегімізді өртемесе, біз Алладан разы болғандай, Алла Тағалаға бізден разы болатындай халде дүниеден өтсем деген ой болды.

Мысырда  қанша қазақстандық бар? Мысыр тұрғындарының Қазақстан туралы ойлары қандай?

Мысырда шамамен үш жүз бен бес жүздің арасында қазақстандықтар бар шығар. Соның шамамен жүзге жуығы оқуда. Бірақ әрқайсысы әртүрлі салада, біреуі дін, біреуі тіл, біреуі тағы да басқасында. Енді араларында бойдақтар, жанұясымен келіп әйелі бала-шағасымен осында оқып жатқан біраз студенттер бар.

Қазақстанды көбісі таниды, елімізді тарихтан оқып білген. Қазақстандықтардың көпшілігі бір жайтты біле бермейді. Еліміз бүкіл Араб мемлекеттерінің тарихында әлемдегі мұсылман мемлекеттерінің ішінде территория жағынан ең үлкені деп таныстырылады. Онымен қоса, Мысырда біздің мақтанышымыз, бабамыз, дін жанашыры Сұлтан Бейбарысты өте қатты сыйлайды. Кейбіреулер Қазақстан десең, білмейді, бірақ Сұлтан Бейбарысты айтсақ, бірден танып шыға келеді. Тіпті кейбіреулер “ол сендердікі емес, біздікі” деп бізбен дауласып кетеді. Сұлтан Бейбарысқа тіл тигізу өте қауіпті. Сондай мақтан тұтар бабамыздың болғанына Аллаға шүкір.

Шетелде тұрғанға бірден үйреніп кеттіңіз бе әлде кішкене қиындықтар болды ма? Білім беру жүйесі Қазақстандікінен несімен ерекшеленеді?

Жалпы Мысырға үйрену өз басыма қиынға соқпады. Себебі, Нұр-Мүбәрактан ілім, білім негіздерін алып келген едім. Сондықтан еш қиындық тумады. Артымнан еріп келушілер Нұр-Мүбәракты, еліміздің қара шаңырағын бітіріп сол жерде жақсылап негіз қалап, содан кейін ғана келсе деген өсиетім бар.

Мысырдың халқы өте қарапайым. Жастайынан тұла бойларына дінді сіңіріп өскен. Кішкене қалжыңға, кешірімге бейім, әлдеқайда мейірімді. Шетелден келген қонақтарға қонақжай. Барынша көмектескісіп, хадистерге амал еткісі келеді. Дүкендегі кісіден бір көшені сұрасаңыз, сыртқа шығып, “былай жүресің” деп қолымен ишарат етіп, көрсетіп жатады. Халқы адамгершілікке келгенде әлдеқайда жоғарғы бағада.

Оқу аяқталған соң сол елде қалуды жоспарлайсыз ба?

Жоқ, әлбетте жоқ. ИншаАлла оқуды аяқтай салысымен еліме барып қызмет етемін. Жалпы әркімге өз отаны ыстық қой. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) “Отанды сүю иманнан” деген. Сондықтан отанды сүю әркімге парыз. Өз басым денемнің әрбір мүшесі дінім мен еліме қызмет етсе, соның кәдесіне жараса, соның жолында құрбан болып жатса, бақыттымын. Дінім мен отаным— менің ең басты байлығым.

Ал білім жүйесіне келетін болсақ, Қазақстандыкінен біраз ерекшеліктері бар. Мысалы, Қазақстанда мектептер үш ай демалса, бұл жерде демалыстар алты айға дейін созылып жатады. Әл-Азхар университетін айтсақ, оған түсу жолдары біраз қиын.

Өте қиын деп айта алмаймын, бірақ оңай емес. Оқыған адамдарға қиындық тумас. Бірқатар емтихандар тапсыру керек. Нұр-Мүбаракты жақсылап бітіріп, негіздерін тұла бойына бекітіп келген бауырларымыз бұл оқу орындарында еш қиналмайды деп сеніммен айта аламын. Ал магистратурасына келсек, Қазақстанда Әл-Азхар магистратурасын бітіріп келген бірде бір адамды естімеген шығармыз. ТМД бойынша Әл-Азхардың магистратурасын бітіріп келгендер санаулы ғана. Докторантурасы жайлы сөз жүгіртпесек те болар.

Мысырда оқыған азаматтар елімізге қайтып келген соң қандай мамандықтар бойынша жұмыс істей алады?

Жалпы бұл жақта оқып жүрген адамдар елге қайтатын болса, әркім өз мамандығына сай жұмыс істейді. Әсіресе, олардың ішінде дін мамандығын оқығандар елге барып, түрлі қызметтерді атқара алады. Универсал деп айтсақ та болады. Дінді бітіріп келіп жатқандар елімізде үлкен сұранысқа ие. Олар діни басқармада, кез келген мешітте, медреселерде ұстаздың, имамның қызметін атқара алады. Кез келген мекемеде аудармашы, араб тілінің маманы болып сабақ бере алады.

Сондай-ақ оқуын жалғастырып, магистратурасын бітірсе, еліміздегі Нұр-Мүбарак, Еуразиялық, ҚазҰУ сынды оқу орындарында теология факультеті болса, ол жерде емін-еркін теолог болып сабақ беруге мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, елде жат ағымдармен белсенді күресе алады, қандай да бір жат ағымның қайтуына қанағаттандырарлық тұрғыда көркем жауап бере алады.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау