Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Досқалиев мәйіттік донорға қатысты заңды білмейтіндердің өзін айыптады

Танымал хирург әріптестерінің әрекетін құптап отыр. Өйткені мәйіттің кез-келген мүшесін ешкімге ескертпестен алуға, кезінде өзі әзірлеген заңмен 8 жыл бұрын рұқсат беріліп қойыпты, – деп хабарлайды КТК арнасы.

doskaliev

Досқалиевтің жұртты донор болуға үгіттеп жүргеніне көп болды. Бірақ елімізде өзі бастаған игі істің арты шу боларын күтпеген. Әсіресе туған жеріне биыл демалуға емес, донор дауын шешуге келемін деп ойламапты. “Иманды болсын  қайтыс болған жігіт. Бірақ о дүниеге кеткенімен бірнеше адамның өмірін жалғастырып кетті. Мен ойлаймын орны жұмақта болады”, – дейді Республикалық трансплантация үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиев.

Тек мұнымен марқұм Серікболсын Көшербайдың туыстары келіспей отыр. Дәрігерлер қылығына ашулы қаралы отбасы мұндай заңды әзірлеген адаммен кездесуге әкімдікке өздері жетті. “Неге  туысқандарына ескертпейді? Жарайды алыңыз, заң да бәрі де сіз жақта екен. Бір ауыз ескертуге болар еді ғой”, – дейді марқұм Көшербайдың ағасы Есенжан Сами.

Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, мәйіттің туыстарын ескертпестен ағзасын алуға рұқсат беретін заң осыдан 8 жыл бұрын қабылданған. Тек осы уақытқа дейін халыққа жөнді түсіндірілмепті. Сондай-ақ донор болған марқұмның отбасына психологиялық қолдау көрсету жайы қарастырылмағанын Досқалиев мойындап отыр. Дегенмен, экс-министр мәйіттік донорға қатысты заңды қайта талқылауға қарсы. Керек адам өзі оқып алсын деп қысқа қайырды.

“Ол заңды мен білмеймін деу оңай. Ол адамның өзіне байланысты. Қоғам болғаннан кейін, трансплантация болып жатқаннан кейін әр адам өзі қарап, оқып, не істеймін деп талпыну керек”, – дейді Жақсылық Досқалиев.

Енді өлгеннен соң о дүниеге он екі мүшем сау кетсін дейтіндер өзі қаралатын емханасына өтініш жазуы керек. Донор болудан бас тартқан арызын учаскелік дәрігеріне табыс етеді. Ал мамандар туыстарының рұқсатынсыз алған марқұм Серікболсын Көшербайдың қос бүйрегін екі әйелге салып берген. Олардың кім екені белгісіз. Бірақ дәрігерлер жағдайлары жақсы деп отыр.

Талқылау