Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дос Көшім: Көптеген елдер жерді тегін берді және одан ұтылған жоқ

Жалпы Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші және осы екінші отырысы да көңілімнен шықты. Өйткені, жұрттың бәріне өз пікірлерін, ұсыныстарын айтуға толық мүмкіндік берілген деп есептейді Комиссия құрамындағы ұйымдастырушылық тобының жетекшісі Дос Көшім.

дос-көшім

Бұл туралы Bnews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

«Бүгінгі отырыста жерді өзіміздің азаматтарға және жалпы сату керек пе деген мәселе қозғалды. Отырыс менің көңілімнен шықты. Себебі көп адамдар өзінің ойларын ашық айтты. Пікірталас та болды. Сондықтан отырыс демократиялық тұрғыдан алып қарағанда жақсы өтті. Менің ойымша, бүгін бұл мәселенің тек басы ашылды. Одан кейін біз осы айтылған пікірлердің бәрін жинақтаймыз», – деді Көшім.

Бүгінгі отырыста жерді тегін беру ұсыныстары да айтылды. Осыған байланысты қоғам қайраткері өз ойын білдірді. Оның айтуынша, көптеген елдер жерді тегін береді және одан ұтылған жоқ.

«Бірақ, кейбіреулер тегін берген шабындық немесе жайылым жерді алып, оны басқаларға жалға беріп, ақша алып тұруы да мүмкін. Дегенмен, егер азамат жерді жақсы өңдеп жатса, адамдардың белгілі бір шектелген гектар жерді тегін алуына мен қарсы емеспін. Бірақ сол жерді алғаннан кейін қайталап саудаға салған адамнан сол жерді қайтарып алатындай механизм керек», – деді Дос Көшім.

Бүгінгі отырыста Дос Көшім комиссия мүшелерінен құрылған 4 жұмыс тобының біріне жетекшілік етті. Саясаткер бастапқыда топтың негізгі мақсат-мүддесін анықтау керек, содан кейін жоспар жасаймыз дейді.

«Топтың ішінде ең қызығы, жерді сатуға да, жалға беруге де қарсы адамдар, барлығымыз жиналғанбыз. Топтың ішінде белгілі ағаларымыз, ақын-жазушыларымыз бар. Біз осы комиссия жұмысының жариялылығын қамтамасыз етуге тырысамыз. Және де бүкіл халықтың осы мәселені талқылауына кепілдік беретіндей етіп механизм жасауымыз керек. Әрбір облыста дәл осыған ұқсас жер реформасына байланысты комиссиялар құрылу керек. Осыған байланысты жұмыстың барлығын біз жүзеге асыруға тырысуымыз қажет. Жерге байланысты сан түрлі пікірлер бар ғой. Біздің топ солардың бәрін комиссияның құлағына жететіндей механизм жасайды. Сондықтан, біздің тобымыздың жұмысы күрделі», – деді Көшім.

Саясаткер құрылған топтардың жетекшілеріне қатысты ойымен де бөлісті. Оның айтуынша, Мұхтар Тайжан жер мәселесіне қатысты биліктің бағытына басқа көзқарасы бар адам.

«Сондықтан 4 комиссияның екеуінде Мұхтар Тайжан мен менің болғаным бұл да комиссия жұмысының демократиялық шешімінің көрінісі. Бақытжан Сағынтаевтың осы жұмысты ашық жүргізіп отырғандығының дәлелі», – деп ойын қорытындылады Көшім.

Естеріңізге сала кетсек, бүгінгі отырыста комиссия мүшелерi жұмыс топтарының жетекшiлерiн ұсынып, дауыс беру арқылы сайлады. Экономикалық бағыттағы жұмыс тобының төрағасы болып бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, ғалым Ақылбек Күрiшбаев сайланды. Құқықтық жұмыс тобына белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан жетекшiлiк етеді. Ал ақпараттық түсiндiру тобын Мұрат Әбенов, ұйымдастырушылық мақсаттағы жұмыс тобын Дос Көшiм басқарады.

Талқылау